«Алтын орданың» қожайыны кім?
«Алтын орданың» қожайыны кім?
Фото: ru.sputnik.kz
1,116
оқылды
Алматының бейресми символына айналып кеткен әйгілі «Алтын орда» базарының басынан дау арылмай тұр. Қаңтар оқиғасынан кейін дәл осы сауда орнына қатысты көп шындық мәлім болды. Президенттің өзі жауаптыларға «Алтын орданың» маңайындағы кейбір былықтарды реттеуге тапсырма берген болатын. Сонда да болса базар төңірегіндегі қожайындары арасындағы талас-тартыстан басталып, сауда орындарының санын жасырып, салықтан жалтаруға дейін жалғасқан мәселелер шешіле қоймады. Басшы көп жерде... Ақпан айында Сауда және ин­теграция министрлігі «Алтын Ор­да» базары Kurylys LTD жауап­кер­шілігі шектеулі серіктестігіне тие­сілі екенін хабарлады. Құзырлы орындардың тексерісі аталған се­ріктестік тарапынан 1 миллиард 600 миллион теңге көлемінде заң­бұзушылыққа жол бергенін анық­тады. Айтпақшы сол тексерулерден соң базардың иесі ретінде Данияр Әлпиев деген азаматтың аты атал­ды. Данияр Әлпиев – базардың ал­ғашқы құрылтайшысы Ал­тын­бек Әлпиевтің ұлы. Аз уақыттың ішінде Алматы қаласымен бірге рес­пуб­ликаның оңтүстік өңіріне танылып үлгерген базар негізін қалаған Алтынбек Әлпиев 2007 жылы кісі қолынан қаза тапты. Ал базар Kurylys LTD жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің меншігіне өтеді. «Алтын орданың» жаңа қожа­йыны өзін аталған сауда орнының шын иесі екенін, кезінде оны әке­сінің өлімінен кейін рейдерлік жолмен тартып алғанын мәлімдеді. Тіпті, ол әділдікке қол жеткізу үшін Президентке үндеу жария­лады. «Алтын Орда» базары 2000 жылдардың басында құрылған. Осы жылдар ішінде әкем Алтынбек Мұқашұлының жетекшілігімен сауда орны дамып, кеңейді. Ба­зарда мыңнан астам жұмыс орны ашылды. 2007 жылы әкем Әлпиев Алтынбек жұмбақ жағдайда қаза тапты. Осы оқиғадан кейін біздің еркімізден тыс базарды басып алу операциясы жасалды», – деді Данияр Әлпиев. Президентке үндеуінде Д.Әл­пиев «Алтын Орда» базарын рей­дерлердің басып алу фактілерін және Алтынбек Әлпиевті өлтірудің астары туралы егжей-тегжейлі баяндаған. Осылайша, ел арасында ба­зар­дың заңды иесі оралды деген ақ­парат қалыптасқан. Алайда бірер күн бұрын «Алтын орданың» тағы бір қожайыны бар» деген ақпарат желдей есті. Кезінде жоғары қыз­мет атқарған бұл кісінің базардың 95 пайызына иелік ететіндігі де айтылып жүр. Базардың иесі ретінде аты аталатын Еркебұлан Хамзин Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Эконо­ми­калық тергеу департаменті бас­тығының бұрынғы орынбасары. Бір қызығы, елордада жауапты қызмет атқарған жанмен Алма­тыдағы «Алтын орда» базарын не байланыстыратындығы туралы мә­лімет жоқ. Бірақ құқық қорғау­шы Дәурен Ғабдул құқық қорғау органдарынан «Алтын Орда» ба­зары оның бұрынғы қожайын­дарынан заңсыз тартып алынғанын айтты. Оның дерегінше, «Алтын Орда» базарының 95 пайызы Ер­кебұлан Хамзиннің Компания Number One жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіне ақпан айының соңында сатылған. Ал жоғарыда аты аталған Данияр Әлпиев «Ал­тын орда» акциясының 5 пайызына ғана иелік етеді екен. Дегенмен базардың басшылығына сәуір айынан келген Данияр Әлпиевпен саудагерлер тіл табыса алмай жүр. Әлпиевті әлекке салды Екі жыл бұрын базарда сауда­герлерді жылы әрі ыңғайлы сауда орындарымен қамтамасыз ету үшін жабық сауда кешенін салу қол­ға алынған. Осылайша, 2020 жыл­дан бастап екі қабатты 30 мың шаршы метрлік сауда орталығы­ның құрылысы басталған. Ғима­раттардан орын алу үшін 800 кә­сіпкер бірігіп, Altyn Orda QazTrade LTD жауапкершілігі шектеулі се­ріктестігі құрылысқа 4 млрд теңге салған. Наразылыққа шыққан­дар­дың айтуынша жаңа келген базар басшысы жаңа сауда орталығынан кәсіпкерлерге тиесілі орынды бер­мейміз депті. Бұл