Шымкентте өткен тұрғын үй жәрмеңкесінде 3 миллион теңгеге дейін жеңілдік жасалды
Шымкентте өткен тұрғын үй жәрмеңкесінде 3 миллион теңгеге дейін жеңілдік жасалды
935
оқылды
Шымкент қаласының «Арбат» демалыс аумағында екі күнге созылған жылжымайтын мүлік жәрмеңкесі өтті.  Кешкі сағат  18.00-де басталып, сағат 23.00-ге дейін жалғасқан жәрмеңкеде дәл осы уақыт аралығында үй алуға өтініш білдірген  Отбасы банк салымшыларына 3 млн теңгеге дейін жеңілдік қарастырылған. Егер келуші тұрғын үйді таңдаса және бірден брондап алса, онда жеңілдік алуға болады. Жәрмеңкеге Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысын жүргізіп жатқан құрылыс компаниялары жиналды. Олар қала тұрғындарына өздерінің салып жатқан үйлерді ұсынып, қарастырылған жеңілдіктер мен мүмкіндіктерді таныстырып жатты. шымкент Іс-шарада сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Мақсұт Исахов осыдан 4 жыл бұрын  республикалық маңызы бар дербес қала атанғалы тұрғын үй құрылысының қарқынды дамып жатқанын атап өтті.  Құрылысшылардың арасында елімізге танымал, үлкен қалаларда ірі-ірі белгілі нысандарды салған компаниялардың  да бар екенін тілге тиек етті.
«Құрылыс компанияларының көп болғаны жақсы. Бұл дегеніміз – бәсекелестік. Отбасы банктің Шымкент қаласының өзінде 160 мың салымшысы бар екен. Жыл басынан бері 2 000-дай адамға қарыз берген.   Демек, күніне 10-15 адам Отбасы банк арқылы үйлі болып жатыр.  2035 жылға дейін 32 миллион шаршы метр үй салуымыз керек екен. Шымкентке қоныс аударушылар  және мұнда туу көрсеткіші жоғары болғандықтан, халық саны жылдан-жылға көбейіп жатыр. Сондықтан қала тұрғындары осынау жәрмеңкеде ұсынылған жеңілдіктерді пайдаланыңыздар», – деді Мақсұт Пернебайұлы.
Ал Отбасы банктің Шымкент қалалық филиалының директоры Дәурен Саудабаев  Шымкент қаласының тұрғындары жинақтау және әрі қарай тұрғын үй сатып алу үшін банкте тағы 18 мың жаңа салым ашқанын атап өтті. шымкент
«Отбасы банктің жинақтаушы шоттарына деген мұндай сұраныс қарыздар бойынша мөлшерлемелердің қолжетімділігімен түсіндіріледі.  Шотта бастапқы жарнаға қаражат жинақтай отырып, біздің клиенттеріміздің тұрғын үй сатып алу үшін 3,5%-дан 8,5%-ға дейінгі мөлшерлемелер бойынша әрі қарай кредит алу мүмкіндігі бар», –  деп түсіндірді ол.
Жәрмеңкеде тұрғындар үй алатын болса, несие алу жолдарын есептеуіне болады. Одан бөлек,  «Бақытты отбасы», «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында  толыққанды кеңес алып, көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды.
«Біз қала тұрғындарын мұндай мүмкіндіктен құр қалмауға шақырамыз. Сонымен бірге Мемлекет басшысының осал топтар үшін жалдамалы пәтердің жарты ақшасын  мемлекет тарапынан субсидиялау бойынша берген тапсырмасы жүзеге аса бастағанын да айта кеткім келеді. Мұндай топтар қатарында Шымкент қаласы бойынша 8 860 адам болса, бүгінде оның 1 160-ның өтініші мақұлданды. Енді жергілікті атқарушы  органнан қаражат аударылса, жалдамалы пәтердің жарты ақшасын төлейтін боламыз», –  деп атап өтті Отбасы банктің Шымкент қалалық филиалы директорының орынбасары Нұрлан Сұлтанов.
Айта кетейік, жәрмеңкеде  Отбасы банк пен жеке құрылыс компаниялар (BI Group, OKS Development, Otau Group, Батсу, Конфарсити)  ипотекалық кредиттерді рәсімдеудің жаңа жағдайлары бойынша өзара келісімшарт жасасты. Онда сатып алушы пәтердің жалпы сомасының 30 пайызын төлей отырып,  Отбасы банк арқылы ипотекалық кредит рәсімдей алады.