Ұлт ұстазы мұрасына адалмыз ба?
Тәуелсіздік кезеңіндегі ахметтанудағы өзекті мәселе – ғалым мұрасын бүгінгі һәм келер ұрпаққа таныстыру мақсатында төте жазумен шыққан кітаптарын кириллге түсіріп қайта бастыру ісі болды. Мәселен, тұлғаның туындылары 1989–2017 жылдар аралығында бірнеше дүркін қайта жарық көрді. Әзірге бастырылып шыққаны 30-ға жуық. Негізі, қандай қоғамда болсын кiтап өтiмдiлiгi өзекті мәселе екенiн ескерсек, А.Байтұрсынұлы кітаптарының бiрнеше рет басылуы – сұранысқа ие құнды қазына екендігіне айғақ. Бұл – ағартушы мұрасының өмiршеңдiгiнің дәлелі. Әрбiр кiтаптың түрлiше тағдыры болады. Кейбiр кiтаптардың санатта екендігі байқалмайды. Ал кейбiрi басылып шыққан күннен бастап, «ескiнi есеңгiрете, жаңамен қоян-қолтық» бітесіп, «бүгiнгi кiтап – ертеңгi iс» дегендей, қоғамнан өз орнын алады. Сұрқия кезең тұлға мұрасын «шыңырауға көмiп» есімін айтқызбаса да, оның оқу-ағарту саласындағы еңбектерi қазақ дүниетанымында сара жолын салуда. Ақиқатында, ғалымның «Әдебиет танытқыш» оқулығы «ұлттық әдебиеттанудың бастауы» болғандығы мойындалды. Кеңестік әдеби зерттеулерде «сілтемесіз» қолданған ағартушы мұрасы егемендік алғаннан кейін зерделене бастады. Кеңес тұсында ұлт әдебиетін бақылауда ұстағанын ескерсек, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану саласындағы маман иелерінің ғалымның есiмiн айналып өткенін аңдаймыз. Ахметтің мұрасын ғана емес, Алаш арыстары туындыларын сiлтемесiз пайдаланғанын алдыңғы буын өкілдері жазды. Енді, жарық көрген шығармаларға тоқталып, олардың құрылымына шолу жасасақ.
1989 жылы «Жазушы» баспасынан «Ахмет Байтұрсынов шығармалары» атты жинақ жарық көрдi. Көлемі – 320 бет, таралымы – 20 000 дана, құрастырушылары: Шәрiпов Ә., Дәуiтов С. Жинаққа «Маса», «Қырық мысал», «Әдебиет танытқыш» еңбектері топтастырылған. Ғылыми түсінікті С.Дәуітов жазған. Жинақ ғалым есімі ақталғаннан кейiн басылған – бiрiншi кiтап. Жинақ қағазының сапасы төмен. Кітап редакторы М.Неталиев. Қайта басылған жинақта А.Байтұрсынұлының құқы қорғалмаған, жинақты бастырушы «Жазушы» баспасының мүддесі қарастырылған. 1990 жылы «Жазушы» баспасынан «Боздағым» атты қазақтың жоқтау жырлары жинағы 60 000 таралыммен басылып шықты. Жинаққа аңдату берілмеген, құрастырушысы: Т.Арынов. Кiтапқа қазақтың – 46, көне түркi тiлiнен – 2, өзге халықтардан – 4 жоқтауы енген. Жинаққа А.Байтұрсынұлы жинап, өңдеп 1926 жылы шығарған «23 жоқтау»-дың 20-сының «кейбір тұстары қысқартылып, өңделіп» енген. «Кенесары–Наурызбай», «Қыздың жоқтауы», «Жолдыбай» енбеген. Алғы сөзінде: «...кiтапқа архивтерден, түрлi қолжазбалардан, ел аузынан жиналған материалдар тұңғыш рет жүйелi түрде топтастырылып отыр» деп бастайды. Сонан соң: «...осы ХХ ғасырдың 25-26 жылдары араб жазуымен Москвада басылған «23 жоқтау» деген белгiлi жинақ болды. Ол жинақты құрастырған адамдар өз бастарындағы идеялық қайшылықтары үшiн тиiстi мiнездемелерiн алған. ...әңгiме олар туралы емес», – деп, А.Байтұрсынұлының құрастыруындағы «23 жоқтаудың» бастырушыдан дейтін алғы сөзiн қаз-қалпында береді. Жинақ ағартушының есiмi ақталғаннан кейiн нақтырақ, 1989 жылы маусымның 27-і күні теруге, ал 1990 жылы қаңтардың 25-і күні басуға қол қойылған. Жинаққа баспа тарапынан «түзету» жүргiзiлмегенi түсiнiксiз. Жазушы Д.Досжанов деректi зерттеуінде: «…1990 жылы дәл осы жинағын «Жазушы» баспасы бiр әрпiн өзгертпей «Боздағым» деген атпен қайта шығарады. Әйтсе де, А.Байтұрсыновтың есiмiн көпе-көрнеу сылып тастап, «құрастырушы» болып басқа бiреу өз есiмiн жазыпты» деген мәлімет берген. Бірақ мұны ескерген әдеби орта болмады.
