Біздің елде күн сайын шамамен 145 адам отбасында түрлі деңгейдегі зорлық-зомбылыққа тап болады. Ресми статистика осы. Ал – ішкі істер органдарына шағымданбаған, сырты бүтін көрінгенімен, іші түтін шаңырақта өмір сүріп жатқандарды қоссақ, көрсеткіш бұдан да қорқынышты болғалы тұр. Бүгінде Қазақстанда үйдегі жақындарынан зәбір көрген әйелдер мен балаларға арналған 31 дағдарыс орталығы жұмыс істейді. Жақында астанадағы сондай мекемелердің бірі – «Үміт» дағдарыс орталығына барып қайттық. Қаланың шеткерірек тұсында орын тепкен бұл ғимарат бізге шарасыз қыз-келіншектерді өмірдің әділетсіздігінен қорғап қалатын арал тәрізді көрінді. Аты да дәл қойылған екен – әне-міне жалп етіп сөнгелі тұрған үмітті сақтап, қайта маздатып беретін үй...Әкем де, күйеуім де аямады
Журналист екенімізді естіген орталықтағы әйелдер ә дегеннен сұхбат беруден бас тартты. Оған түсіністікпен қарадық. Онсыз да қажып жүрген адам құлшынып қайбір ашылғысы келеді дейсің?! «Бәлкім, сіздердің хикаяларыңыз замандастарыңызға, сіңлілеріңізге ой салар, сабақ болар» дегенімізде, Құралай (есімі өзгертілді) есімді жүкті келіншек өз жағдайын баяндап беруге келісті.
– Жасым 21-де. Мұнда өткен айдан бері тұрып жатырмын. Күйеуім әкеліп тастаған, – деді ол.
Біз орталықтағы әйелдерді көбіне күйеуінен қысым көргендіктен келеді деп ойласақ, қателесіппіз. Кейде «абьюзер» деген анықтауыш ата-анаға да, енеге де, бауырға да қатысты қолданылатын жағдайлар болады екен. Оны біз Құралайдың оқиғасын естіп түсіндік.
– Бала күнімнен әкем анам мен үйдегі үш қызға күн көрсетпейтін. Үйдегі ең еті тірісі мен болдым. Өзім ІІІ топтағы мүгедекпін, бірақ «жұмысқа жарамды» деген анықтама алып, колледж бітірген соң жұмыс істедім. Тәп-тәуір жалақы алдым. Әжемнің қолында өскен соң ба екен, анаммен арамыз алыстау болды. Әжем қайтқан соң, үйдегілермен қарым-қатынасымыз мүлдем нашарлады: қосымша айналысып жүрген қолөнеріме рұқсат бермей қойды, жалақымның әр тиынына дейін сыпырып алатынды шығарды, үйде істеген еш тірлігім оларға ұнамайтын. «Мен соншалықты жаман адаммын ба? Неліктен менің бірде-бір жақсылығымды көрмейді?» деп іштей қынжылатынмын. Соның бәрі ашуыма тиді де, бір күні ойда-жоқта тұрмысқа шығып кетуді шештім. Сондағы ойым – осының бәрінен құтылу болатын. Сөйтсем қателесіппін, жағдай одан әрі шиеленісіп кетті, – деген Құралай осы сәтте дауысы дірілдеп, көзіне жас алды.
Болашақ күйеуімен интернетте танысқан оны алғаш кездескен күні-ақ алып қашыпты. Жолдасы өзінен 14 жас үлкен болып шыққан.
