Болашақ, Жалғыздық және Бақыт министрлігі
Болашақ, Жалғыздық және Бақыт министрлігі
370
оқылды
Адамзат өзінің бұрын-соңды көрмеген даму деңгейіне жеткен секілді. ХХ ғасыр дүниежүзілік соғыстар, ядролық жарылыстар, техникалық дамумен есте қалса, қазір адам баласы өркениет жетістіктерінің рахатын көріп жатқандай. Әрине, барлығы емес. Сол үшін кейбір елдердің үкіметтері де өз құрамын, министрлік атауларын, олардың мақсат-міндеттерін заман мен адам талабына сай өзгертіп жатыр. Бірақ одан нәтиже бар ма? Біріккен Араб Әмірліктері Болашақ, Мүмкіндік, Жасанды интеллект және Бақыт министр­лік­терін құрды. Бұған дейін елін бақытты ету үшін Бутан да арнайы ведомство құрған еді. Үндістан мен Нигерия штаттары да осын­дай мекеме құрса, Венесуэла­да Социа­листік бақыт министрлігі дүниеге келді. Ал 2018 жылы Ұлы­бри­танияда жалғыздық мәселесі­мен айналысатын бөлек орган ашылды. Бұл елдердің ниеті түзу болғанымен, экономикалық даму деңгейі әртүрлі. Сондықтан атал­ған ведомстволардың жұмыс нәти­жесі де алуан, тіпті кейбірі жабы­лып та қалды. Бұл іске араб әмірліктері бел шеше кіріскендей. Яғни, эко­но­мика тек қарқынды дами бер­меу керек. Оның игілігін аза­маттар да сезінуі тиіс. Осы мақсатта бұл елде жоғарыда айтылған үш министрлік пайда болды. БАӘ-нің көздегені – адам капиталын да­мыту, оған инвестиция салу, оны шы­найы бақытты ету барлық сала­ға оң әсерін тигізеді. Ол үшін әр адамды бақуатты етуге тырысу қажет, яғни «бақытты» мектептер соғып, адам риза болатындай қызмет көрсету керек. Бұл міндеттерді Бақыт ми­нис­трлігі атқарады. Сондай-ақ атал­ған мекеме өзге министрліктердің шешімі адамның бақытына ықпал ету деңгейін де тексереді. Меке­менің жетекшісі, Бақыт министрі Охуд Әл-Румидың айтуынша, қатардағы азаматтар оның ми­нистр­лігіне арыз-шағымын айтып, ұсынысын жеткізеді екен. Өз кезегінде бұл ведомство елде өзге діндерге төзімділік танытуды үйрететін тренинг өткізу қажет деген шешімді үкімет деңгейінде бекіткен және «бақыт патрулін» енгізген. 2018 жылы қазан айында полиция Дубайда жол ережесін бұзғандарды жазаламай, қайта заңды қатаң ұстанатын азамат­тарға сыйлық ваучерлерін тапсыр­ған. Яғни, бұл орган өз азамат­та­ры­мен жұмыс істеу стилін өзгерте бастаған, олардың іс жүзінде қысым көрмей, бақытты болуына бағытталған шаралар қабылдап жатыр. Ал осы елдің Болашақ ми­нистр­лігі мұнайдың соңғы баррелі таусылғанда әмірлік қалай дамуы қажет деген сұраққа жауап іздейді. Осы мақсатта алдын алу шара­ла­рын қабылдап, жарқын келешекті қамтамасыз ететін жобалармен айналысуы мүмкін. Әмірліктердің Мүмкіндіктер министрлігі – вир­туалды министрлік. Онда министр жоқ, оны үкімет мүшелері бас­қа­ра­ды. Оның атқарар міндеті сан алуан: елдегі дарынды балаларды ірік­тейді, мемлекеттік сатып алу­дың онлайн-платформасын жа­сақ­тайды, адамдардың заң бұз­бауын ынталандыратын әдіс­тер іздейді. Айтпақшы, Бақыт министр­лі­гін Үндістан мен Нигерия да тәжіри­бе ретінде бір-бір штатында ашқан екен. Үнді елінде бұл үшін ең кедей штаттың бірі таңдалған. Штат халықтың бақытын зерттеу үшін 500 млн доллар бөліпті. Әрине, тұрмысы нашар аймақта бақытты зерделеуге сонша қара­жат бөлудің өзі қызық. Алай­да қызық мұнымен шектелмеді. 2017 жылы аталған штаттағы Бақыт министрі Лал Сингх Арья бұрын өзінің саяси қарсыласын өлтіргені үшін айыпталып, істі болды. 2013 жылы Венесуэла дефольттың «қой­­науына» терең кіргенде президент Модуро Венесуэла жо­ғарғы социалистік бақыты ми­нистрлігін құрды. Жұрт жеуге нан таба алмай жүргенде, мұндай мекеменің құрылғаны кемі сар­казм секілді қабылданды. Ме­ке­менің міндеті көп еді, алайда дағ­дарыстан бюджеттің түбі көріне бастаған соң Бақыт ми­нистрлігі жабылып тынды. Яғни, адам бақыты тек рухани бай­­лыққа ғана емес, қаржының көле­міне де бай­ланысты екен. Британия бақыт үшін күрес­пе­се де, жалғыздықты азайту үшін арнайы орган құрды. Себебі бұл елде жалғыз жандардың саны 9 млн-ға жеткен. Олардың қатарын­да зейнеткерлер, жалғызбасты аналар және мүмкіндігі шектеулі жандар бар. Жалғыздық әдетте психологиялық жүдеуге, жүйке жүйе­сінің бұзылуына әкелуі мүм­кін. Сондықтан уақыт өте келе мұндай адамдардың өзгелер­мен танысуы, байланысуы қиын­дап кетеді. Осы саладағы пробле­ма­лар­ды шешуге Британ үкіметі 20 млн фунт бөлді. Қорыта айтқанда, адамзат Мас­лоу пирамидасындағы қажет­т­і­ліктер деңгейі бойынша баяу болса да жоғарылап бара жатқан­дай. Бұл даму жаңа мәселелерді туын­датып жатыр. Оларды ше­шуге дәстүрлі Еңбек, Денсау­лық сақтау, Білім, Әлеуметтік қорғау секілді ұғымы мен функциясы кең министрліктер талапқа сай емес­тей. Заманның даму бағыты мен жұрттың қалауын сезген кейбір ел басшылары жаңа мекемелер құрып жатыр. Әзірге, нәтижелері ауыз толтырарлық емес. Алайда бәрі уақыт еншісінде.   Нұрмұхамед БАЙҒАРА