Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаев бостандыққа шығады
Баян Мақсатқызының бұрынғы күйеуі Бақытбек Есентаев бостандыққа шығады
1,536
оқылды
Қапшағай қалалық соты сотталып, қамауда отырған Бақытбек Есентаевтың өтінішін қарады. Алматы облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2016 жылғы 3 қарашадағы үкімімен Есентаев кісі өлтіруге оқталу (ҚК 24-бабы 3-бөлігі, 99-баптың 1-бөлігі) бойынша 9 жылға сотталып, жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша жоғары мекемесінде өтеп жүрген еді. Қапшағай қалалық сотының мәлімдеуінше, Есентаев жазасын өтеу кезінде сотқа мерзімінен бұрын шартты түрде босату туралы өтініш берген. Прокурор сотталған Есентаевтың өтінішін қанағаттандыруды сұрады. Сотталушы мен оның қорғаушысы өтінішхатты толық қолдап, олар да қанағаттандыруды өтінді. Жәбірленуші Б.Алагузова және оның өкілі де Б.Есентаевты шартты түрде мерзімінен бұрын босатумен келісті. Есентаев жазасын өтеу кезінде 11 марапат алды, бір рет өтемақы төледі, Жазаның ½ бөлігін өтеді, яғни 6 жыл 1 ай 2 күн, мінез-құлқының 3 оң дәрежесі бар. Жазаланушы жасалған қылмысының қоғамдық қауіптілігін түсініп, істеген ісіне өкінеді. Сот үкімімен өндірілген 756 269 теңге процестік шығын ерікті түрде өтелді. Қапшағай қалалық сотының 2022 жылғы 12 шілдедегі қаулысымен сотталған Есентаевтың жазасын шартты түрде мерзімінен бұрын босату туралы өтінішхаты қанағаттандырылды. Қаулы заңды күшіне енген жоқ.