– Ол үйде енем араға түсе беретін. Күнде ұрыс-керіс. Кейін бөлек шықтық. Бірақ аяқтан тұрып кете алмадық. Жолдасымның тұрақты жұмысы болмады, 1-2 күн құрылыста істеп келеді, одан кейін жалқауланып бармай қояды. Мен ақша табайын деп жұмысқа шығып едім, «үйдің шаруасына қара» деп оныма қарсы болды. Нанға ақша таппай қалған күндер де басымыздан өтті. Кейін аяғым ауырлады. Пәтерде жағдайымыз мүшкіл болып кеткен соң сәбиіме бірдеңе болып қалмасын деп, төркініме барып тұрдым. Онда да қайбір тыныштық бар дейсің, әкем баяғы мінезіне басып, күнде жекиді. Бір күні үйден қуып шықты. Қайда сыйғызарын білмеген соң жолдасым осы орталыққа әкеліп тастады. Бір айдың ішінде бір-ақ рет соқты. Алда не істейміз десем, жарытып ештеңе айтпайды. Ажырасқым келеді. Бұлай белгісіздіктен қорқып өмір сүргім келмейді. Депозитімде осыған дейін тірнектеп жинаған 1,5 миллиондай ақшам бар, тым болмаса соны шешіп, осы орталықтан шыққан соң пәтер жалдап тұрармын. Аман-есен босанып алсам екен. Әзірге өз ойымды жинақтап, алдағы жоспарларымды нықтап алуға осындағы тыныштық жақсы көмектесіп жатыр, – деді кейіпкеріміз.
Қорғансыздың күні
«Үміт» дағдарыс орталығы 2013 жылы ашылыпты. Сол күннен бері оның қызметіне 2002 адам келіп жүгінген. Қазір 134 адам қызмет алып жатыр, оның 41-і – әйелдер, 93-і – балалар.
Бұл жерге әйелдер өз тілегі бойынша да, ішкі істер, денсаулық сақтау, білім беру органдарының жолдамасы бойынша да орналаса алады. Мұнда түскен 72 сағаттың ішінде әйелдер мен олардың кәмелет жасқа толмаған балаларын медициналық тексерістен өткізіп, бос төсектерге жайғастырады, егер ана көпбалалы болса, оларға жеке бөлме береді.
Дағдарыс орталығының әлеуметтік жұмыс жөніндегі маманы Жұлдыз Баймағамбетованың айтуынша, мекемеге келіп түскен әйелдер – физикалық (94 пайыз) қана емес, сонымен қатар экономикалық (97 пайыз), психологиялық (100 пайыз) және жыныстық (56,5 пайыз) зорлық-зомбылық көргендер. Араша сұрап келгендердің 87 пайызы – қазақ ұлтының өкілдері. Ресми некедегілердің үлесі 55 пайыз болса, 21,5 пайызы азаматтық некеде тұрған, 15,7 пайызы ажырасқан, 7,8 пайызы ата-анасы мен туыстарының қысымына ұшыраған. Жыл басынан бері орталық қызметіне жүгінген әйелдердің 15-і жоғары білімді, 13-і орта білімді болса, 7-еуінің орта кәсіби білімі бар, 2-еуі – студент, 1-еуі – магистрант.
«Әйелдер некедегі күйеуінен ғана емес, бұрынғы күйеуінен, азаматтық некедегі серігінен, тіпті ата-анасынан, ата-енесінен, туыстарынан зорлық-зомбылық көріп жатады. Өкініштісі, әйелдер бас сауғалап осында тығылса да, дүкенге немесе жұмысына шыққанда күйеуі, экс-күйеуі немесе серігі ізінен аңдып, көшеде соққыға жығып кететін жайттар да болады. Біздегі бір келіншекті автобустан түскен бойда бұрынғы күйеуі ұрып-соғып, ол екі айдай ауруханада жатты», – дейді орталық қызметкері.
Демек, бұл – қысымға ұшыраған әйел ешқашан толықтай қауіпсіздікте болмайды деген сөз. Отбасында зорлық-зомбылық көрсеткен адамға қатысты шығарылған қорғау нұсқамасының күші небәрі 1 айға жетеді. Оны ұзарту үшін әйел ай сайын полицияға жүгініп отыруға тиіс. Қорғау нұсқамасын бұзған жағдайда абьюзерге ескерту жасалады немесе бес тәулікке әкімшілік қамаққа алу шарасы қолданылады. Бар болғаны осы ғана. Әйеліне әлімжеттік көрсетіп, әділетсіз күрес бастайтындардың аяқ-қолын тыймай, тайраңдауын тоқтатпайтындары содан деп түйдік.