1991 жылы «Жалын» баспасынан «Ахмет Байтұрсынов. Ақжол, Өлеңдер мен тәржiмелер, публицистикалық мақалалар және әдеби зерттеу» басылымы көрдi. Көлемі – 464 бет, таралымы – 20 000 дана, құрастырушысы әрі алғы сөзiн жазған: Р.Нұрғалиев. Жинақтың 1989 жылғы жинақтан өзгешелігі: М.Әуезовтің «Ақаңның елу жылдық тойы» құттықтау-лебiзi, әр жылдары баспа бетін көрген 43 публицистикалық мақаласы топтастырылған. Жинақтың аңдатуында: «Отызыншы жылдары сталиндік озбырлықтың құрбаны болған ұлы ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, ақын-аудармашы, публицист Ахмет Байтұрсынұлының ардақты есімі қазіргі қайта құру заманы арқасында ақталып, артына қалдырған асыл мұрасы халыққа қайта оралды» деген ақпарат береді. Әдебиетші Р.Нұрғалиев «Алып бәйтерек» деген тақырыпта ғалымның өмірі, қызметі туралы, әдеби мұрасына бүгінгі әдебиет талабы мен танымы тұрғысынан талдау жасаған. 1-бөлімдегі: «Қырық мысал», «Маса» туындыларын – М.Мырзахметов, «Ер Сайын», «23 жоқтау» ауыз әдебиетінің нұсқалары – Р.Нұрғалиев, 2-бөлімдегі: «Көсемсөз» мақалалары – А.Мектепов, Ғ.Әнесов, «Әдебиет танытқыш» әдеби зерттеу еңбегі – Р.Нұрғалиев дайындаған. Редакторы – Е.Дүйсенбаев. Туынды авторы А.Байтұрсынұлының құқы қорғалған. Осы жылы Қырғыз Республикасының Бiшкектегі «Периодика» баспасынан қырғыз ғалымы Карбоз Дыйқановтың қаражатымен Ахмет Байтұрсынұлының 1914 жылы Орынборда жарық көрген «Оқу құралы: қазақша әлiппесi» басылып шықты. Кiтап көлемі – 97 бет, таралымы – 5000. Құрастырушы К.Дыйқанов оқырмандардың түсiнiп оқуын жеңiлдету мақсатында қырғыз тiлiнде аңдатуы жазған.
