Алматылықтарды алаңдатқан мәселе
Алматылықтарды алаңдатқан мәселе
5,640
оқылды
Ауыл шаруашылығы мақ­сатындағы пайда­ла­ныл­маған және заңсыз бө­лінген жерлерді мемлекет меншігіне қайтару бойынша «AMANAT» партиясының «Жер аманаты» ко­мис­сиясы мүшелері жер мәселесіне қатысты дау-дамай туын­даған Ал­матыдағы бірқатар шағынауданның тұрғында­рымен кездесті. Айта кету керек, партиялық ко­миссияның көмегімен Бутаковка ауданындағы 5 гектар жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Онда жойылуға шақ қалған алма бағы бар. Алайда аманаттықтар биыл күзде жергілікті тұрғындармен бірге сенбілік өткізіп, алма ағашының жаңа көшеттерін отырғызуға дайын екендігін жеткізді.
«Көптеген қалада, соның ішінде Алматыда, әсіресе таулы шағын аудандарда ретсіз, жүйесіз құрылыстарға қатысты түйткілді мәселелер бар. Бутаковкадағы мәселе оң ше­шімін тауып келеді. Партияның көмегімен біз туып-өскен жерінің тағдырына бейжай қарамайтын қарапайым тұрғындардың мәселелерін шешеміз. Бұл – атқарып жат­қан жұмысымыздың аса маңызды аспектісі», – деді Ауыл шаруашы­лығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитетінің төрағасы Мұрат Теміржанов.
«Горный гигант» шағынауданының тұрғындары да осындай мәселелерге тап болған. Коттедж қалашығын тұрғызу үшін жаңа қожайындары 9 гектар жердегі ағаштарды отап тастағылары келеді. Қазір мұн­да алма бағы орналасқан.
«1989 жылы әкем, келісімшартта көрсетілгендей, бұл жерді кейін мұраға қалдыру құқығымен 49 жыл­ға жалға алды. Мұнда бүкіл отбасымызбен бірге алма өсірумен айналысамыз. 1998 жылы Талғар ауда­ны­на тиесілі жерлерді Алматы облы­сынан Алматы қаласына беру туралы жарлық шықты. Осылайша, біз­дің бақшамыз қала аумағында қа­лып қойды. Белгісіз себептермен жер учас­кесінің иесі өзгерді. Яғни, бізді бақшамызбен, құры­лыс нысандарымызбен бірге сатып жібер­ді. Сол уақыттан бері әділдікке қол жет­кізуге тырысып келеміз», – деді жер­­гілікті тұрғын Шаяхмет Хамраев.
Осы учаскені берудің барлық мән-жайын анықтау жұмысы «Жер аманаты» комиссиясының шеші­мімен қалалық жер ресурс­тарын басқару департаментіне жүктеледі.
«Бір ай бұрын Шаяхмет ма­ған кеңес алуға келді. Оның ма­те­риалдарын зерттедім. Бұл сирек алма ағаштары сақталған жалғыз бақ деп айта аламын. Қазір мұнда Хамраевтар отбасы мен «Ермесай» ЖШС учаскесі бар. Хамраевтар бұл учас­кені Талғар ауданы тұсында алды. Әкімнің қаулысы да, куәлігі де бар», – деп атап өтті комиссия мүшесі, заңгер Бақытжан Базарбек.
Осы күні партиялықтар бұ­рын Каменское плато ауылы орналасқан Медеу ауданы тұр­ғындарының ша­ғымдарын тың­дады. 2014 жылы бұл жер қала аумағына қосылды. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қа­лаға қосылғалы бері проблемалар басталған.
«Ақ қайың» шипажайынан жо­ғары барлық беткей ұсақ учаскелерге бөлінген. Бір кездері мұның бәрі шаруа қожалы­ғының аумағы болған еді. Сосын қандай да бір «ғажайып» жағ­даймен бұл жердің барлығы жекемен­шікке өтті. Ең қорқы­ныш­тысы – қазір салынып жат­қан құрылыс ны­сандары кез келген уақытта құ­лап кетуі мүмкін. Беткейлерді ны­ғайту үшін арнайы бақтар отырғызылды. Осылайша, ауыл шаруашы­лы­ғын жолға қойып, қаланың сим­волы – апорт өсірдік. Кез келген уақытта осы коттедждердің үйін­ді­лері астында қаламыз ба деген қорқы­нышта өмір сүріп жатырмыз», – дейді жергілікті тұр­ғын Василиса Қуанышева.
Комиссия мүшелері тұрғындарды жағдайды жөнге келтіру үшін барлық шара қабылданатынына сендірді.
«Осы жер учаскелерінің қалайша жекеменшікке өтіп кеткенін анықтау қажет. Оның үстіне, бұл учаскелер Іле-Алатау Ұлттық паркімен шектеседі. Алайда парк аумағына 2 шақырым қашықтықта ешқандай құрылыс нысандарын тұрғызуға тыйым салынғаны белгілі. Нақ­ты шара қабылданады. Жергілікті тұрғындардың өміріне қауіп төндіретін заңсыз, ретсіз құрылыс жұмыстары тоқтатылуы тиіс», – деді комиссия төрағасы, партия хатшысы Дәулет Кәрібек.
Сонымен қатар аманаттық­тар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті аумағында белсенділермен және қоғам қайраткерлерімен кездесті. Заңсыз берілген 1,09 гектар жер сот шешімімен уни­верситет меншігіне қайтарылады. Бұған қоса, осы мәселе «Жер аманаты» комиссиясының бақылауына алынады.
«2017 жылы Есеп комитеті әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ие­лігіндегі 1 гектар жер учаскесі жетіспеушілігін анықтады. Бұл жер 2017 жы­лы әкімдіктің қаулысымен иелік­­тен шығарылған. Осы заңсыздық анықталды. Ұйғарым бар, мер­зімі аяқталды, сондықтан қайтадан сотқа береміз», – деді Бақытжан Базарбек.
Естеріңізге сала кетсек, жер мәселесін жедел шешу үшін қазақстандықтар енді барлық заң бұзу фактілері туралы «AMANAT» партиясы­ның «Жедел желісіне» 8 800 080 44 41 телефон нөмірі арқылы хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +77008004441 нөмірі бойынша қабылданады.