Сәт сайын мың құбылған еңбек нарығының сұранысына сай келуде жас маманның қарым-қабілетін жан-жақты сыналады. Рас, бүгінде жаңа машықты игеріп, мамандық ауыстыру қиын емес. Сонда да болса ертеңгі жас маман үшін жүрек қалаған мамандықтың қыр-сырымен, оның ертеңі туралы деректі мектеп партасында отырып-ақ білгені керек. Биылдан бастап еліміздегі мектептерде оқушыларға кәсіптік бағдар беретін мұғалімдерге арналған штат ашылмақ. Әзірге мектеп партасынан мамандық таңдауда мүлт кетпеуге даярлау жүйесінің тиімділігі туралы айту ерте. Сонда да болса жастар жұмыссыздығын азайтуда, ең бастысы жастардың өмірден өз орнын табуына дәл осы жүйенің септігі мол боларына сенім артуға тура келеді. Жасыратыны жоқ, көп жағдайда жастардың қолында мамандықтарға ақпараттар бола беремейді. Әсіресе, түлектердің таңдаған мамандығының еңбек нарығындағы сұранысқа ие болуы, табыс көлемі сияқты мәселелер назардан тыс қалып жатады. Үлкен өмірдегі ең алғашқы таңдауын жасалғалы тұрған түлектің ата-анасы да оған жекелеген мамандықтың бүгіні мен ертеңі жайында мардымды ақпарат бере алмайды. Мұнда оқу орындарының қабылдау комиссиясы да жөн сілтейді деуге келмейді. Әр түлек үшін таласқа түсетіндердің түпкі пиғылы белгілі. Сондықтан мектеп оқушылары мамандық таңдауға келгенде дағдарып қалады. Осыдан барып, немкеттілікпен кез келген мамандыққа түсе салғандар күні ертең дипломы бар жұмыссыздардың қатарын толықтырады. Әрине, бұл жағдайдың алдын алуда жоғарыда аталған мектептердегі кәсіптік бағдар беретін мұғалімдерге түсетін жауапкершіліктің жүгі ауыр. Президент те өткен аптағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында сөйлеген сөзінде жастар жұмыссыздығына тоқталып өтті. Мемлекет басшысы еңбек нарығына жыл сайын 300 мыңға жуық жас маманын шығатынын айтады. Жұмыспен қамту мәселесінің дұрыс шешілмеуінен кейбір аймақтардың жастар арасындағы жұмыссыздық көрсеткіші едәуір жоғарылаған. «Екі мыңыншы жылдары бала саны күрт көбейгені белгілі. Келесі жылдан бастап сол кезеңде дүниеге келген ұрпақ еңбек нарығына шыға бастайды. Осыны ескерген жөн. Сондықтан жұртты жұмыспен қамту ісіне қатысты тың тәсілдер қолдану қажет. Ал, азаматтарымыз қазіргі замандағы халықаралық нарық үрдісіне бейімделуі керек», – деді Президент. Жастар жұмыссыздығын олардың мамандық таңдауда мүлт кетуімен байланыстыруға болатындай. Сондықтан Президент айтып отырған тың тәсілдің бірі ретінде кәсіби бағдарды өз деңгейінде ұйымдастыру қарастырылуы қажет-ақ. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметінше, мектептерде жаңадан бастайтын «педагог-кәсіптік бағдар беруші» лауазымына қойылатын арнайы талап бар. – «Педагог-кәсіптік бағдар беруші» лауазымына қойылатын талаптар бөлігінде «Педагог қызметкерлер мен оларға теңестірілген адамдар лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы» 2009 жылғы 13 шілдедегі № 338 бұйрыққа өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Аталған бұйрыққа сай оқушыларды мамандыққа баулумен педагог-кәсіби бағдар беруші мамандарын даярлайтын курстан өткенін растайтын құжаты бар кез келген мұғалім айналыса алады. Бұл үшін мектептердің әкімшілігі мүмкіндігіне қарай жеке штат ашуға немесе пән мұғалімдеріне қосымша жүктеме ретінде қарастыруына болады, – дейді Мектепке дейінгі және орта білім беру комитетінің бас сарапшысы Ерлан Маяемеров. Ал Talap коммерциялық емес акционерлік қоғамы президентінің кеңесшісі Қадырбек Бөрібек кәсіби бағдарды тек бір ғана адамға артып қоймай, ведомстволар арасында кешенді