Сарыөзекті сансыратқан сан сауал
Сарыөзекті сансыратқан сан сауал
968
оқылды
Кербұлақ ауданының, оның ішінде аудан орталығы Сарыөзек ауылының жылдар бойы шешімін күткен проблемалары жетіп артылады. Соның ішінде ауызсуға жарымай отырған ауылдардың арызын арқалағандар күні бүгінге дейін талай табалдырықты тоз- дырғанымен, өзгеріс жоқ. Осыдан 25 жыл бұрын, 1997 жылы Талдықорған облысы тарқатылып, Алматы облысына қосылған кезде басқа елді мекендерді айтпағанда аудан орталығы Сарыөзектегі ауызсу тапшылығы өзекті мәселе еді. Содан бергі ширек ғасырдан асқан кезеңде сол таз қалпынан ажыра­мапты. Бірде тым өзектеніп, енді бір­де сәл саябыр­сып, жыл сайын қозғалғаны­мен, қайыр болмай тұр. Одан бері облыста алты әкім, ауданда алты әкім ауысты. Барлығы алғаш тағайындалғанында адамдарды әбден абыржытқан ауыз­суға және көшелер мен жолдарға, бақ­ша суаратын суға, тозығы жеткен екі қабатты үйлерге қатысты мәселе­лерді біртіндеп шешеміз деп уәдені үйіп-төгеді. Бірақ айтқандары сол сөз күйінде қалады, мүлде орындалмайды. Осыдан бірнеше ай бұрын ауданға келген сол кездегі облыс әкімі Қанат Бозымбаев та «реттеймін» деп еді. Бірақ ештеңеге үлгермеді. Кеткен әкімнің тапсырмасымен құрылған арнайы ведомствоаралық комиссия біраз былықтың бетін ашты. Сары­өзекті таза ауызсумен қамтамасыз етуге қарастырылған миллиондарды игеруді мойнына алған мердігердің жауапсыздығы анықталды. Дәл қазір Сарыөзектегі суға қа­тысты шуға мердігердің шалалығы себеп болып отырған көрінеді. Жалпы құны 1 млрд теңге болатын жобаның 50 пайыздайы ғана орындалған. 560 млн теңгесі игерілгенімен, су құбырын пайдалануға тапсыру мерзімі өтіп кеткен. Өздерін ақтамақ болған «Көл­сай Строй» ЖШС өкілдерінің айтуын­ша, бұған есепшоттарының бұғат­талуы себеп болыпты. Соның сал­дары­нан міндеттерін орындауды қо­йып, жұмысшыларына айлық та төлей алмағанына біраз болыпты. Сусап отырғандар қатарында сарыөзектіктер ғана емес, Қаспан, Басши, Шаған, Қосағаш, Қайнарлы, Бостан, Онжас ауыл­дарының тұрғындары да бар. Жалпы, «Көлсай Строй» ЖШС шамасына қарамай облыс бойынша 9 млрд теңгеге бірнеше жобаны ұтып алып, содан бергі бір жарым жылдың ішін­де сол қомақты қаржының 2 млрд теңгесін ғана игерген. Күні кеше ау­данға жұмыс сапарымен келген Жеті­су облысының әкімі Бейбіт Исабаев халықтың ауызсуға қатысты арызын тыңдап, жағдайды өз көзімен көргеннен кейін мердігердің жауап­сыздығын қатаң сынға алды. Көтере алмайтын шоқпарды беліне байлаған серіктестікті сотқа беріп, тиісті шара қабылдауды тапсырды. Сарыөзек ауылындағы қоғам бел­сенділерінің хабарлауынша, елді мекен­де қазір су құбырының төртінші кезегі жүргізіліп жатыр. Бір миллиард теңге бөлінген жобаның өзі «шикі» дейді белсенділер. Іс жүзінде қазына қаражаты жерге көміліп жатыр. Судың сапасы өте нашар. Халық құм мен топырақ араласқан лай суды тұ­ты­нуға мәжбүр. Төселіп қойған құ­быр­лардың жиі жарылуы себебінен апталап су болмай қалуы да жиілеген. Тесілген құбырлардан аққан су көшелермен ағып жатқанына жарты жыл болыпты. Ал Қаспан ауылында су құбыры 2016 жылы