1992 жылы «Ана тiлi» баспасынан «Тiл тағылымы» деген атаумен жинақ жарық көрдi. Кітап көлемі – 448 бет, таралымы – 11 500 дана. Редакциясын басқарғандар: Р. Сыздықова, Ш.Сарыбаев. Құрастырушылары: Ғ.Әнесов, А.Мектепов. Кітапқа академик Р.Сыздықованың «Ахмет Байтұрсынов: өмірі мен қызметі» атты тақырыппен ғұмыржолы баяндалған. Жинаққа «Оқу құралы», «Әлiпби», «Сауат ашқыш, «Тiл құрал»: Дыбыс жүйесі мен түрлері, 1-жылдық; Сөз жүйесі мен түрлері, 2-жылдық; Сөйлем жүйесі мен түрлері, 3-тiл танытқыш кiтап; «Баяншы», «Тiл жұмсар», Жазу, емле терминология мәселелерi жөнiндегi 6 публицистикалық, оқу-ағарту ісі жөнінде 7 мақаласы енген. Авторы Ахметтің құқы қорғалған.
1996 жылы «Жетi жарғы» баспасынан 3000 таралыммен «Жаңа низам» атты жинақ жарық көрдi. Құрастырушысы: З.Қыстаубайұлы, алғы сөзiн С.Өзбекұлы жазған. Кітапқа қайраткердің заң тақырыбына жазылған 21 публицистикалық мақаласы топтастырылған. Алғы сөзде ғалым толғаған мәселелердiң күнi бүгiнде өз мәнiн жоймағанын, қайта уақытпен үндесiп жатқандығын, мысалы «-ов, -ова, -ев, -ева,» туралы қазақ iшiне сырттан телiнген осы қосымшаның қажетсiз екенiн сол кездiң өзiнде дәлелденгенiн айта келе, Алаш арыстары аңсаған ата-тегі, йағни аты-жөнін «ұлы», «қызы» деп жаздырту осы күнi де iс жүзiне асырылып жатқандығын айтады. А.Байтұрсынұлының бұрын «жинақ» болып шықпаған мақалалар топтамасы енген бұл кітапта автордың құқы қорғалған. Бұл осы жинақты шығарушылардың ұждандарының биіктігін көрсетеді. 1998 жылы «Рауан» баспасынан «Әлiб-бiй: Жаңа құрал» атты жинақ жарық көрген. Кітап көлемі – 120 бет, таралымы – 1000. Жинақтың ерекшелiгi – ағартушы түзген жазу емлесiнің факсимелі беріліп, төменгі жағына қазiргi жазуға қопарылып басылған. Құрастырушысы – Ұ.Асылов, редакторы – Ғ.Жандыбаев. Кітап қағазы сапалы, форматы ерекше. Кітап авторының құқы қорғалмаған, тек баспаның мүддесі қарастырылған.
2002 жылы «Жiбек жолы» баспа үйiнен «Байтұрсынов Ахмет. Бес томдық шығармалар жинағы. Бiрiншi том» жинағы 208 бет, таралымы – 500 данамен жарық көрдi. Баспаға әзiрлегендер: А.Iсiмақова, Г.Пірәлиева. Кітап аңдатуында: «1926 жылғы «Әдебиет танытқыш» пен 1989, 1991 жылдардағы «Әдебиет танытқыш» салыстырылып, өзгерiске ұшыраған, алынып тасталған тұстары қалпына келтiрiлiп, толықтырылғаны» туралы мәлімет берген. Жинақ мәтінінде сәйкессіздік орын алған. Мәселен, «Қазақ тіл білімі мен әдебиеттануының реформаторы» атты алғы сөзде: «Ұсынылып отырған академиялық басылымда (...) кезінде араб графикасымен жазылған, қазіргі қолданып жүрген әрпімізге тұңғыш рет көшіріліп отырған А.Байтұрсынұлының Т.Шонанұлымен бірге жазған «Оқу құралы» кітабы толық беріліп отыр» деп көрсетілгенімен (Б.12–13), аталған еңбек жинаққа мүлде енбеген. Кітап авторы А.Байтұрсынұлының авторлық құқы қарастырылмаған. Жинақты дайындағандар мен баспа үйінің мүддесі қорғалған. Кітап «бес томдық шығармалар жинағы» деп көрсетілгенмен, «жалғасы» болмаған. 