Визасыз режим туризмнің тынысын аша ма?
Визасыз режим туризмнің тынысын аша ма?
583
оқылды
Қазақстанның Қытай, Үндістан, Иран азаматтарының 2 апталық сапар­ларына визасыз режим енгізуі әлеу­меттік желі­де қызу талқыланып жатыр. «Елде қы­тай­лар мен паранжа кигендер қап­тай­ды» деп алаңдаушылық білдіре­тіндер де көп. Дегенмен сарапшылар қара­пайым халықтың бұл қаупі негізсіз деген пікірді қуаттайды. Сонда да болса коро­навирус инфекциясы қайта өршіген тұста Үкіметтің мұндай қадамға барғаны белгісіз. Әрі турист болып келген ше­тел­­діктердің кейін осында қалып, миг­рант­қа айналып кету қаупін де жоққа шы­ғаруға болмайды. Саяхатшылардың келу саны шектеледі Қазақстанда Иран, ҚХР және Үндістан азаматтары үшін 14 күндік қысқамерзімді сапарларға визасыз кіру тәртібі енгізілгені белгілі бол­ды. Бұл туралы Сыртқы істер ми­нистрлігі хабарлады. Үкімет қау­лысымен «қолайлы инвестициялық ахуалды қалыптастырып, іскерлік байланыстарды жандандыру және елдің туристік әлеуетін одан ары жүзеге асыру» үшін Иран Ислам Республикасының, Қытай Халық Республикасының және Үндістан Республикасының азаматтары үшін визасыз кіру тәртібі енгізілді. Сыртқы істер министрлігі ше­шім аталған шетелдердің азамат­та­рына Қазақстан аумағында 14 күн­тізбелік күнге дейін, 180 күнтізбелік күнді қамтитын әрбір кезең ішінде жалпы алғанда 42 күнге дейін ви­засыз болуға мүмкіндік беретінін хабарлады. Бұл ретте 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап 57 шет мемле­кет­тің азаматтары үшін де Қазақ­станға визасыз кіру тәртібі қайта қалпына келтірілген-ді. Бұған ІІМ-нің Көші-қон қыз­меті комитеті түсініктеме берді. «2022 жылдың 8 шілдесінен бастап Қазақ­стан Үндістан, Иран және Қытай азаматтарына біржақты тәр­тіпте визасыз режим ашты. Үнді­стан мен Қытай үшін бұрынғы 72 сағаттық визасыз арнайы транзиттік режим күшін тоқтатты. Жаңа ви­засыз ре­жим шарттарына сәйкес, үш ел аза­мат­тары Қазақстанға шекарадан өт­кен сәттен бастап 14 күнтізбелік күн­ге дейін визасыз кіріп, жүре ала­ды. Іскерлік, жеке және туристік мақ­саттағы саяхат­тар­ға рұқсат еті­ле­ді» делінген ко­митет хабарламасында. Ведомствоның түсіндіруінше, осы елдердің азаматтары бұл мүм­кіндікті бірнеше рет пайдалана ала­ды. Бірақ визасыз режимде Қа­зақ­станда болу мерзімі 6 ай ішінде жал­пы саны 42 күннен асып кетпеуі тиіс екен. Яғни, жарты жылда Қа­зақ­станға визасыз 3 рет келуіне болады. Бұл хабар қоғамдық пікірді екіге жарды. Саясаттанушы Марат Ши­бұтовтың байламынша, бұған би­лікті мұқтаждық итермелеп отыр. Қазақстандық туризм пандемия кезінде күйреуге жақын қалды. Қазір де шетелдік саяхатшылардың елге ағылып жатқаны шамалы. Ресми дерекке сәйкес, Қазақстанға 2018 жылы – 8,8 миллион турист келсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 950 мыңға дейін құлдыраған. Осылайша, көп жыл өткен соң Қазақстан 2 апталық сапарлар үшін Қытай, Үндістан, Иран азаматтары үшін виза алуды жойып отыр. Бұл ретте Еуропалық одақ елдері мен АҚШ азаматтары үшін виза алу бізде 2014 жылы жойылғанын атап өту керек. АҚШ-тан бізге туристер қап­тап келеді деу қиын. Ал Үнді­стан, Иран, Қытай туристерін тарту үшін өзге елдер өзара бәсекеге түсіп жа­тыр. Мысалы, оларды Түркияда көп ұшырастыруға болады. Қазіргі дағдарысты шақта Қазақстанға мұ­най-газ секторына ғана иек артпай, экономиканы әртарап­тан­дыруға көшкен абзал. Сондықтан ақылға қонымды бетбұрыстар жа­сала бас­тады», – деді сарапшы. Оның