Ұлағат ұясы
Ұлағат ұясы
657
оқылды
Тілеповтер отбасы Арал халқына ұлағатты ұстаздар шыққан берекелі әулет ретінде жақсы таныс. Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиесіне арнаған ұстаздар отбасына көпшіліктің құрметі шексіз. Отбасының тірегі, бар ғұмырын ұстаз­дық еңбекке арнаған Мұханбетжан Тілепов ағамыздың өмір жолы өзгеше өр­некке толы. Оның бала кезінен білім­ге, еңбекке деген ынта-жігері бүгінде ұлық мамандықтың ұшар шыңынан шығарып, еселі еңбегінің зейнетіне бө­леп отыр. Ол 1947 жылы Арал ауданына қарас­ты Құланды ауыл советінде дүниеге кел­ген. Марқұм әкесі жұмыс бабымен Қаза­лы ауданындағы Энгельс колхозына қо­ныс аударып, 1957 жылы сол жердегі жеті жылдық мектепте алғаш білім нәрі­мен сусындаған. Ауылдық мектепте төрт жыл білім алған соң Арал қаласына қайта көшіп келіп, аудан орталығындағы №86 орта мектебінде оқуын жалғастырады. Мектеп қабырғасынан түлеп ұшқасын 1967 жылы Павлодар индустриалды институтына оқуға түсіп, артынша Шым­­кент қаласындағы педагогикалық ин­ститутында тарих мамандығы бойын­ша білімін жетілдіреді. Өмір талабына сәйкес алдымен Моңғолияда, артынша Семейде әскери бөлімшеде азаматтық борышын да өтеген. Ең алғаш еңбек жолын комсомолдың жолдамасымен Арал ауданына қарасты Қасқақұлан елді мекеніндегі он жылдық мектепте әскери жетекші болып баста­ған. Одан кейін Арал қаласындағы №99 мектепте, артынша 1986 жылы жаңадан ашылған №62 орта мектепте тарих пәні бойынша ұстаздық еңбек жолын жалғас­тырады. Білім шамшырағын жаққан білікті ұстаз қарымы мен қабілетінің арқасында 1990 жылы аталмыш мектептің оқу ісі жө­ніндегі орынбасары лауазымына дейін көтеріліп, осы білім ошағынан құрметті еңбек демалысына шыққан. Ұстаздар әулетінің отанасы Набат Құрманбаева көп жыл бастауыш мектеп­те тәлім берген. Алдымен Қызылорда қаласында Мәншүк Мәметова атындағы училищені тәмамдап, содан кейін Шымкенттегі Әуезов атындағы педа­гогикалық институтында білімін шың­даған. Шаңырақ көтерген қос ұстаз от­басын­да төрт ұл тәрбиелеп өсірді. Отбасында әке жолын қуып, ұстаздық мамандығын таңдаған ұл-келіндері де бүгінде өздері еңбек еткен білім ұясында білімді шәкірт тәрбиелеп отырған ұлағатты ұстаздар.
«Білім саласы қызығынан қиындығы басым сала екені белгілі. Соған қарамас­тан ұлдарымыз бен келіндеріміз ұстаздық жолды таңдап, абыройлы еңбек етіп жүр. Үлкен ұлым Дәулет педагогика маман­дығын игерген. Бүгінде басқа салада еңбек етіп келеді. Екінші ұлым Ғалым Ақтөбе қаласындағы педагогикалық ин­ститутында білімін шыңдап, технология мамандығын меңгерді. Бүгінде аталмыш мектеп-лицейде өз мамандығы бойынша оқушыларды білім нәрімен сусындатып жүр. Ал қалған екі ұлым мұғалімдік жолды таңдамаса да, өздері қалаған саласында жемісті еңбек етіп келеді», – деді бізбен әңгімесінде ұлағатты ұстаз, ардақты әке Мұханбетжан Тілепов.
«Келін ененің топырағынан жарала­ды» деп әсте бекерге айтпаса керек. Тілеповтер отбасының келіндері де педагогика саласын таңдап, мектепте ұстаздық еңбек етіп келеді. Атап айтсақ, үлкен келіні Айымкүл Әбілтаева Ж.Әбдірашов атындағы білім ұясында бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етсе, екінші келіні Нұргүл Құрмашова оқу­шы­ларға информатика пәнінен са­бақ береді. Ал үшінші келіні де мұғалім мамандығын тәмамдағанымен, газдан­дыру мекемесінде табысты еңбек етіп жүр. Төрт балаға тәлімді тәрбие беріп, құтты ұяларына қондырған Мұханбетжан аға мен Набат апаның білім саласында қол жеткізген жетістіктері ұшан-теңіз. Көпжылдық еселі еңбегі еленіп, Білім министрінің, облыстық аудандық білім бөлімінің алғысхаттарымен марапат­талған. Ұстаздар ұстаханасына айналған ша­ңырақтан береке мен бірліктің, татымды тірліктің ұшқыны себелейді. Бар ғұмы­рын өскелең ұрпақ тәрбиесіне арнаған ұстаздар отбасынан осыны аңғардық.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЕВ, Қызылорда облысы