Анасы – «мысық», әкесі – «қасқыр»
Бағана айтқан 2002 адамның жартысынан көбі – анасымен еріп келген балалар. Қорлыққа тап болған ересек әйтеуір қашса да, полицияға арыз берсе де, төркінін паналаса да, бірдеңе қылып өзін қорғап алуға күші жетер дейміз. Мұндай ситуацияда ең дәрменсіз қалатыны – бала. Бала тіпті өзін қорғамақ түгілі, сұмдық жайтты бастан кешіп жатқанын дұрыстап түсінбеуі де мүмкін. Кейде олар мұның бәріне өзін ғана кінәлі санайды. Мұны бізге дағдарыс орталығының психологы Әсел Асылбекова айтты.
«Балалар үйдегі ережеге берік. Үлкендер «айтпаңдар» деген нәрсені тісінен шығармайды. Сондықтан орталыққа анасымен бірге еріп келген балаларды ә-дегенде сөйлету оңай емес. Мен көбіне сурет салдыру техникасын қолданамын. Әкесі анасына жәбір көрсететін отбасының балалары көбіне өзі мен анасын мысық, күшік сияқты үй жануары етіп бейнелесе, әкесін қасқыр, жолбарыс сияқты жыртқыштың образында салады. Кей балалар ата-анасын бейнелегенде, оларға көз, құлақ деген мүшелерін салмайды. Бұл «мені естімейді», «мені елемейді» деген жанайқайды білдіреді», – дейді ол.
Психологтың айтуынша, үнемі анасын әкесінің қысымынан қорғап өскен бала ересек өмірге барғанында өзі де сол сценарийді қайталауы мүмкін.
«Себебі бала үнемі «құтқарушы супермен» болып үйреніп қалған. Оған анасы риза болады, алғыс айтады, айтқанының бәрін орындайды. Мұндай бала көбіне болашақта бейсаналы түрде анасының образындағы әйелді іздейді. Егер жұбайы ондай болмай шығып, оған қарсы келетін болса, үйреншікті рөлін атқара алмағандықтан, қаһарына мініп, оған күш көрсетуі ықтимал», – дейді Әсел Асылбекова.
Алдағы күнді айтпағанның өзінде әлгі әкелер әр баланың ең үлкен бақыты – алаңсыз балалық шағынан айырып жатқанының өзі не тұрады?!
ТҮЙІН: Дағдарыс орталығы әйелдерге уақытша баспана болып қана қоймай, оның бұдан арғы өміріне қамқорлық танытып, бір жыл бойы хал-жағдайын біліп тұратыны қуантты. Одан бөлек, бұл ұйым келіншектердің аяқтан тұруына – жұмысқа орналасуына, арнайы білімі жоқ болса курстардан өтуіне, құжаттарын дұрыстауына, денсаулығын түзеуіне, үй алуына көмектеседі. Мәселен, биыл орталыққа жүгінген 1 әйел «5-10-20» тұрғын үй бағдарламасымен, 2 әйел «Отбасы банктен» пәтер рәсімдесе, 3 келіншек тігін курсын тәмамдап шыққан, 8-і жұмысқа орналасқан, 1 әйел мерзімі өтіп кеткен төлқұжатын қайта жасатқан, 5 келіншектің балалары тегін балабақшамен қамтамасыз етілген. Осылайша, бұл орталық құдды бір солғалы тұрған гүлдің топырағын ауыстырып, су құйып, қайта басын көтерткендей, әйелдердің де түскен еңсесін тіктетіп, үмітін жалғайды.
P.S. Дағдарыс орталығына 49-78-89, 8-707-336-20-36 телефон нөмірлері арқылы жүгінуге болады.