Көлік тасымалының көрігі қызбақ
Көлік тасымалының көрігі қызбақ
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
962
оқылды
Қазақстан көлік және транзит мәселесінде тәуелсіздігін қарқынды нығайтып жатыр. Мемлекет басшысы өткізген көлік-транзит әлеуетін дамыту жөнінде кеңестен сарапшылар осындай ой түйді. Үкіметке коммуникациялар мен жүк жеткізудің балама бағыттарын пысықтау, сондай-ақ тасымалдауды әртараптандыру жүктелді. Бұл шаралар табысты іске асса, мемлекетіміз жаһандық геосаяси дауылдан және алпауыттар арасындағы санкциялық тайталастан зардап шекпейді, тіпті ұтады әрі мықты бола түседі. Қазақ мұнайының экспорты дағдармайды Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, көлік-логистикалық сала дәстүрлі түрде елдердің, аймақтардың, континенттердің арасын байланыстырады, адамзаттың өзара ықпалдастығын жандандырады. Алайда халықаралық жанжалдар бұған тосқауыл болып, бұрыннан қалыптасқан көлік-логистикалық тізбектердің үзілуіне әкеліп соқтыруда. Сондықтан Қазақстан заманына қарай амалын жасап, уақытша жабылып жатқан бағыттардың қашан ашылатынын босқа күтіп, уақыт жоғалтпай, жаңа маршруттарды дамытады. Экономист Марат Ерғозин еліміз мұндай қиындыққа бірінші рет ұшырасып отырмағанын айтады: « Осыған ұқсас жағ­дай 90-жылдары болған. Сонда халықаралық құбырлар қара алтын айдауды доғарып, мұнайымызды теміржол цистерналарымен тасуға тура келген. Қазір жағдай басқа. Өткен 30 жылда тасымал бағыттары біршама диверсификацияланды. Қазір әңгіме сол баламалы бағыттардың өткізу қабілетін арттыруда болып отыр. Әсіресе, Ақтау, Құрық порттарымен жүк жөнелту көлемін ұлғайтуға болады. Ол үшін отандық танкерлер керек. Бұл қазір өте табысты кәсіпке айналды. Өйткені фрахт құны, жүкті тасу ақысы 10 жылдық максимумге дейін қымбаттады», – деді сарапшы. Негізі, қазақ мұнайы Ресей жерімен, құбырмен айдалғанымен, Новороссийск портында бәрібір танкерге тиеліп, экспортқа су көлігімен жіберіледі. Ендеше қара алтынды Каспий арқылы да үлкен көлемде теңіз танкерлерімен жеткізудің перспективасы зор. Мысалы, ТШО алдағы күзден Теңіз мұнайын Ақтау порты арқылы тасымалдауға көшпек. Осы орайда Мемлекет басшысы теңіз флотын нығайтуға, Ақтау портында контейнерлік хаб құруға тапсырма берді. Жалпы, қазір қызметін жалғастырғанымен, ісінде жиі ақау болып тұрған КҚК құбыры мүлдем жабылып қалғанның өзінде Қазақстан мұхитқа ауып кеткен қайықтай әлеммен байланыссыз, жалғыз, оқшауланып қалмайды. Елдің басты экспорттық тауары – мұнайды дүниежүзілік нарыққа жөнелтудің баламалы жолдары ағымдағы «өзен-арна» күйінен ары қарай кеңейіп, «арқыраған дарияға» айнала алады. Каспий арқылы өтетін ірі маршрут сыр­тында, Президент Үкіметке «Самұ­рық-Қазынамен» бірлесіп, Атырау–Кеңқияқ және Кеңқияқ–Құмкөл мұнай құбырларының қуатын арттыру жөнінде шаралар қабылдауды жүктеді. Бұған дейін қазақ мұнайының 67 миллион тоннасы шетелге Каспий құбыр консорциумымен (КҚК) тасымалданды. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың мәліметінше, Үкімет оған балама басқа бағдарлар арқылы экспортты арттыру шараларын қабылдауда. Нақтылай кетсек, қолданыстағы «Атырау–Самара» мұнай құбырының қуаты 17 млн тоннаға жеткізіледі. Қытайға қара алтын жеткізетін «Атырау–Кеңқияқ–Құмкөл» мұнай құбырының қуаты қазіргі 6 миллионнан 12 млн тоннаға ұлғайтылады. Бұған қоса, Ақтау мен Құрық теңіз порттары арқылы Баку портына дейін мұнай тасымалдаудың балама нұсқасы да пысықталып жатыр. Мұның сыртында тауарлық мұнайды тасымалдауға арналған теміржол цистерналарының санын 1,5 мыңнан 3,5 мыңға дейін көбейту жоспарланған. Қазақ мұнайын Орталық Азия да сатып алады. Сон­дай-ақ Каспий арқылы Иранға, одан ары Парсы шығанағына және басқа елдерге 20 миллион тонна мұнай жөнелтуге болады. Каспий бағдары басымдық болуға лайық Сарапшылар Ақордадағы кеңесте жасалған бір мәлімдеменің маңызын атап өтті: Президент Транскаспий бағдарын басым бағыт деп жариялады. «ҚазМұнайГазға» оны жүзеге асырудың оңтайлы нұсқасын пысықтауды тапсырды. Бұл бағытқа шетелдік, соның ішінде Теңіз жобасының инвесторлары тартылуы мүмкін. Транскаспий халықаралық көлік бағдары (ТМТМ немесе Middle Corridor) – ҚХР-дан бастау алып, Қазақстан аумағын басып өтіп, Каспийдегі Ақтау порты арқылы теңізбен Әзербайжанға, одан ары Грузияға, Қара теңізге, Түркияға, Еуропа елдеріне бет қоятын халықаралық дәліз. Яғни, ол санкция астындағы Ресей аумағына соқпай, айналып өтуге мүмкіндік береді. Бұл бағыттың әмбебаптығы сол, оның бойымен теміржол контейнерлерін де, мұнайды да тасуға болады. Сол себепті ол еліміздің батысындағы супергигант саналатын алып мұнай кен орындарымен – Теңіз, Қашаған, Қарашығанақпен жалғануда. Қазақстанның Мұнай сервистік компаниялары одағының бас директоры Нұрлан Жұмағұловтың түсіндіруінше, Транскаспий бағдарының өткізу қабілетін арттыру бірінші кезекте танкерлер мәселесіне тіреліп тұр: Каспийде қазақстандық танкер жоқтың қасы. Оларды жалға алуға болады, халықаралық нарықта тиімді ұсыныстар табылады. Паромдар да тапшы, ал бір паром 54 теміржол контейнерін ғана сыйғыза алады. Осы мәселелер шешімін тапса, Ақтау ғаламат көлемде жүк қабылдап-жөнелтетін халықаралық алып хабқа айнала алады. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, Каспийдегі қазақстандық теңіз порттарының жиынтықты өткізу көлемі жылына 23,7 млн тонна жүкті құрайды. Ақтаудан – 14,7 млн тонна жүк тасымалданады (оның 9,5 млн-ы – мұнай, 2,5 млн-ы – құрғақ жүктер, 0,7 млн-ы – астық, 2 млн тоннасы – паромдық жүктер). Ақтау теңіз солтүстік терминалы 3 млн тонна жүк қабылдап, арта алады (бірақ тек құрғақ жүктер мен астыққа арналған: әрқайсысын 1,5 млн тоннадан жөнелтеді). Тәуелсіздік жылдарында тұрғызылған Құрық портының өткізу қабілеті – 6 млн тонна (теміржол терминалы – 4 млн, автотерминал – 2 млн). Құрық порты – Каспий теңізінің шығыс жағалауында, табиғи шығанақ-бухтада орналасқан. Осының арқасында ондағы ауа райы тиеп-түсіру жұмыстарын жүргізу үшін анағұрлым қолайлы. Жыл он екі ай тоқтаусыз жұмыс істейтін автокөлік пен теміржол паромдық кешені астықты, мұнай өнімдерін, тыңайтқыштарды, басқа жүктерді артуға бағдарланған. Қолайлы ауа райы жағдайында паромдар Бакуден Құрыққа дейін 18 сағатта жетіп келеді. Демек, бұл бағдар мол үміт күттіреді. Балама жолдардың бағы ашылар заман Индустрия министрлігі отандық экспортшыларға Ресейге