2003 жылы осы «жалғасын таппаған» бес томдық «Алаш мұрасы» сериясымен «Алаш» баспасынан «Ахмет Байтұрсынұлының бес томдық шығармалар жинағын» шығару қайта қолға алынды. Бұл томдықтың ерекшелiгi – алғашқы нұсқалармен салыстырылып, толықтырылды. Құрастырып, алғы сөзі мен ғылыми түсінігін жазғандар: А.Ісімақова, Г.Пірәлиева, С.Сәкенов, Р.Имаханбет, Ұ.Еркінбаев, К.Мұстафаевалар. 1-томға: «Қырық мысал», «Маса», «Қазақтың бас ақыны», «Әдебиет танытқыш» енді. 2-томға Т.Шонанұлымен шығарған «Оқу құралы» атты хрестоматиялық еңбегі алғаш рет бүгінгі кирилл әрпіне түсіріліп ұсынылды. 3-томға: «Тіл – құрал» оқулығының 1, 2, 3-жылдық кітаптары, «Баяншы», «Тіл жұмсар» әдістемелік еңбектері, 4 мақаласы енген. 4-томға: «Оқу құралы», «Әліб-бій» жаңа құрал, «Сауат ашқыш» еңбектері және түрлі тақырыптағы 14 мақаласы, сонымен қатар «Жазу, емле, терминология», «Оқу-ағарту» мәселелері бойынша мақалалары берілген. 5-томға: «Ер Сайын», «23 жоқтау» әдеби мұрасы мен еленбей келген еңбектері, түрлі тақырыптағы 21 мақаласы топтастырылған. Ескерер жәйт: «А.Б.» бүркеншік есіммен 1912 жылы «Қазақстан» типографиясынан жарық көрген 27 беттік «Ызың» атты өлеңдер топтамасы «Жаңа табылған туындылары» тарауымен 5-томға енгізілген еді. Бұл туындыдағы өлең құрылымы, сөз саптауы А.Байтұрсынұлына тән еместігі байқалса да, аға буынның: «ақынның 1911 жылы шыққан «Маса» жинағымен мәндес» деген кеңесімен жарияланғаны «жаңсақтық» болғанын томның құрастырушыларының бірі ретінде мойындаймын. Бұл өрескел қате кейін 2013 жылы шығарылған 6 томдықта ескеріліп, түзетілді.
2003 жылы «Атамұра» баспасынан «Байтұрсынов Ахмет. Әдебиет танытқыш» жинағы 208 бет, 2000 дана таралыммен жарық көрді. Кiтап – зерттеу жұмыс әрі оқулық екені негiзге алынбастан, «көркем басылым» ретiнде ұсынылған. Бас редакторы – Ә.Пiрманов, редакторы – А.Дәдебаев. Автор мен баспаның құқы қорғалған. Кітаптың басылған офсеттік қағазы өте сапалы. 2005 жылы «Раритет» баспасынан «Жыр жауһарлары» сериясымен «Байтұрсынұлы Ахмет. Маса: Өлеңдер мен көсемсөздер» жинағы 208 бет, 3000 дана таралыммен жарық көрді. Жинақтың мұқабасы көркем безендірілген. Кiтап аңдатуынан бөлек, жинақ сыртында: «Халқының көкірек көзін ашып, көңілін көгертуге адамдық тұқымын егіп, шашқан Ахмет Байтұрсынұлын қазақ қоғамы қазір де Адамдық Диқаншысы деп біледі. Бұл кітапқа ұлы ұстаздың өткен тар замандарда қазақтың ұлттық санасын қалыптастырған таңдаулы еңбектері енді» деген мәлімет берілген. Басылым редакторы – Ә.Дүйсенбайұлы, суретшісі – Б.Серікбай. Туынды авторы Ахметтің құқы қарастырылмаған, баспа мен безендірушінің құқы қорғалған.
2006 жылы Үрімшінің «Шыңжаң» халық баспасынан «Байтұрсынов А. Әдебиет танытқыш» оқулығы жарық көрді. Кітап көлемі – 272 б., таралымы – 2000 дана. Баспаға дайындаған: С.Сағатжанұлы. Аңдатулық ақпарат қытай тілінде берілген. Жинақтың ерекшелігі – Ахмет емлесімен басылуы. Жинақ аңдатуы – ханзу тілінде берілген. Кітап авторының құқы қорғалмаған.
