Бюджеттің бүйірін толтыратын реформа
Бюджеттің бүйірін толтыратын реформа
531
оқылды
Сарапшыларға сенсек, жаһанды дағдарыс қысқанымен, Қазақстан әзірге қаржыдан тарыққан жоқ. Себебі әлемдегі энергетикалық күйзеліс қазақстандық басты экспорттық тауар – мұнайдың қымбаттауына әкелді. 2022 жылғы 5 айда мемлекетімізге 2,9 триллион теңге мұнай түсімі түскен. Бұл 2021 жылы, яғни бір жыл бойы қара алтыннан Ұлттық қорға түскен барлық түсімнен 300 млрд теңгеге көп. Сонымен бірге биыл металдар, астық өнімдері күрт қымбаттады. Дегенмен мұның бәрі өткінші нәрсе. Үкіметке бұларға еліге бермей, басқа салалардан түсетін салықты арттыру маңызды.

Жаңа Қазақстанға – жаңа жоспарлау жүйесі

Жаңа Қазақстан жаңа салық-бюджет саясатын жүргізетін бол­ды. Мұны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында жария­лады. Президенттің айтуынша, бюджет деңгейлері арасында табыс әділ бөліне бермейді. Яғни, ең көп табыс табатын өңірлер дамуы кенжеледі. Себебі кірісі нашар өзге өңірлерді асырау үшін бұлардан көп қаржы алынады. Соңғы жылдары Үкімет біраз салық түрін төменгі бюджеттерге берді. Бұл оларды салықты мол жинауына ынталандыруы тиіс. Бірақ ең ірі, «майшелпек» салық­тар бәрібір орталықтың еншісінде қалды. Президент елде қатаң фис­калдық орталықтандыру қалып­тасқанына, яғни барлық салықтық түсім орталыққа тартып алы­на­тынына, алайда артынша ол түсімдердің өңірлер арасында дұрыс бөлінбейтініне назар ау­дартты. Салдарынан масыл өңір­лер көбейді, олар табысты өңірге айналуға тырыспайды. Ақыр соңында елде донор 4 өңір ғана бар, қалғандары – 16 өңір до­та­ция­лық және олар орталыққа алақан жаюмен күнелтеді. 2022-2024 жылдарға арналған рес­публикалық бюджетке сәй­кес, биыл төрт донордан респуб­ли­ка­лық бюджетке 490 млрд 437 млн теңгеге жуық сома алынады. Нақ­тылай кетсек, Алматы қала­сынан – 211 млрд 516 млн теңге, Аты­рау облысы­нан – 221 млрд тең­гедей, Нұр-Сұлтан қаласынан – 38,4 млрд теңге, ал Маңғыстау об­лысынан 19,5 млрд теңге түсімі орталыққа алынады. Бұл осы өңір­лер жұртшылығының наразылы­ғын туғызып жүр. Мысалы, Пар­ламент депутаттардың мәліме­тін­ше, халқы қарқынды өсіп келе жат­қан, апатты, үш ауысымды білім орда­лары көп өңір – донор Атырау облысында 2026 жылға дейін небәрі 48 мектеп са­лынбақ. Салыстырсақ, дотациялық Шым­кентте 2025 жылға дейін 101 мек­теп бой көтереді. Дотациялық Түр­кістан облысы республикада тұрғызылатын барлық мек­тептің төрттен бірін жалғыз өзі еншілеген. Мемлекет басшысы өңірлер салық­тардың жиналуын арттыруға еш ынта­ландырылмағанын Үкі­меттің қаперіне салды. Донор өңір­лер: «қажеті қанша, бәрібір ор­та­лық алып қояды» дейді, ал дотациялық өңірлер: «қажеті қан­ша, бәрібір орталық береді» дейді. Сөйтіп, соңғыларының төл қара­жаттарының тап­шылығы тек арта береді. Қазір жергілікті бюджеттер өзіне қажетті қаржылан­дырудың бар-жоғы бестен бір бөлігін ғана өзі табады. Қ.Тоқавтың мәліме­тін­ше, «қалғанының бәрін орталық­пен тіл табы­сып, ала салады».

