«Елік екен деп...» – аң аулауға шыққан ер адам 52 жастағы әйелді атты
«Елік екен деп...» – аң аулауға шыққан ер адам 52 жастағы әйелді атты
Фото: zen.yandex.ru
1,128
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысында орманда жидек теріп жүрген әйел оққа ұшты. 52 жастағы тұрғынды аң аулауға шыққан азамат байқамай атып тастаған. Бұл туралы КТК арнасы хабарлады. Полицияға оқ тиіп өлген әйелдің денесі жеткізілгенін Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігерлері хабарлаған. Оның қандай жағдайда мерт болғанын басты күдіктінің өзі айтып беріпті. 65 жастағы азамат сол күні орманға аң аулауға шыққан. Ағаштардың арасында жидек теріп жүрген әйелді елік деп ойлап қалған көрінеді. Сондықтан көздеп тұрып, шүріппені баса салған. Бірақ қанжығасын майлаймын деген аңшы қылмыс жасағанын кеш түсініпті. Жүгіріп барғанда жаралы әйелді көрген. Бірден полицияға хабарлапты. Бірақ марқұм ауруханаға жетпей көз жұмды. Ал, күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүріп жатыр. Жамбыл ауданының прокуроры Талғат Төлегенов: «Қылмыстық іс бойынша бірнеше сараптама тағайындалды. Сонымен қатар жедел іздестіру шаралары атқарылуда. Соның барлығының нәтижесінде күдіктінің іс-әрекетіне баға беріледі. Өзге мәлімет Қылмыстық процессуалдық кодекстің 201-бабына сәйкес жариялауға болмайды», – деді.