Маңғыстаулық Раббим Борашовтың жалпы ұзындығы 4 500 шақырымды құрайтын «Ақтау – Мұзтау» велосапары аяқталуға жақын.
62 жастағы велошабандоз қарт Каспийден өр Алтайға дейінгі велосапарында аталардың жүрген жолын басып өтуді мақсат еткен.
«Қазақтың ұлан-ғайыр даласын велосипедпен шарлап, жол-жөнекей киелі жерлер мен елдерге соғып, аққулы көлі мен қаңбақты шөлін өз көзіммен көру, сезіну еді. Осы арқылы ішкі туризмді дамытуға үлес қосып, қазақ даласының кереметтерін әлемге паш еткім келді. Бұған қоса, салауатты өмір салты мен тарихи мұраларымызды насихаттауды жөн көрдім. Алшақ жатқан елді мекендерді орталыққа тасжолдармен байланыстыруды, жаңа ұрпаққа жеріміздің кеңдігі мен тарихымыздың байлығын дәріптеу секілді миссиялардан тұрады», – дейді Раббим Борашов.
Велосаяхатшы бұл сапарын 2020 жылы бастаған болатын. Киелі Маңғыстаудан басталған сапар Шалқар елді мекені арқылы Торғай даласына, Атбасар арқылы 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласына жетіп тоқтаған. Биыл маусымнан қайта жалғастырған ол Нұр-Сұлтаннан Қарағанды–Қарқаралы арқылы Абай мен Шәкәрім тарихи-мемориалды кешеніне соғып, жаңа облыс орталығы Семей қаласына тоқтады. Содан соң Өскемен–Катон-Қарағай бағытымен Берел қорғаны арқылы Қаракөлге жетті. Саяхатшы 4 500 шақырымды артқа тастап, сапардың соңғы мәресі – өр Алтайдың Мұзтауына да таяды.