4 500 шақырымдық велосапар
4 500 шақырымдық велосапар
Маңғыстаулық Раббим Борашов­тың жалпы ұзындығы 4 500 шақырым­ды құрайтын «Ақтау – Мұзтау» велосапары аяқ­талуға жақын. 62 жастағы велошабандоз қарт Каспийден өр Алтайға дейінгі вело­сапарында аталардың жүрген жолын басып өтуді мақсат еткен.
«Қазақтың ұлан-ғайыр даласын велосипедпен шарлап, жол-жөнекей киелі жерлер мен елдерге соғып, аққу­лы көлі мен қаңбақты шөлін өз көзіммен көру, сезіну еді. Осы арқылы ішкі туризмді дамытуға үлес қосып, қазақ даласының кереметтерін әлемге паш еткім келді. Бұған қоса, салауатты өмір салты мен тарихи мұраларымызды насихаттауды жөн көрдім. Алшақ жатқан елді мекендерді орталыққа тасжолдармен байланыстыруды, жаңа ұрпаққа жеріміздің кеңдігі мен тари­хымыз­дың байлығын дәріптеу секілді миссиялардан тұрады», – дейді Раббим Борашов.
Велосаяхатшы бұл сапарын 2020 жылы бастаған болатын. Киелі Маңғыстаудан басталған сапар Шалқар елді мекені арқылы Торғай даласына, Атбасар арқылы 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласына жетіп тоқтаған. Биыл маусымнан қайта жалғастырған ол Нұр-Сұлтаннан Қарағанды–Қар­қаралы арқылы Абай мен Шәкәрім та­рихи-мемориалды кешеніне соғып, жаңа облыс орталығы Семей қаласына тоқтады. Содан соң Өскемен–Катон-Қарағай бағытымен Берел қорғаны арқылы Қаракөлге жетті. Саяхатшы 4 500 шақырымды артқа тастап, сапардың соңғы мәресі – өр Алтайдың Мұзтауына да таяды.