Ақмола облысында кірпіш зауыты іске қосылды
Ақмола облысында кірпіш зауыты іске қосылды
Елімізде кірпіш өндіретін жаңа «SG BRICK» зауыты ашылды. Ашылу салтанатына ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр, қала әкімі Алтай Көлгінов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ Аршалы ауданының әкімі Мұрат Балпан қатысты. кірпіш Мұндай ірі өндірістің ашылуы аймақтың ғана емес, тұтастай бір елдің экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады. Бүгінде «SG BRICK» жылына 120 млн данадай кірпіш шығаратын  – Азия елдерінің ішіндегі жалғыз зауыт. Ең қызығы – өндіріс үшін зауыт жылу тасымалдағыш ретінде табиғи газ пайдаланады. Оның жылдық қажеттілігі – 18 млн текше метр. кірпіш Қала әкімі Алтай Көлгіновтің айтуынша, елордадағы сапалы тұрғын үй салуға барлық құрылыс индустриясы жұмылдырылған. – Осының бәрі жеңілдетілген қолжетімді баспана құрылысының тоқтамай, қарқынды дамуының бірден бір жолы. Сонымен қатар, құрылыстың сапасына нұқсан келтірместен, мерзімінен бұрын өткізуге мүмкіндік береді. Өйткені осы кірпіш зауыты қаладағы құрылысқа қажетті материалдардың белгілі бір көлемін қамтамасыз етеді. Біріншіден, отандық өнімді жолға қойса, екіншіден, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әлеуметтік тұрғын үй құрылысының көлемі ұлғайта түспек. Сонда әуелдегі мақсат – құрылыс көлемін сақтап қаламыз, – деді Алтай Көлгінов. кірпіш Кәсіпорынның бастамашысы әрі құрылтайшысы – «Gpark» ЖШС құрылыс компаниялары тобының бас директоры Ғабит Сатмағамбетов. Оның айтуынша, алдағы уақытта зауыт импортты алмастыру процесіне белсенді түрде ықпал етпек. Бұған дейін компания Өзбекстан, Украина және Ресейден құрылыс материалдарын жеткізушілермен жұмыс істеген. – Зауыттың іске қосылуы осы шешімнің дұрыс болғанына тағы бір дәлел. Бүгінгі күннің сұранысы – құрылысқа қажетті материалдарды өзіміз өндіру. Сол себепті импорттан біртіндеп бас тартып, жекеменшік зауыт салу – оң шешім. Өйткені кірпіш зауыты ең алдымен біздің компанияның, яғни  құрылыстағы қажеттілікті өтейді. Сапалы әлі арзан құрылыс материалына деген сұраныс өте жоғары. Мұндай өнімдерді өзіміз өндірмесек, әр шаршы метрдің құны шарықтай береді, – деді «Gpark» басшысы Ғабит Сатмағамбетов. кірпіш Ашылу салтанатына келген делегация мүшелері зауытта орнатылған испандық «Beralmar» жабдығының мүмкіндігін көріп, керамикалық кірпіштің толық жасалу процесін бақылай алды. Сондай-ақ «Gpark» ЖШС кірпішті бояу өндірісін жолға қоюды жоспарлап отыр. Әзірге зертханалық жағдайда бояудың бірнеше түрі қолданылып, ыстыққа төзімді әрі су өткізбейтін 27 үлгісі анықталды. Алдағы уақытта осы өнімді қасбеттік кірпішке балама ретінде қолдану да мүмкін. Оған кем дегенде 300-ге жуық жұмыс күші керек болады. Ал бұл дегеніміз – болашақ жұмыс орны. Сонымен қатар, «Gpark» жаздың соңына дейін темірбетон бұйымдарын шығаратын тағы бір заманауи зауытын іске қосуды жоспарлап отыр. Іске сәт дейміз!