мәлімдемені Altyn Orda QazTrade LTD жауап­кершілігі шектеулі серіктестігінің өкілі де қуаттады. «Басталған құрылыстың 95 па­йызы бітіп тұр. 21 сәуірден бастап ба­зар Данияр Әлпиевтің компа­ния­­сына өтті. Ал базарды осы күн­­ге дейін басқарып келген Altyn Orda QazTrade LTD жауапкершілігі шек­теулі серіктестігіндегілер күш­пен қуылды. Енді ақшасын төлеп қой­ған кәсіпкерлерге бітуге ай­нал­ған сауда кешенінен орын бер­мей­міз деп жатыр. Мақсатымыз – сау­да ор­нының құрылысын аяқтап, ақ­ша салған кәсіпкерлерге тиесілі орын­дарын бөліп беру. Біздің осын­­­да жиналған барлық кәсіп­кер­лермен келісімшартымыз бар», – дейді аталған серіктестік өкілі Дәулет­жан Деменбаев. Наразылығын білдіруге жи­нал­ған саудагерлер жаңа келген қо­жайын жабық сауда орнынан өзде­ріне тиесілі орындарын бер­мей қоя ма деп алаңдайды. Тіпті, жиналғандардың ішінде жаңа орыннан бірнеше сауда нүктесін алуға ниеттеніп, алды 7 миллион, кейбірі 20 миллион теңгеге дейін төлеп қойғандар да бар екен. Дегенмен базар құрылтай­шы­лары бұл дауды сауда орнының бұ­рынғы басшыларының аранда­тушылық әрекеті деп бағалады. «Алтын орда» базарына құ­рыл­тайшылық етуге 22 сәуірден бастап келдік. Жаңа сауда орнына ақша төлеген кәсіпкерлер алаңдамаса болады. Себебі біз осы ғимараттың қалған құрылыс жұмысын бір жарым айдың ішінде бітіреміз. Содан кейін осы кешеннен дүң­гіршек алуға ақша төлеген барлық кәсіпкерлерге тиесілі орындарын береміз. Меніңше, бұл даудың ар­тында базардың бұрынғы қожа­йын­дары тұр», – дейді базарға ие­лік ететін компанияның бас әкім­шісі Ермек Марқабаев. Десе де, базардың жаңа қожа­йындары сауда орындарын алу үшін кәсіпкерлердің қанша ақша төлегенінен хабарсыз екендігін де айтып қалды. Себебі алдыңғы ком­пания өкілдері бұларға бірде-бір тиісті құжат қалдырмаған. Оның айтуынша, кәсіпкерлерден ғима­рат құрылысы үшін ақша жинау тоқ­татылған. Сауда кеше­ні құры­лы­сының қалған бөлігін құрыл­тайшылар өз қаржысына бітіреді. Алайда базарға иелік еткісі ке­летіндер арасындағы дау мұнымен бітпейтін сияқты. Жақында Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС ди­ректоры Данияр Әбдіғаппаров та Президент Қасым-Жомарт То­қаев­тан көмек сұрап үндеу жария­лады. Базардың эск-иесінің ай­туын­ша, «Алтын орда» базарын өзі­мен аттас Әлпиевтің адамдары келіп, рейдерлік жолмен тартып алған көрінеді. Әдіғаппаров өз үндеуінде Мемлекет басшысынан осы мәселенің ақ-қарасын анық­тауға пәрмен беріп, араша түсуін сұраған. «Үшінші» күштер «үлесін» алып келген Көпшілікке белгілі және бел­гісіз бірнеше қожайынның ара­сында талас-тартыс жүріп жатқан тұста, алып сауда орнын біреулер майшелпекке айналдырып алғаны да белгілі болды. Үкіметтің ақпан айындағы кеңейтілген отыры­сын­да Мемлекет басшысы барлық жа­уапты орындарға осы мәсе­лені майшаммен қарап, келең­сіз­дік­терді ретке келтіруді тапсырған. «Сауда-саттықтағы тиімсіз дел­далдыққа тоқтау салатын кез келді. Мысалы, 3 миллион адам тұратын Алматы қаласы мен оның төңі­ре­гіндегі елді мекен тұр­ғын­дары тұ­тыну тауарларын көбіне «Алтын Орда» базарынан алады. Алматы облысы мен Алматы қаласының әкімдеріне Үкіметпен бірлесіп, базарды тексеруді және тәртіп ор­натуды тапсырамын. Бұл жер пай­дакүнемдер үшін нағыз май­шел­пекке айналған. Қажет болса, бұл жұмысқа құқық қорғау органда­ры атсалыссын», – деген болатын Президент Қасым-Жомарт Тоқаев. Кейбір деректер бойынша, базардағы бағаны сатушылар мен базар әкімшілігі емес, мүлдем бел­гісіз «үшінші күштер» реттеп кел­ген көрінеді. Мәселен, базарда бір келі ет қазіргі таңда 2500-2600 тең­геден сатылып жатыр. Негі­зі­нен ет қала маңайындағы жеке ша­руа қожалықтарынан жеткі­зіледі. Бірақ етін арқалап базарға келген шаруаны ет сатушылардан бұрын делдалдар