Қаңтар оқиғалары түбегейлі жаңғыруына түрткі болған саланың бірі – спорт. Қазақстанның қомақты ұлттық құрамасы қатарынан үш олимпиадада жеңістің ең биік тұғырына шыға алмай, Президент желбірете табыстаған көк байрақты жығып қайтты. Бұл «көк Тудың желбірегені – жаныма қуат береді» деп ұлттық рух пен намысты басты орынға қойған барша азаматтың еңсесін езді, жігерін құм қылды. Президент тапсырмасымен жүргізілген ауқымды тексеріс біраз былықтың бетін ашты. Спортқа бағытталған миллиардтар жеке құрылымдардың қалтасына түсіп келген. Енді мемлекет саланы реформаламақ. Заң жобалары да дайын. Жығылған спорт ақшаға тоймайды
Қазақстан соңғы рет тек 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейросында өткен жазғы Олимпиадада 3 алтын медаль алды (жалпы есепте 22 орын). 2018 жылы Кореяның Пхёнчханындағы қысқы Олимпиадада жалғыз қола медальді місе тұтып, 28-ші тұғырға түсті. 2021 жылғы 23 шілде – 8 тамыз аралығында өткен Токиодағы жазғы Ойындарда да алтын ала алмады: 8 қола жүлдемен 83-ші орынға бір-ақ сырғыды. Жалпы, қазақстандық спортшылар 1996 жылдан бері жазғы Олимпиадада кем дегенде 1 алтын медаль еншілейтін еді. Спорт саласының ахуалы күрт нашарлағанын, онда жүргізілген соңғы жаңғырулардың игілікке емес, жамандыққа бастағанын сала сарапшылары ашық айтып, дабыл қаға бастады. Бірақ оны еститін құлақ жоқ-тын.
Ақыры 2022 жылғы 4-20 ақпанда Бейжіңде ұйымдастырылған қысқы Олимпиададан Қазақстанның ұлттық құрамасы салы суға кетіп, қоржыны мүлдем бос қайтты. Спорт федерациялары қателіктен сабақ алу орнына, арсыздық танытып, мемлекеттен қосымша қаржы сұрады.
Былтыр Токиодағы төмен нәтижеге түсініктеме берген Мәдениет және спорт министрлігі салаға өзі жауапты болғанымен, шынында оның тізгіні өз уысында еместігін мойындап, қысыла қол жаюмен шектелді.
Сонда спортты шын мәнінде кім басқарды? 2018 жылы республикада спортты қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілді: спортқа, спортшыларды даярлауға, оларды жарыстарға жолдауға бағытталатын миллиардтаған бюджеттік қаржыларды игеру функциясы толығымен Ұлттық олимпиадалық комитетке (ҰОК) және спорттық федерацияларға табысталды. ҰОК президенті болып 2015 жылы белгілі бизнесмен Тимур Құлыбаев сайланған. Тиісінше, спорт министрлігінің спорт комитетіне тек ҰОК-қа «тапсырыс беруші» рөлі ғана қалды.
Спортқа бөлінген бар қаржы қолына тиісімен, ҰОК «спорттың барлық олимпиялық түрлері әділетті қаржыландырылатынын», «ғылым мен спорт қатар дамытылатынын», «спорттағы коррупцияның тамырына балта шабылатынын» және «спортшыларға барлық жағдай жасалатынын» мәлімдеді. Алайда жаңа жүйе ендірілгелі Қазақстанның халықаралық сайыстарда көрсеткен нәтижелері күрт құлдырады. Оны олимпиадалардың қорытындылары паш етті.
Делдалдан арылып, дамуға ден қоймақ
Бұған дейін Қытай, Жапония, Оңтүстік Кореямен бірге өз құрлығының бір лидері саналған Қазақстан 2018 жылғы тамызда Индонезияның Джакартасында өткен жазғы Азия ойындарында барлық басты қарсыласын алға оздырып, 9-шы орынға құлады. Сөйтіп, кезінде Азиаданы өзінде өткізіп, бұл сайыстарда алдына көп қара салмай келген қазақ елі төл континентіндегі үздік бестікке де кіре алмады.
Джакарта мен Токиодағы сәтсіздіктен кейін отандық және шетелдік спорт эксперттері спортшыларды даярлаудың қазақстандық жүйесі түпкілікті жаңаруды талап ететінін, ал бюджеттік миллиардтар нысаналы мақсатына жұмсалмай, талан-тараж етіліп жатқанын мәлімдеп жатты. Сарапшылар спортта ұрпақтар сабақтастығы үзілгенін, жеңімпаздарды ауыстыра алатын жас дарындарға жол толыққанды ашылмағанын, балалар спортының ауыр ахуалы сын көтермейтінін, бұқараға спортпен шұғылдануға мүмкіндік жасалмағанын жиі ауызға алды.
Сарапшылардың байламымен келіскенімен, тіпті заңнамаға косметикалық өзгерістер енгізгенімен, спорт комитеті тегеурінді ықпал ете алмайтын пұшайман күйде қалды. Ақпарат құралдары 2022 жылғы 1 сәуірден бастап, министрліктің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Ұлттық олимпиадалық комитетпен арадағы келісімін бұзғанын жариялады. Осылайша, мемлекет спортқа бөлінетін мемқаржыға мембақылауды қайта қалпына келтірді. Комитеттің хатында бұл қадам ел Президентінің тапсырмасына сәйкес жасалып отырғаны айтылыпты.