пікірінше, үш елге қатысты шешім отандық туризмнің дамуына тың серпін береді. Турист кейпіндегі келімсек Әйтсе де, бұл қадамға күмәнмен қарайтындар да жетерлік. Отандық турфирманың менеджері, эконо­мист Гүлмира Ақайдар аталған ел­дердің азаматтары үшін Қазақстан тартымды туристік бағыт санал­майтынын айтады. Олар негізінен АҚШ, Еуропа, Оңтүстік Корея, Тайвань, Жапония, Гонконг, Тай­ланд, Сингапур, Вьетнам, Малай­зия мен Индонезияны таңдайды. Қазақстанға келетіндері 500 мыңға да жетпейді. Ал ирандықтар Түр­кияға, Араб елдеріне сапарлауға құмар, өйткені ағылшын тілін де біле бермейді. Маман ұқсас тәжі­рибе бұған дейін болғанына назар аудартты: 2018 жылғы сәуірден бас­тап, Үндістан мен Қытай ту­рис­тері үшін алғаш рет 72 сағаттық визасыз режим енгізілді. «Алайда әлемдегі халқы ең көп осы екі елден бізге туристер мил­лиондап ағылған жоқ. Біріншіден, визасыз режим тек транзиттік ту­ристерге берілді. Яғни, визасыз жүру үшін Қазақстан арқылы басқа елге ұшып кететінін растайтын құ­жаттарын, билетін көрсетуі керек. Екіншіден, визасыз режимді пай­даланған туристер Қазақстанға кіре сала, ары қарай транзитпен ұшуды тарс ұмытып, елде қалып қой­ма­уына, бытырап тарап кетпеуіне солардың құжатын рәсімдеумен айналысқан туристік ұйым жауапты деп белгіленді. Бұған турфирмалар қарсы болды. Қытайлық, үнділік әр туристің соңынан жүгіртіп қоя­тын­дай қаптаған командамыз, кү­зет­шілеріміз жоқ. Содан бұл жаңа тетік ішкі туризммен айналысатын ұйым­дар арасында сонша танымал бола алмады», – дейді сала маманы. Соған қарамастан, Үкімет осы екі ел азаматтарына арналған 72 сағаттық визасыз режимді 2020 жыл­ға ұзартты. Бірақ ол жылы пан­демия басталып, шекаралар жа­былды. Ол режим анабиоз күйіне көшті. Қазір оны 14 күндік визасыз режиммен ауыстырылды. Бұл жолы елге кіріп алған соң, 2 апта өтсе де кетпеген жатжұрттықтар үшін тур­фирмалар жауапқа тартылмайды. Ол енді құқық қорғау органдарының бас ауруына айналатынға ұқсайды. Қазақстандықтар осы үш елдің мигранттары қысқа визасыз ре­жимді заңсыз іс-әрекеттер үшін қолданады, заңсыз еңбек мигрант­тарының легі артады деп қауіп біл­діреді. Мысалы, көрші Қытай елі ұзақ жылдан бері өз азаматтарының Қазақстанға визасыз, емін-еркін кіріп-шығуына жол ашуды қолқа­лап сұрап келді. [caption id="attachment_205862" align="aligncenter" width="1229"]виза © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] ІІМ Көші-қон қызметі комитеті заңсыз миграцияға жол бермеуге ба­ғытталған шаралар қабылдана­тынына сендіреді. Шетелдік аза­мат­­тарға визасыз режим шеңберінде еңбек және басқа ақылы қызметпен шұғылдануға тыйым салынады. Егер олар 14 күннен артыққа қалып қойса немесе елде 6 айда 42 күннен көп болса, онда әкімшілік жазаға тартылады: біріншіден, 10-нан 25 АЕК-ке (биыл 30 630 теңгеден 76 575 теңгеге) дейін айыппұл са­лы­нады. Екіншіден, 15 тәулікке де­­­йін қамауға алынуы мүмкін. Үшін­­ші­ден, Қазақстан аумағынан аласта­тылады. Төртіншіден, сот ше­шімі бойынша оның 5 жылға Қазақстанға келуіне тыйым салы­нуы ықтимал. Дегенмен жазалау тетігінің тиім­ді нәтижеге әкелуі неғайбыл: поли­ция көшеде көрген қытай, үнді, иран­дықты тегіс тоқтатып, құжат­тарын, Қазақстанда қанша күн жүргенін жаппай тексере алмайды. Отандық туризмді дамыту өз қолымызда Бұған дейінгі 72 сағаттық виза­сыз режимнің тағы бір шектеуі бол­ған: оны тек Нұр-Сұлтан, Алма­ты, Шымкент, Ақтау, Қарағанды және Тараз халықаралық әуежай­лар арқылы