күтіп алады. Олар шаруадан еттің әр келісін 1800 теңгеден мәжбүрлі түрде са­тып алып, ет сатушыларға 2100-2200 теңгеден өткізеді екен. Яғни, арадағы 300-400 теңге әлдекім­дердің қалтасына кетіп жатыр. Ай­налып келгенде бұл әрекет қа­рапайым сатып алушылардың қал­тасын қағады. Былыққа батқан базар Мемлекет басшысы «Алтын ор­даның» төңірегіндегі түрлі заң­сыздықтарды реттеу үшін тиісті орындарға екі ай уақыт берген бо­латын. Іле-шала «Сауда нары­ғын­дағы бәсекелестік туралы» заңнама талаптарына сай тексеріс жүргізіліп, оның нәтижесі бойын­ша Altyn Orda QazTrade LTD ком­паниясына қатысты әкімшілік іс қозғалған. Бұл ақпарат Бәсеке­лес­тікті қорғау және дамыту агентті­гінің сайтында жарияланды. Агенттік парақшасындағы рес­ми мәліметке сенсек, Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департамент мамандары 2022 жылғы наурызда Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС қызметіне тексеріс жүргізген. Департамент ма­мандары серіктестіктің моно­по­лия орнатып, бәсекелестік туралы заңнаманы бұзғанын анықтаған. Мамыр айында Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС жөнінде әкім­­шілік іс қозғалып, іс мате­риал­дары Алматы облысы Қара­сай аудандық әкімшілік құқық­бұзушылықтар жөніндегі маман­дандырылған ауданаралық сотына жолданған. Одан соң салық орындарының тексеріс нәтижелері пайда болды. Олар келтірген дерек бойынша, Kurylys LTD ЖШС 3 жылда са­лық­тың барлық түрі бойынша бюд­жет­ке бар-жоғы 41 млн теңге ғана тө­лепті. Биыл ақпан айындағы ка­мералдық бақылау нәтижесінде компания қызметінен 298 миллион теңге салық заңнамасын бұзушы­лық анықталды. Осы тексерістен кейін іле-шала ұйқысынан оянған компания көрсетілген берешектің 106 млн теңгесін төлеп үлгеріпті. Тағы бір тексерістен белгілі бол­ғандай, серіктестік аумағын­дағы 44 құрылыстың 26-сын иелері рұқсат беру құжаттарынсыз, өз бетінше салып алған. Соның 7-еуі Ақсай өзенінің су қорғау аймағы ше­гінде салынған. Ең сорақысы, құ­зырлы органдар осы жердегі 17 ны­санды сүру туралы актілер шы­ғарған. Сөйте тұра, аталған ны­сан­дар күні бүгінге дейін еш кедергісіз жұмыс жасап келген. Бір қызығы, серіктестік жер­гілікті атқарушы органның тиісті шешімін алмай-ақ «Алматы–Бішкек» автомобиль жолының бо­йында, яғни қызыл сызық ше­гін­де ортақ пайдаланымдағы жер­лерді иемденіп келген. Ол жерлерге жалпы ауданы 321 шаршы метрді құрайтын сауда дүңгіршектері заңсыз тұрғызылған. Мұның сыр­тында базар аумағына жалпы ау­даны 1,3 гектар мемлекет менші­гін­дегі жер учаскесі кіріп кеткен. Бұл мәліметтерді Президент тап­сыр­масынан кейін тексерісті қолға алған Сауда және интеграция ми­нистрлігі жариялап отыр. Министрлік анықтаған тағы бір дерек, базар аумағында мың­даған адам «көлеңкелі» саудамен айналысқан. Тексеріс нәти­же­сін­де 2 898 бизнес субъектісі тір­кеуге қойылды. Сондай-ақ базар аума­ғында 63 ғимарат, 3 су мұна­расы,4 408 сауда орны бар екені белгі­лі болды. Алайда компания құ­зырлы орындарға берген есеп­тері мен декларацияларында тек 11 ғимарат пен 3 600 сауда орны бар деп көрсеткен. Сол арқылы базар басшылығы 400 миллион теңге кө­лемінде салық төлеуден жал­та­рып келген. Ол аздай, Алматы қалалық Тө­тенше жағдай департаменті де бі­раз былықтың бетін ашқан. Депар­та­мент мамандары базар аумағында өрт қауіпсіздігі қағидаларын бұ­зу­дың 200-ден аса дәйегін анықтапты. Бір ғана «Алтын орда» ма­ңа­йындағы осыншама мәселе Пре­зидент пәрменінен кейін бас­талған кешенді тексерістің нәти­жесінде анықталып отыр. Маман­дар мен сарапшылардың айтуын­ша, әйгілі базардың төңірегін­де­гі дау-дамай бұнымен аяқтал­май­тын секілді. Өйткені «Алтын ор­даның» арғы-бергісін қазбалау жұ­мыстары әлі күнге жалғасып жат­қан көрінеді.

Алматы қаласы