Саясаттанушы Данияр Әшімбаев Telegram арнасында Орталық партия жанындағы жастар қанатының өзгерістеріне қатысты жазба арнады. Ол «Жастар рухының» жаңа бағдарламасына тоқталып, ендігі кезекте қандай мәселелерге назар аудару қажет екенін айтты.
«Жастар қанаты 2000 жылы құрылып, 2008 жылдан бері тәуелсіз қоғамдық бірлестік ретінде жұмыс жасап келеді. Бірақ бүгінге дейін өзін маңызды саяси жоба ретінде көрсете алмады.
Әрине жастар қанаты белсенді қызмет атқарады: волонтерлік, жастарды әлеуметтендіру, инновациялық жобалар конкурстары, ауыл жастарын ағылшын тіліне оқыту, кеңес беру (оның ішінде құқықтық және психологиялық), ЖОО-дағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, дебат турнирлері, тренингтер, спорттық жарыстар, экологиялық акциялар. Бірақ ол әлі «Комсомол деңгейіне» жеткен жоқ» - деді Данияр Әшімбаев.
Саясаттанушы мұның бірнеше себебін түсіндірді. Олар: мәдени-бұқаралық іс-шаралар ұйымдастыруға көп көңіл бөлу, өңірлік филиалдар жұмысының әлсіздігі, жастар арасындағы субмәдениетке дұрыс көңіл бөлмеу және ең негізгісі – жастарды, әсіресе ауыл жастары мен жұмыссыздарды қолдау бағытында жүйелі шаралардың жеткіліксіздігі.
«Бүгінде елдегі бала туу деңгейі артып келеді. Ал жаңа қазақстандықтардың болашағы бұлыңғыр. Білім мен мәдениет деңгейі төмен, өсу деңгейі де байқалмайды. Ал жұмыс орындары мен өмір сүру перспективасы елде әбден «шиеленісіп» тұр.
Жалпы елдегі жастар саясаты саласында ауқымды мәселе көп. Ол негізінен имидждік, бюджеттік және әлеуметтік міндеттерге бағытталған.
Президент елімізді және оның саяси жүйесін жаңғырту жөніндегі жұмысында Орталық партия алдына – билік пен халық арасында тиімді диалог құру міндетін қойды. Сол мақсаттарға баяу болса да біртіндеп қол жеткізуде. Парламенттік фракция мен Орталық аппарат бір жерге шоғырланды. Заңнамалық реформаларға сәйкес енді әкімдер өңірлік партия филиалдарын басқармайтын болады. Бұл AMANAT-тықтарды әкімдік мүддесіне қызмет етуден босатып, мәслихаттың әкімдік жанындағы өкілді билік тармағына айналуына септігін тигізеді деп үміттенеміз.
AMANAT жастар қанатының алдында да бірнеше міндет тұр. «Жастар рухының» белсенді мүшелерінің ең басты мақсаты – аймақтардағы жастардың негізгі мәселелерін анықтап, оларға қолдау көрсетіп, қажетті институттарды құру және оларды дамыту бойынша жастар қанатының жұмысын жандандыру. Бұл міндеттерді «Жастар рухының» мүшелері өз бетінше, партия арқылы, Парламент пен мәслихаттардағы AMANAT фракциялары арқылы жан-жақты іске асыруы тиіс.
Съезде қабылданған «Жастар рухы» бағдарламасында бірқатар маңызды шаралар көзделген. Олар: жас депутаттар санын көбейту, жастарды заң жобаларын әзірлеу жұмысына тарту, сайлау кезінде бақылаушы болу, өзекті мәселелер бойынша жыл сайынғы тыңдаулар ұйымдастыру, мемлекеттік және өңірлік даму бағдарламаларына атсалысуға тарту, тәлімгерлік және консультациялық жұмыстарды, дебат орталықтарын кеңейту, оқу-ағарту, салауатты өмір салтын және отбасылық құндылықтарды насихаттау, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған шараларды іске асыру, экологиялық және волонтерлік жобаларды кеңейту.
Партия жетекшісі Ерлан Қошанов «Жаңа Қазақстанның» іргесі жастар болашағы үшін қаланып жатқанын айтты. Ол: «елдегі реформалардың мәні әрқайсысыңыз еліміздің саяси өмірінде, бизнесте және басқа да қоғамдық маңызды салаларда тең мүмкіндіктерге ие болуларыңызды көздейді», - деп айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев съезд делегаттарына (жалпы еліміздің барлық жастарына) бейне үндеу жасап, «Жаңа Қазақстан» жастары үшін үш негізгі басымдықты атады. Бұл - білімге деген ұмтылыс, еңбексүйгіштік және патриотизм. Бүгінгі таңда бұл құндылықтар тек жастарға ғана емес, сонымен қатар елге пайда әкелгісі келетін әрбір азаматқа қажет. Әрине мемлекет те өз кезегінде бәріне пайдалы болуы керек.
Мемлекет басшысы атап өткендей, «жастардың қатысуымен еліміз азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыруды қамтамасыз ете отырып, бәсекеге қабілетті болуы тиіс». Өз Отанына пайдалы болу әрбір жастың негізгі мақсаты болуы керек» - деп жазды Данияр Әшімбаев.