Асқар Мырзахметовпен жамбылдық жұртшылық жылап қоштасты. Таңсәріден әкімдік кеңсесіне көш түзеген көпбалалы аналар Мырзахметовті көрмей кетпейтінін анық аңғартты.
Билік те бұған қарсы келмей жайшылықта көпбалалы аналарға көрінгісі келмейтіндердің бәрі сол маңнан табылды. Ол түсінікті де. Себебі бұл жолы аналар әлеуметтік мәселені емес, әкімге алғыс айтуға келген. Бұны Асқар Исабекұлы да күтпегендей. Көпшілік алдына шыққан экс-әкім аналардың алғысын естігенде бір қызарып, бір бозарып сала берді. Ал бірқатар аналар көз жасқа ерік беріп, қиын сәтте қол ұшын созған әкіммен қимай қоштасып жатқандарын сездірді. Өз кезегінде Асқар Мырзахметов басшы үшін ең үлкен баға бұқараның алғысы екенін айтып, келгендердің ізгі тілегіне ізгілігін жеткізді.
Шынында, Асқар Исабекұлы қандай мақтауға да лайықты. Себебі екі жылдың ішінде Жамбыл өңірі үшін өлшеусіз дүниелер жасап кетті. Жылдық бюджетінің бүтінінен бүлінген жері көп аймаққа әкім болып келген бойы ең бірінші қазына қаржысын қайта қарады. Құрылысқа кеткен қыруар қаржыны қайта есептетіп, 1 миллиардқа жоспарланған жобаны 500 миллион теңгеге дейін төмендетті. Әрі бұны дәлелдеп шығып, жұмыртқадан жүн қырыққандарды жөнге салды.
Нәтижесінде, бір саланың өзінен миллиардтаған теңге үнемделіп, бұл соманы іскер басшы көне шаһарды көркейтуге бағыттады. Ең алдымен бабалар рухына тағзым етіп, Ер Бәукеңнің еңселі ескерткішін Жеңіс саябағының қақ ортасына көшірді. Сондай-ақ бұрындары балшығы бетіне шығып жататын каналды тазартып, сәулеті мен дәулеті келіскен саяжайға айналдырды. Тараздық тұрғындарға таңсық дүние саналған катамарандар іске қосылып, су айдынында аққу жүзіп, қаз ұшты. Бұдан бөлек Жеңіс саябағын жаңаша жаңғыртып, Ұлы Отан соғысы мен Ауған соғысы ардагерлеріне арналған белгі тастар орнатты. Жамбылдық жұртшылық тасқа таңбаланған есімдерден майданнан қайтпаған жақындарын тауып, аймақ басшысына деген алғыстарын жаудырды.
Бұдан кейін Асқар Мырзахметов Қайрат Рысқұлбеков атындағы саябақты да сәнге бөлеп, елімізде бірегей саналатын сазды субұрқақты іске қосты. Одан бөлек Халық Қаһарманының құнды дүниелерін бір жерге жинастырып, арнайы орталық та құрдырды.
Ал Жамбыл облысының 80 жылдығындағы жобаларды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Небәрі екі жарым айда «Көне Тараз» тарихи және этномәдени кешенінің кірпішін қалап, тараздықтарға теңдессіз тарту жасады. Бұрынғы базар орны бұлайша түрленгені тойға келген қонақтардың да таңдайын қақтырды. Ал «Тектұрмас» тарихи кешенінде еңселі Әулиеата ескерткішінің бой көтеруі баба алдындағы парыздың өтелгені болды. Бүгінде Тектұрмас жотасынан жаһанға көз салған баба мүсіні бүгінгі ұрпағын байыппен барлап тұрғандай.
Ауыл шаруашылығында да Асқар Мырзахметов өзінің өшпес ізін қалдырды. Елімізде баламасы жоқ жобаны Үкіметте қорғап шығып, милиардтаған қаржыны қара халықтың қамы үшін әкелді. Тұрғындардың тұрмысын жақсарту жобасының алғашқы кезеңі аяқталып, өтінім бергендер өз ақшасына қол жеткізіп те үлгерді. Бұл бастама алдағы екі жылда елді мекендердің еңсесін тіктеп, бұқараны бақша ектіріп байытып, жайылымды төрт түлікке толтырады деп күтілген. Және жоба алғашқы жемісін бере бастаған-ды.
Тағы бір айта кетерлігі, Асқар Исабекұлы әлеуметтің әлеуметтік мәселесіне де айрықша көңіл бөлді. Кезекте тұрған көпбалалы аналардың баспана мәселесін шешу үшін заманауи жатақханалар салдырып, көпшілікке қоныстойын сыйлады. Осы ерлігі үшін бүгінде көпбалалы аналар әкімді қимай, жылап қоштасуда. Сондай-ақ Мырзахметов кеңестік кезеңнен кейін ұмыт қалған дүниелерді де жаңғыртып, суармалы егістік көлемін ұлғайту үшін арнайы механикалық жасақ құрды. Аталған жасақтың көмегімен былтыр каналдар тазартылып, шалғай Мойынқұм ауданының өзіне ағын су жетіп, шаруалар шарапатын көрді.
Бір сөзбен айтқанда, Асқар Исабекұлы жамбылдықтардың жадында жатталып қалар көп тірлік жасады. Енді өңір тізгінін қолға алған Бердібек Сапарбаев құрылысы биылға өтпелі «Қаралма» тау шаңғы кешені, «Тектұрмас» тарихи кешенінің екінші кезеңі, Керей мен Жәнібек хандарының ескерткіші маңын жаңғырту сынды, ал ең бастысы «Қарапайым заттар экономикасын дамыту» бағытындағы пилоттық жобаның жалғасын таптырады деп сенеміз.
Айтпақшы, Бердібек Мәшбекұлымен кезінде ақтөбелік жұртшылық та жылап қоштасқаны ел есінде. Сондықтан жаңа әкім Мырзахметовті көпбалалы аналар көкке көтеріп, шығарып салғанына ренжімейтін шығар.
Саятхан Сатылғанов, Жамбыл облысы