2013 жылы «Абзал-Ай» баспасынан «Қазақ тіл білімінің мәселелері» деген атаумен Ахмет Байтұрсынұлының тілдік мұрасы жарық көрді. Көлемі – 640 бет, таралымы – 4000 дана. ««Қазақ тіл білімінің антологиясы» атты сериялы ғылыми жобаның тұңғыш кітабының беташары» Ұлт Ұстазынан бастау алғанын кітапқа берілген құрастырушыдан деген аңдатуда жазады. Бірақ жобаға негіз болған кітап авторы А.Байтұрсынұлының құқы қорғалмайды. Тек, құрастырушы, баспаның мүддесі қарастырылған. Жинаққа ағартушының «Тіл – құрал» кітаптары (1-інші, 2-нші, 3-інші тіл танытқыш оқулығы), «Әдебиет танытқыш» кітабы, бұл жөнінде: «Осы жинаққа ғалымның «Әдебиет танытқыш» зерттеуін қосуымыздың да үлкен мәні бар» деп, оның себептеріне тоқталған. Ғалымның бұл зерттеуіне: «...бүгінгі күнгі әдебиет теориясы биігінен емес, ХХ ғасыр басындағы жалпы филологиялық пән ретінде, қос қанатты, жұп қырлы «Сөз өнерін» – тіл мен әдебиетті сипаттау, тану, таныту тұрғысынан бағалаған жөн деп білеміз», – дейді (Б.4–5). «Әліппе. Емле. Әдістеме» айдарымен «Оқу құралы» қазақша алифба, «Баяншы» мұғалімдер үшін, «Тіл жұмсар» жұмыс тәжірибесі кітаптарын топтастырған. Мұнан бөлек, әр жылдары жарияланған 14 мақаласы, 1 баяндамасы, 1 стенографиялық есебінің мәтіні енген. Жинақты құрастырған – Ғ.Әнес, редакторлары – Ш.Жамықаева, Н.Садықова. «А.Байтұрсынұлының өмірі мен қызметінің негізгі кезеңдері» және «А.Байтұрсынұлы еңбектерінің библиографиялық көрсеткіші» берілген. Тұлғаның 4 ұжымдық суреті, кей кітабының сыртқы, ішкі мұқабасының факсимелі қамтылған. Бір әттеген-айы, тілші ғалым Ғ.Әнес 2013 жылғы «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен жарық көрген «Ахмет Байтұрсынұлы» туралы кітабындағы «қателерді» тағы да қайталайды.
2017 жылы «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» атты кітап жарық көрді. Кітап көлемі – 752 бет, таралымы – 5000. Жауапты редакторы әрі құрастырып, түсініктерін жазған – О.Жұбаева. Баспаға дайындаған – «Алашорда» қоғамдық қоры. Жинақтың аңдатуында: «Ахмет Байтұрсынұлының әр жылдары түзетіліп, өңделіп, толықтырылып отырған «Тіл – құрал» атты тіл танытқыш кітаптары, «Әдебиет танытқыш», қазақ тіліне қатысты жарық көрген мақалалары, мұрағаттан табылған құжаттар, пікірлер, т.с.с. енгізіліп отыр» деген анықтама берілген. Онан әрі: «Еңбекте қазақ тіл білімінің қалыптасып, дамуына елеулі үлес қосқан ғалымның тілтанымдық мұрасы түпнұсқамен салыстырыла отырып, өзгерістері бары сараланып, жинақталып беріліп отыр», – деп анықтама берілгенімен, салыстырылуы жөнінде нақты мәлімет қамтылған ғылыми түсінік жазылған сараптаулар мүлдем жоқ. Басылымдағы өрескел қате – кітап атауында. «Ахмет Байтұрсынұлының тілтанымдық мұрасы» деп аталатын зерттеу еңбектен «ағартушы ғалымның ұлттық мектепке арналған тұңғыш оқулықтарының жетістіктері талданып, ғылыми сипатталған екен» деп қабылдауға болады. Жинаққа «А.