Бала күнімнен өнерді жақсы көрдім, әнші, актер болуды армандадым. 1994 жылы Павлодар облысы Баянауылда тудым, сонда ержеттім, даланың қарапайым баласымын. 2009 жылы П.Чайковский атындағы дарынды балаларға арналған музыкалық колледжге түсіп, «Музыкалық білім беру» мамандығы бойынша төрт жыл білім алдым. 2013-2017 жылдары астанадағы Қазақ ұлттық өнер университетінде оқып, «Театр және кино» факультетін тәмамдадым. Жоғары оқу орнын бітіре салысымен, елордадағы мюзиклде, Павлодар облыстық драма театрында жұмыс істедім, бүгінде Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік драма театрының актерімін. Спортпен айналысқанды, кино көргенді ұнатамын.– 5:32 туындысына қалай шақырту алдыңыз? Сценарийі бірден ұнады ма?
– Сценарийге бірден қызықтым. Менің кандидатурам бір айға жуық қаралды. Мені маньяк рөлінде де байқап көрді. Соңында режиссердің шешімімен тергеуші Думанның рөліне бекітілдім. Бұл кейіпкердің болмысын ашуға бар күшімді салдым. Сюжет шынайы оқиғаларға негізделген. Психологиялық тұрғыдан ерекше әсер алдым. Талай ұйқысыз түндерде Думанның бейнесіне еніп кететінмін. Өзімді қалай сезіндім, солай көрерменге жеткізуге тырыстым. Жұмыс барысы өте ұнады.
– Осы сериалдан кейін Мансұр екеуіңіздің «Жарық» дейтін әндеріңіз шықты, жастардың арасында хит болды. Ән жазу идеясы қайдан келді?
– Жалпы түсірілім барысы көп қызықты сәттерімен есте қалды. Сондай ерекше күйдің куәгері болсын деп ән жаздық. Сөзі – Мансұрдікі, әнін мен жаздым. Тыңдарманның көңілінен шыққанына бек қуаныштымыз.
– Қазір кино саласында жаңалық жасағысы келетіндер қатары артты. 5:32 – соның бірі, көрерменнің ықыласына бөленген туынды. Тіпті, Думанның сериал соңындағы өлімімен келіспейтіндер қаншама. Жалпы отандық кино саласына қандай баға берер едіңіз?
– Фильмнің жанрын көп талғамаймын, көбіне психологиялық драманы көремін. Айтар ойы бар, адамның жаны салынған туындыларды ұнатамын. Сондықтан отандық фильмдерді үнемі көремін деп айта алмаймын. Біздегі кинематографияға органика жетпейтіндей. Кез келген жобаға елітетіндей, соңына дейін ұстап тұратындай идея қажет. Туынды көрерменнің көкейіне сауал тастай алуы керек, қандай да бір ойды қозғап, қоғамда резонанс тудыра алуы қажет. Ал тұтынушыда ой, сұраныс, қызығушылық қалмаса, сұрақ тумаса, ол туынды жеңіл, мағынасыз дегенді білдіреді. Мәселен, 5:32 сериалына мен түссем де, түспесем де, ол маған қызық болар еді. Өйткені онда қызықты сценарий, режиссерлік, актерлік, операторлық жұмыс бар, гримнің өзін алып қараңыз, қаншама еңбек жатыр. Бізде не жетпейді десеңіз, өнерде фанатизм жоқ. Кинематографияның қай маманына болсын жанкештілік жетпейді. Жалпы, қазақ – байсалды халықпыз ғой, кейде сол ұстамдылығымыздан дұрыс мағынасында, шығармашылық үшін бас тарту да керек сияқты. Өз басым осы мәселемен жиі бетпе-бет келемін әрі үнемі күресемін. Мәселен, 5:32 сериалынан кейін «Шекер» сияқты туындылар түсірілді, жақсы фильмдер жасауға деген дұрыс жарыс пайда болды. Өткенде режиссер жігіттермен кездескем, олар Әлішер Өтевтің (5:32 режиссері) шығармасынан асып түскісі келетінін айтады, әрине дұрыс мағынасында. Бұл да – ізденіс.
– Өнердегі кез келген адамда шығармашылық тоқырау кездері болады. Мұндай сәттермен қалай күресесіз?
– Мұндай құлдырау кезеңдері басымнан көп өтті. Күйзеліс сәттерін еңсеруге көп көмектескені – сенім. Уақыты келгенде өнерде жарық болатынына үнемі сенемін. Ал сенім алдамайды.
