Биыл қаңтар айының 5-нен 6-на қараған түні Шымкент қаласы әкімшілігінің алдында жаппай тәртіпсіздік болды, – деп жазады Polisia.kz.
Жаппай тәртіпсіздіктен кейін қаладағы барлық бейнекамераны жіті тексеріп, полицейлер күдіктілерді ұстады. Тергеу аяқталған соң іс сотқа жолданды.
«Күдіктілерге қатысты Шымкент қаласы әл-Фараби аудандық соты биыл 15 шілдедегі үкімімен ҚР ҚК-нің 272-бабы 2,3-бөліктерімен кінәлі деп танып, 3 адамды бас бостандығынан айырды», - делінген ресми хабарламада.
Бұған дейін Бас прокуратура бірінші қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов биыл қаңтардың 5-інен 6-ына қараған түні Шымкент қаласы әкімдігінің ғимаратына шабуыл жасағандар саны көп болғанын айтқан еді.
«Полиция әкімдікке баса-көктеп кірмек болған 3000-нан астам адамды сабырға шақырған. Басқыншылардың көпшілігінде қару болған. Полицейлер резеңке оқ пен жарықты-дыбысты гранаталарын пайдаланғанымен, нәтиже болмады. Басқыншылардың үш қарулы шабуылынан кейін қауіп күшейген соң қару қолдану туралы шешім қабылданды. Шабуыл жасаған 20 адам қаза тапты», – деді Елдос Қилымжанов.