транзитпен өтетін ҚХР, Үндістан азаматтары қолдана ала­тын. Бұл жолы ол шектеу толық алып тасталды: ҚХР, Иран, Үнді­с­тан азаматтарына әуе, құрлық, су жолдарымен келе беруіне рұқсат. Бұл ретте өткізу пункттерінде олар­дың паспортына уақыты көр­се­тіл­ген тиісті мөр-штамп басылады. «Транзиттік туристер» деген айқындауыштың алып тасталуының да себебі бар: жаңа қадам елге тек қарапайым саяхаттаушыларды ғана емес, іскер адамдарды да тартуға бағытталған. Шетелдік инвесторлар осы режим аясында сапарлап, 14 күн алшаң басып жүре алады. Осы­лайша, Үкіметке де, бизнес­мен­де­рімізге де Қытай, Үндістан, Иран компанияларымен халықаралық байланыстарды жолға қою жеңіл­дейді. Сарапшылар Үндістан мен Иранға ұшақтар сирек ұшатынын қаперге салды. Бұл фактор да ви­засыз режимнің өзін-өзі ақтауына әсер етуі мүмкін. Ұшақ билеті де қымбат: Алматы – Үндістан сапары 750 мыңнан, ал Нұр-Сұлтан мен Үндістанның қалалары арасындағы сапар 840 мыңнан басталып, бір­неше миллион теңгеге дейін жетеді. Тағы бір кедергі – пандемияның қайта ушығуы. Johns Hopkins University дерегінше, Үндістан коро­на­вирус жұқтыру жөнінен әлемде 2-орынға шықты. Мұнда 43,6 мил­лионнан астам адамы ауырған. Иран да 7,2 миллион дәл осы дертке шалдыққан. Қытай «COVID – 0» көрсеткішіне ұмтылып жатыр. Жал­пы алғанда, Қазақстан осы үш елден 500 мыңмен 1 миллион ара­сындағы саяхатшы келеді деп жоспарланған. Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаевтың айтуынша, 2021 жылдың қорытындысында ішкі туристердің саны 50 пайызға өскен. Бұл шамамен 6,9 миллион адам. Ал 2021 жылы шетелдік туристер саны күрт азайды, министр мұның себе­бін былтырғы карантин және сырт­қы шекаралардың жабық болуымен байланыстырады. Ұлттық парктерге келушілердің саны да артты. Отандық туристер арасындағы Іле Алатауы, Көлсай, Шарын сияқты орындар аса таны­мал. 2020 жылмен салыстырғанда қонақүйлердегі орындардың саны да артты. Елдегі 3 686 қонақүйде 193 мың төсек-орын бар. Бір Түркістан облысында 40 қонақүй салынды. «2021 жылы туризм саласы 109 млрд теңге табыс тапты. Негізгі өсім – ішкі туристер санының артуы ар­қасы. Мысалы, Ақмола облысын­да көрсетілетін қызметтер көлемі 3 миллиард, Маңғыстау және Түр­кі­стан облыстарында – 2 миллиард, Шымкентте – 1 миллиард теңгеге өсті», – деді Д.Абаев. Салада 2019 жылдан 2022 жылға дейінгі кезеңде 400 млрд теңгеден астам сомаға 290 инвестициялық жоба іске асырылды. 2021 жылы 226 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жоба іске қосылды, ал биылғы жыл басынан 5,2 млрд теңге болатын 14 инвестжоба жүзеге асты. Жыл басталғалы, қаңтар-сәуір айларында салаға 75,6 млрд теңге тартылды, 2022 жылға арналған жоспарлы көрсеткіш – 1 трлн теңге. Бүгінде 25 елмен 80 бағыт бо­йынша халықаралық әуе қатынасы қалпына келтірілді, құр­лық шека­ралары ашылды. Таяу келешекте визалық режимді одан ары либе­ра­лизациялау міндеті тұр. Қалай болғанда, сала маман­дары Үкіметтің үш елге қатысты шешіміне көп үміт артпайды. Қа­зір ішкі туризмде Қазақстан өз аза­маттарына иек артады, со­лардың тілеуін тілейді. Өйткені Қытай туристері топ-топ болып келеді әрі қытайлық турфир­ма­лар­дың қыз­метіне жүгінеді. Оқшау­лан­ған Ре­сейдің тұрғындары демалуға Қа­зақстанға ағылуда: соғыс сал­да­рынан биыл Қырым жабық. Алай­да ресейлік туристер аса сараң, тіпті тамағын да «бич-пакеттер» түрінде өзімен бірге ала келеді, бірігіп үй жалдайды, қонақүйлер қызметіне жүгіне бермейді.