Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Кітап оқитын ұлт» республикалық жобасы аясында Түркістан қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5574 әскери бөлімінің кітапхана қоры түркітілдес халықтардың әдебиеттерімен толықты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Бұл бастама Түркістандағы Түркітілдес халықтар кітапханасы мен әскери бөлім арасында орнаған ынтымақтастықтың нәтижесінде жүзеге асуда. Тараптар арасындағы өзара байланыс әскери қызметшілердің кітап оқуға қызығушылығын арттырып, түрлі халықтардың әдеби және мәдени мұрасына қолжетімділігін кеңейтуді көздейді.

5574 әскери бөлімінде еліміздің әр өңірінен шақырылған, түрлі этнос өкілдерінен құралған сарбаздар қызмет етеді.

Сондықтан кітапхана қорын олардың ана тіліндегі және өз халқының тарихы мен мәдениетін танытатын әдебиеттермен байытуға ерекше мән беріліп отыр. Қорға өзбек, ұйғыр, түрікмен, қырғыз, әзербайжан, татар және басқа да түркі халықтарының тілдеріндегі кітаптар қосылуда.

Жаңа әдебиеттер сарбаздарға өз ұлтының тарихын тереңірек танып, рухани мұрасын зерделеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар өзге халықтардың әдебиетімен танысу арқылы олардың мәдениеті мен дәстүріне деген құрмет қалыптастыруға жол ашады.

Айта кетейік, ұландықтардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған «BOOKGUARD» әдеби челленджі алғаш рет дәл осы 5574 әскери бөлімінде бастау алған. Жыл басынан бері жобаға Ұлттық ұланның барлық әскери бөлімінің әскери қызметшілері қатысып, төрт мыңнан астам кітап оқыды.