Артынша ҰОК спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов ақпарат құралдарына келісімшарттың шынымен спорт комитетінің ұсынысы бойынша бұзылғанын растады.
А тұрғанда, неге В мен С-ға үйір?
Мәдениет және спорт министрлігі салада жүйелі, кешенді шаралар қабылдауға күш салып жатыр. Меморган саланы жан-жақты реформалауға бағытталған заң жобаларының топтамасын әзірледі. Токиода ұлттық команданың сәтсіз өнер көрсетуіне байланысты 2021 жылғы Олимпиадаға дайындыққа бөлінген қаражатты пайдалану тиімділігіне мемлекеттік аудит жүргізілді. Қорытындысында ел Үкіметіне спорттың басым түрлерінің республикалық және өңірлік тізбелерін сақтамағаны үшін жергілікті атқарушы органдарды жазалау ұсынылды.
Бұл салада да былық көп. Дене шынықтыру және спорт туралы заңда «саралау негізінде спорт түрлерін басымдықты қаржыландыру» ұғымы енгізілген. Қағида қарапайым: қандай спорт түрлері бойынша қазақстандықтар халықаралық спорт жарыстарында жақсы нәтиже, жетістіктер көрсетсе, медаль әкелсе, кадрлық әлеуеті, материалдық-техникалық базасы мықты болса, олар бірінші кезекте қаржыландырылатын А тобына жатқызылады. Осы қатарға сондай-ақ ұлттық және бұқаралық спорт та кіреді.
Екінші В және С топтары басымдықты емес, сондықтан олар мембюджеттен мейлінше аз қаржыландырылуы тиіс. Мүлдем бюджеттен қаржыландырылмауы тиіс спорттар да бар. Дегенмен, ондаған жылдар бойы бұл талап сақталмай келді. Мәселен, Астана, Алматы, облыс әкімдіктері халықаралық сайыстарда ТМД көлемінен ары аса алмайтын хоккей, баскетболды басымдықты қаржыландырды. Футбол клубтарына бәрінен көп қаржы шығындалды.
Жалпы алғанда, А, В, С спорт түрлеріне 2018 жылы – 55,2 млрд, 2019 жылы – 64,7 млрд, 2020 жылы – 59,4 млрд, 2021 жылы – 179,3 млрд теңге шығындалыпты. Соның ішінде А тобына 2018 жылы – 30,4 млрд, 2019 жылы – 36,7 млрд, 2020 жылы – 30,7 млрд, 2021 жылы – 97,7 млрд теңге бөлінді. В тобына жылдар бойынша тиісінше, 22,3; 25; 19; 66,2 млрд, С тобына – 2,5; 3; 10; 15,4 млрд теңге шығындалған.
«Жекелеген жағдайларда В тобына жататын спорт түрлеріне – жүзуге, баскетболға және басқасына жұмсалатын шығыстар А тобының спорт түрлеріне – боксқа, еркін күреске, дзюдоға, ауыр атлетикаға жұмсалатын шығыстардан асып түскен. Яғни, басымдықты сақтамай қаржыландыру фактілеріне жол берілді. 2018-2022 жылдары спортты дамытуға мембюджет пен ұлттық компаниялардың қаражатынан жалпы саны 645,9 миллиард теңге сома бағытталған. Соның тек 179,3 млрд теңгесі немесе бар болғаны 28%-ы ғана басымдықты сақтай отырып бөлінді», – деп түсіндірді Мәдениет және спорт министрлігі.
Осыған орай министрлік Әкімшілік кодексінде «спорт түрлерін саралау-ранжирлеу қағидаларын және спорттың басым түрлерінің республикалық тізбесін сақтамағаны үшін» жергілікті атқарушы органдарға жаза енгізбек. Жаңа заң жобалары беделді тұлғалардың басшылығымен қаптап құрылған спорт федерацияларын да тәртіпке келтіруді қарастырады. Ол қабылданса, аккредиттелген әрбір федерация мен кәсіптік спорт клубтары өзіне мемлекеттік бюджеттен, квазимемлекеттік сектордан, тіпті демеушілерден түскен қаржының қайда жұмсалғаны туралы спорт комитетіне есеп ұсынуға міндеттеледі.
Сарапшылар спорттағы мемқаржыны бақылау толығымен мемлекетке оралғанда, салада бірден серпіліс жасалады дегенге сенбейді. Нашар көрсеткіштер – жылдар бойы шешілмей, қордаланған проблемалардың салдары. Спорт медицинасы да артта қалды. Жағдайды ҰОК-тың Алматы облысында, Нұр-Сұлтан, Түркістанда заманауи жабдықтармен жарақталған спорт медицинасы орталықтарын ашуы да жақсарта алмады. Қазір Қазақстанда Олимпиада чемпионы атануы мүмкін спортшы қалмаған деген пікір айтылады. Жеңіс тұғырын жалындай, жауындай шабуылдайтын жас сайыпқырандарды жаңадан іздеу, тәрбиелеу, бабына келтіру қажет болады. Ал бұған көп уақыт керек секілді...