жұмыс жүргізу керек деп біледі. Оның айтуынша, салалық ведомство кәсіптік бағдарлаудың ережесі мен стандарттарын бекіткені жөн. Сонда ғана мектеп партасынан мамандыққа баулу ісінде нәтиже болады. – Мамандыққа баулу бастауыш сыныптан басталуы керек. Оған қоса, әр мұғалім оқушыларға өз пәні бойынша кәсіби бағдар беруі қажет. Бізде бұл жұмысты еңбекке баулу пәнінің мұғалім жүргізіп келді. Алайда бұл жалғыз маманның қолынан келетін шаруа емес. Кәсіби бағдардан жұмыспен қамтуға жауапты ведомстволардың барлығы бірдей атсалысқанда ғана тиімділік болады. Мәселен, мектеп мұғалімдері өз құзіреті шеңберінде оқушымен ата-анамен жұмыс жүргізеді. Ал жұмыспен қамту орталықтары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалдарындағы еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандар, өңірдегі өндіріс орындарындағы мамандықтар тізбесі туралы ақпараттарды болады, – дейді Қадырбек Бөрібек. Жалпы, әлемнің алдыңғы қатарлы елдерінде кәсіби бағдарлау жұмысы өз деңгейінде жолға қойылғаны аңғарылады. Мәселен, Ұлыбританияда еңбек биржаларының жанында мектеп оқушыларына арналған кәсіби бағдар беру қызметі құрылған. Бұл орган түлектерге мектеп бітіргеннен бастап, оның қызметке тұрған дейін қолдау көрсетеді. Сондай-ақ білім беру мекемелерінде кәсіби бағдар бойынша кеңесшілер де қызмет көрсетеді. Кәсіби бағдар беру жүйесіне сай британдық оқушыларға ешқандай біліктіліксіз бірнеше салада жұмыс істеп көруге мүмкіндік береді. Тіпті, мектептердің жанында шағын кәсіпорындардың жұмысы жолға қойылған. Сол арқылы оқушылар өздерінің бизнес жобаларын жүзеге асыра алады. Мектеп бітірген соң ағылшын оқушылары ата-анасымен бірге кәсіби бағдар бойынша кеңесшінің көмегіне жүгінеді. Негізінен, кәсіби бағдардың британдық үлгісі оқушының тұлғалық қасиеттеріне басымдық береді. Францияда да оқушылары арнайы бюроның мамандары кәсіби бағдар береді. Олар жасөспірімдерге дұрыс мамандық таңдауға ықпал етеді. Екінші жағынан, еңбек нарығын қажетті мамандармен толықтыруға басымдық беріледі. Ширек ғасыр бұрын Францияда «бағдарды тәрбиелеу» тұжырымдамасы енгізілді. Тұжырымдаманың басты мақсаты жастардың өз мамандығын таңдау мәдениетін қалыптастыру болып табылады. Оқушыларға мамандықтар туралы жан-жақты ақпарат беріледі. Кәсіпорындар мен кеңселерге экскурсиялар ұйымдастырылады. Сонымен қатар таңдаған мамандығы бойынша 3 аптадан 16 аптаға дейін өндірістік тәжірибеден өтуге де жағдай жасалған. Кейін арнайы тестілу арқылы түлектің қарым-қабілеті тексеріледі. АҚШ-та да мектептегі кәсіби жетекшілік етудің ережесі жасалған. Бұл ереженің тиімділігі сол мұнда балаларға кәсіби бағдар бастауыш сыныптан бастап, мектеп бітіргенге дейін беріледі. Ал 1994 жылы мұндағы штаттардың бірінде «Мектептен – жұмысқа» актісі қабылданды. Актіге сай оқушылар кез келген фирмада сондағы білікті маманның жетекшілігімен өндірістік тәжірибеден өтеді. 1998 жылы АҚШ-та мамандықтардың мәліметтер базасы құрылды. Бұл база арқылы мектеп түлектері арнаулы орта және жоғары білімді қажет ететін мамандықтар туралы деректерді ала алады. Кәсіби бағдар берудегі Жапонияның тәжірибесі тіптен қызық. Жапон оқушылары 7-сыныптан бастап 16 түрлі мамандықтың иесі ретінде тәжірибеден өтеді. Осыдан кейін ғана оқушылар жүрек қалаған және қолынан келетін кәсіпті игеруге ден қоя алады. Бір сөзбен айтқанда, бұл жобаның түпкі нәтижесі жастардың қоғамның «кетік» тұсына кірпіш болып қалануына ықпал етуден көрінбек. Әрине, әзірге мұның өзі де уақыттың еншісіндегі дүние.
Шынболат АТЫХАНҰЛЫ