Байтұрсынұлы – тіл біліміндегі жаңа бағыттардың негізін қалаушы» (Б.3–135) деген тақырыппен 10,5 беттік алғысөз және 1,5 беттік түсінік (Б. 750–751) берілген. Тілші ғалым О.Жұбаева айтатын «мұрасы түпнұсқамен салыстырыла отырып, өзгерістері бары сараланған» жұмыстан ғылыми сараптаулар мен келелі ой-пікірлерді кездестірмедік. Тұлғаның тоғыз кітабы топтастырылған жинақта А.Байтұрсынұлының құқы тіпті қорғалмаған. Тек, жинақ құрастырушы О.Жұбаева, «Алашорда» қоғамдық қорының мүддесі қарастырылған. 2019 жылы А.Байтұрсынұлы мен Т.Шонанұлының 1928 жылғы «Оқу құралы» деген хрестоматиясы «Бастауышқа арналған оқу кітабы» атты жаңа атаумен жарық көрді. Көлемі – 144 бет, таралымы – 1000 дана. Баспаға дайындаушы тараптардың мүддесі қарастырылған. Оқулықтың негізгі авторларының құқы қорғалмаған.
Жоғарыда Ахмет Байтұрсынұлының есімі ресми ақталғаннан кейін, тәуелсіздік кезең ұлттық ғылымы тұрғысынан қарастырылып, алғы сөзі мен ғылыми түсініктері жазылып, қайта жарық көрген 26 оқулыққа шолу жасалды. Оқырманымен қайта қауышқан бұл оқулықтардың бүгінгі өскелең ұрпаққа тигізер оң ықпалы зор екені даусыз. Десе де, соңғы уақыттары мемлекет қаржысымен шығарылатын тұлға танымдық оқулықтарда белең алған олқылықтар да жоқ емес. Мұндай олқылықтар болмас үшін «Кітап шығару ісі мен кітап авторының құқын қорғау» мәселесін күн тәртібіне қою шарт. Себебі кезінде өз авторлығымен шыққан тарихи тұлға Ахмет Байтұрсынұлының төл туындыларынан Ахметтің «©»-лық құқын шектеп, тек сыртқы мұқабаға атын жазып, ішкі мұқабада автордың көрсетілуі тиіс орнына, баспа мен құрастырушының құқын ғана қорғау – арымызға сын. Бұл қашан пайда болған үрдіс?! Мейлі, Алаш арысының өмірден озғанына 85 жыл болсын, тіпті 100 жыл өтсін, ұлттық ғылымның ұйытқысы болған ұлы ағартушының қаламгерлік құқы мәңгілік сақталуы шарт. Бұл құрметке ұлт мүддесі үшін құрбан болған Алаш арыстарының мұрасы әбден лайық. Ал біздің бүгінгі зиялылардың «кейбірі» тарихи тұлғалардың туындыларына «зиянын» тигізіп жүргенін аңдамайды, не аңдағысы келмейді.
Ақиқатында, Алаш арыстарының ресми ақталуы, рухани мұраларының ортамызға оралуы 1988 жылдан бері ғана басталғанын ескерсек, олардың «өмірден озғанына – 85 жыл», рухани мұралары «қазынаға тән» деп, құрастырушылар мен баспагерлер «асығыстық» жасамаған болар еді-ау. Алаш мұрасын қайта шығару үшін мемлекеттік үлкен, кіші бағдарламалармен қаржыландырылып отырған құрастырушылар мен баспагерлер (түрлі жекеменшік қоғамдық қорлар және т.б.) Алаштың мұрасына адал болуды ұрпақтық парызы деп білуі міндет.
Райхан ИМАХАНБЕТ,
Ахмет Байтұрсынұлы музей-үйінің жетекшісі