салынған. Бірақ қосқан кезде ұңғымадан алынатын судың тұ­тынуға жарамсыздығы анықталыпты. Сонда жобаны жасаушылар мен жүзеге асырушылар, олардың жұмыс­тарын бақылауға тиістілер ұңғыма қазылғанда қайда қараған? Қазір жаңа ұңғыма қазылып, оны су құбыры желісіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Басши ауылында да жобалау кезінде кеткен қателіктің зардабын тұрғындар тартып отыр. Ауданның басқа ауыл­дарындағы су құбырлары құрылысы кезінде өрескел қателіктер кеткен­діктен, халық таза ауызсуға қол жет­кізе алмай қиналып жүр. Сарыөзектің көркін қашырып тұр­ған келеңсіз көріністің бірі – апат­ты екі қабатты үйлер. Соңғы есептеу­лер бойынша елді мекенде әбден тозығы жетіп, қатты жел соқса, қисая салуға дайын тұрған осындай 38 үй бар. Жүздеген адам күн сайын шат­қаяқтап тұрған баспалдақтармен шығып-түсіп, өмірін қатерге тігіп жүр. Оны айтасыз, қаусап тұрған қабыр­ғаларға әрең ілініп тұрған төбе қашан үстімізге құлайды деген қорқыныштан түнімен көз ілмей шығатын кезі көп. Қыста үйді жылыту мүмкін емес. Өт­кен ғасырдың алғашқы жартысында тұрғызылған үйлердің жағдайы ай­тыл­ғалы да жылдар жылжып өтіп жа­тыр. Мұнда тұратындарға «Нұрлы жерді» қоса алғанда, кейінгі 30 жылда ел аумағында жүзеге асырылған тұр­ғын үймен қамтуға қатысты көптеген бағдарламаның бірде-бірінің сәулесі түспепті. Ендігі үміт – Сарыөзекте салы­нады деп жоспарланған көпқабатты үйде. Инвесторлардың мейірімі түссе, әкімдердің жаны ашыса, бұл үйге кезекте тұрғандармен бірге әбден тозығы жеткен екі қабатты үйлерде тұратындарды да қоныстандыруға болатын шығар... Аудан тұрғындарын жер қатынас­тарындағы бұра тартулар мен әділет­сіздіктер де әбден ығыр еткен. Тұр­ғын­дардың айтуынша, ірі лати­фун­дистер шабындық пен жайылымдарды, ең құнарлы деген жерді қоршап алған. Олардың кесірінен мал шаруа­шылығымен күн көріп отырғандар төрт түлігін жаятын жер таппайды, қысқа қажетті жемшөп дайындай алмайды. Мәселен, Бостан ауылының тұрғындары осындай әлімжеттікке байланысты «Алатау дейри» ЖШС-мен көп жылдан бері соттасып келеді. Облыстық Жер қатынастары басқармасындағылар 2020 жылы Жер кодексіне жергілікті тұрғындардың мұқтажын қанағаттандыру мақса­тында мемлекеттік қажеттілік үшін жерді алуға қатысты өзгерістер енгі­зіл­генін айтады. Соған сай ауылдық округ әкімдері тұрғындарға мал жаюға қажетті жерлерді бөліп бере алады. Қазір ауданда ірі жер телімдерін жалға алғандардың кәсіпорындар ашу мен жұмыс орындарын құру бойынша міндеттемелерді орындауларына байланысты тексерулер қолға алын­ған. Егер инвесторлар бағдарламада көрсетілгендерді орындамаған жағ­дайда жер мемлекетке қайтарылып, ауыл тұрғындарына қажеттіліктеріне қарай бөлінеді. Аудан аумағында жұмысын жүргізіп жатқанына бірнеше жыл болған Alacem цемент зауытының жүк көліктері республикалық маңызы бар «Сарыөзек – Көктал» бағытын­дағы күрежолды бүлдіріп тастағаны туралы былтырдан бері көтерілген мәселе де шешімін табатын болды. Кәсіпорын өз есебінен 2 млрд теңгеге жуық қаржы бөліп, бүлінген жолды жөндеуде.

Болат Абаған, Жетісу облысы