– Имиджіңізді өзгертуге не себеп болды? Қазіргі бейнеңізді көбі алашордалықтарға ұқсатып жатады. Ұсыныс түссе, «Алашорда» көшбасшыларынан кімді ойнағыңыз келетін еді?
– Осы имиджім өзіме де ұнайды. Бірақ театрда әртүрлі рөл бұйырады. Абайдың жас күнін ойнайтын бір спектаклім үшін мұртымды аламын. Мұртсыз бейнем мүлдем басқа. Алашордалықтардың рөлін орындау мен үшін қиын. Ойнай салу қашанда оңай, бірақ ішкі пішінді реттеу, шығар шыңына жеткізіп, кейіпкердің бар болмысын, айтар ойын, мақсатын ашып орындауға әлі де көп дайындық керек. Шамам келсе, «Алашорда» тұлғаларының кез келгенін ойнасам, арманым жоқ.
– Қандай фильмге түсуді армандайсыз?
– Соғыс туралы фильмдерді ерекше ұнатамын. Авиация генерал-майоры Талғат Бигелдиновтің бейнесін сомдауды армандаймын. Кинематографияның басы-қасында жүрген жігіттер графиканың озық технологияларын пайдаланып, жақсы туынды жасаған болса, батыр ағамыздың бейнесін неге ойнамасқа? Талғат Бигелдиновтің жас кезіндегі бейнесіне менің ұсқыным келеді. Екеуміз де атжақтымыз, жағымызға пышақ қайрауға болады (күліп). Жеке тұлға ретінде өте қызықты кейіпкер. Ол туралы фильм әлі түсірілмеген. Тарихи тұлғалардың ішіндегі армандап жүрген рөлдерімнің бірегейі – осы.
– Ән жазуда неге «сараңдық» танытасыз? Әнші қызбен лирикалық дуэт жазу ойыңызда бар ма?
– Бұл менің шабытымның «сараңдығының» себебінен болса керек. Ән жазу үшін арнайы күй, шабыт қажет. Ән мен әуенді тұла бойымен сезіне алатын кез келген әнші қызбен дуэт жазуға болады. Ол туралы әлі ойлап көрмеппін. Қазіргі әншілерден Мархаба Сәбидің өнерін мойындаймын. Оның табиғаты, талғамы бөлек. Өмірде тікелей таныс болмасам да, оны өнері арқылы жақынымдай көремін, әндері арқылы жан тебіренісін, болмысын түсініп қоямын.
– «Не болды саған ай» әніңіздің тарихын білсек. Кімге арналған?
– Кез келген әнімді жазғанда бірдеңеге сүйсініп, ғашық болып жазғанды жақсы көремін. Ерекше күйді бастан кешемін, сол уақыттың өзіне тән хикаясы болады. «Не болды саған ай» әні де сондай бір оқиғаның куәсі, бір жігіттің бастан өткергені. Әннің сөзін досым Мансұр жазады, оған ішкі сезімім туралы айтып беремін.
– Театр немесе кинода ғашық кейіпкердің рөлін сомдау бұйырды ма? Кімді ойнадыңыз?
– Қалекиде әнге, өнерге, өмірге ғашық Шәмшіні сомдаймын. «Менің нәзік жанымды кім түсінер» дейтін Шәмшінің табиғаты өзіме жақын, жан дүнием үндесетіндей. Оның табиғатын қатты құрметтеймін, творчестволық пір тұтамын. Павлодардағы театрда істеп жүргенімде Қозы-Көрпешті ойнадым. Ромеоны сомдаудан бас тартпас едім.
– Жас іні-қарындастарыңызға қандай кеңес айтар едіңіз?
– Өз басым еркіндікті сүйетін, ішкі түйсігіммен, табиғатыммен санасатын адаммын. Адамның тап-таза арманы оны ешуақытта адастырмайды. Бұған көзім анық жетті. Кез келген адам шынайы көңілімен, риясыз нені қаласа, соған шын ниет-пейілімен қадам басатын болса, міндетті түрде қалағанына жетеді. Өнерге келген әрбір адам жан талантты. Алайда бойыңдағы бар игілікті біліммен, тәжірибемен шыңдамасаң, қабілетіңнен ажырап қаласың. Жастарға айтарым, қандай да бір таңдау жасайтын кезде жан дүниесімен санасып, шын мәнінде нені қалайтыныңды түсініп алу керек. Сосын ол таңдауыңды шыңына дейін жеткізген дұрыс. Өз ісіңді жетік меңгеріп, сол саланың кәсіби маманы болуға ұмтылу қажет.