қарсы санкциялар қолданылатын әрі көршінің аумағымен транзит күрделенген кезеңде жүктерді Каспий бағдары арқылы жолдауға ұсыным берді. «Келіссөздер қорытындысында «АрселорМитталТеміртау» АҚ шетелге шығаратын металл өнімдерінің 50 мың тоннасын Ақтау портына қайта бағдарлап, Әзербайжан, Грузия арқылы жөнелтуге дайындығын білдірді. Қазір 18 миллион тоннаға дейінгі жүкті теңіз порттарымызға қайта бағдарлау мүмкіндігі бар», – деп хабарлады ИИДМ. Сала сарапшысы Нұрлан Жұмағұловтың түсіндіруінше, Қазақстандағы өткізу қабілетін кеңейтумен іс бітпейді: арғы бетте Әзербайжан да жүкті молырақ қабылдауға әзір болуы тиіс. Бұл үшін Сангачлы терминалын реконструкциялау, кеңейту талап етіледі, оған инвестиция қажет. Жөнделгенше, онымен жылына 1,5-2 млн тонна мұнай айдауға болады. «Қазақстан жүктердің көлемі және тарифтер бойынша Әзербайжанмен уағдаласып, нақты келісімдерге қол қоюы керек. Әзербайжан тарапы транзитті арттыруға қарсы емес. Олардың өз шарттары бар. Жеткізілімдер жөнінен 10 жылдық кепілдендірілген контрактінің болуын қажет етеді. Мұнайға келсек, Баку–Тбилиси–Джейхан (БТД) құбыры бүгінде өз қуатының жартысын ғана қолданады. Дегенмен құбырмен әлемде Brent маркасынан қымбат бағаланатын жергілікті Azeri Light жеңіл мұнайы ағады. Егер бұл құбырға күкірті көп, қою Теңіз не Қашаған мұнайы қосылса, мұнай сапасы шамалы төмендейді. Құбыр акционерлері табысының бір бөлігінен айырылып қалмау үшін құбырмен айдау тарифін көтеруі мүмкін», – деді мұнай-газ сарапшысы. Әйткенмен, бұл сонша шешілмейтін мәселе емес: қара алтынның бір сортын екіншісімен араластырып тасымалдау – халықаралық тәжірибеде кең таралған. Оның үстіне, БТД-нің қазақ мұнайы арқасында толық қуатында іске қосылуы болашақта тарифтің төмендеуіне ықпал етуі мүмкін. Жалпы, осы құбыр жобасын ілгерілеткен Әзербайжан мен Түркия кезінде оған қосылуға Қазақстанды шақырған-тын. Бірақ ол кезде қазақ мұнайын КҚК арқылы тасу арзанырақ болды. Қазіргі ахуал БТД бағытының бағын ашуы мүмкін. Ресей мұнайынан бас тартып жатқан Батыс әлемі Қазақстан мен Әзербайжаннан жылына ең кемі 60 миллион тонна мұнай сатып алуға мүдделі. Мұның бәрі серіктес елдердің үкіметтерінен келіссөз процестерін шұғыл әрі тиімді жүргізуді, өзара тіл табыса білуді талап етеді. Олай болса, Каспий бағдарының басымдық деп жариялануы – өзекті әрі дер кезінде жасалған қадам. Сонымен қатар Президент балама теміржол бағыттарын қалыптастыруға да тапсырма берді. Бұл жерде Достық–Мойынты, Бақты–Аягөз, Мақтаарал–Дарбаза жобаларын жүзеге асыру жөнінде сөз болып отыр. Қазақстан әлемдік нарыққа көрші Түрікменстан арқылы Иранға жететін теміржол бағытын да дамытуға кірісті. ҚТЖ хабарлауынша, «Кедентранссервис» АҚ Иран арқылы барлық бағыт бойынша контейнерлік тасымалдаудың толық сервисін ұсынуға дайын. Қазақстан түріктің MFA Lojistik логистикалық компаниясымен бірлесіп, ҚХР–Қазақстан–Түрікменстан–Иран–Түркия–ЕО елдерін қамтитын Оңтүстік дәлізді дамытуда. Яғни, баламалы бағыттарда біртіндеп көлік тасымалының көрігі қызбақ. Әлемдегі ахуал Қазақстанның жаңа нарықтар, жаңа бағыттар ашып, қуаттана түсуіне, саладағы тәуелсіздігін нығайтуына тың серпін береді.