Кемшілікті жүйенің елге кесірі көп

Есеп комитетінің төрайымы На­талья Годунова ескі салық-бюд­жет саясатының кінәратын көр­сететін сорақы бір жайтты жеткізді. – Қазақстан бюджетінің са­уатсыз жоспарланатыны сон­ша­лық, жыл бойында белгісіз себеп­термен ағымдағы шығыс­тарға қаражат жетпей қалады. Тосыннан туындаған не дамуға арналған емес, ағым­дағы шығындар. Бұл – нағыз қисынсыз, мағынасыз нәр­се. Мысалы, саналы азамат ақ­ша­сы коммуналдық қызметтер ақы­сын төлеуге де жетпей жатса, онда пәтерді күрделі жөндеуді жоспар­ламайды ғой. Ал біздің Үкімет бюджеттің 8 пайызын немесе 1,2 триллион теңгесін даму бюджетіне бөледі. Ал ағымдағы шығыстарына қар­жысы жетпейді. Оған сырттан қарыз тар­туға, Ұлттық қорға ауыз салуға мәжбүр. Мемлекет басшы­сының тың бастамаларын қоспа­ғанда, басқасының бәріне – Үкі­меттің, бюджеттік бағдарлама әкімші­лерінің сапасыз жоспарлауы кінәлі, – дейді Есеп комитетінің басшысы. Ескі салық-бюджет саясаты­ның тағы бір кемшілігі сол, қар­жыландыру ісі шектен тыс бюро­кратияланған. Бюджетке енгізі­летін барлық өзгерісті астанада Рес­публикалық бюджеттік ко­миссия, ал өңірлерде мәслихаттар өз отырыстарында қарап, тал­қы­лап, шешім шығаруы, хаттама бе­кітуі міндет. Мұның бәрі жоба­ларды, бастамаларды жүзеге асыру мерзімінің созбалаңға салынуына әкеліп соқтырады. Мәселен, ха­лық зарыға күткен, ашыла­тыны күні бұрын жария етілген әлеу­мет­тік нысанның құрылысы тек үш жыл өткен соң басталып жатады. Жүйенің келесі олқылығы – басты орынға бюджет қаражатын уақытылы әрі толық игеруді қоя­ды. Мердігер жобаға биыл бөлінген қаражатты нақты себеп­терге орай жыл соңында игере алмаса, ол «жо­сықсыз жеткізуші» болып та­нылады, «қара тізімге» кіріп, бар­лық мемлекеттік тен­дерге қатысу мүмкіндігінен айырыла­ды, жобаға құйған төл қаржыларын қайтара алмайды. Осылай банкрот болған компания көп. Мысалы, Ауыл шаруашылығы ми­нистрлігі пандемия қарсаңында өңірдегі жайылымдарды 100 пайыз сумен қамтитын жоба – «Арыс–Түркістан 1» және «Мақ­таарал 1» ирригациялық-дренаждық жүйе­лерді жетілдіру жобасын бастады. Осының арқасында ылғалы аз, шөлейтті жерлерге су барып, егін егуге, мал өсіруге жағдай жасала­тын еді. Мұның сыртында зама­науи ирригациялық жүйе көктемгі, күзгі су тасқыны кезінде жер үстін­дегі ғана емес, астындағы басы артық суды әкетуге мүмкіндік беретін. Министрлік тендер арқылы бас мер­дігер ретінде Иранның Tunnel Sadd Ariana-мен келісім­шарт жасасты. Ирандық фирма Шымкентте филиалын ашты, іске кірісті. Бірақ ізінше 2019 жылы Қазақстан Үкіметі шетелдік жұмыс күшін азайту науқанына кірісті: оған 2019 жылы 88 маманды әке­луге квота ұсынылған, ал іс жүзінде бар-жоғы 8-ін шақыра алды. Ізінше корона­вирус індеті жайы­лып, шекаралар тарс жабылды. Сондықтан Ираннан жобаны жүргізіп, жергілікті жұмысшыларға жөн көрсететін 120 маман – ке­ңесшілер, ин­женерлер және басқасы, тіпті филиал ди­ректоры мен бас архитектор да Қазақ­станға келе алмады. Мұны форс-мажорға жатқызып, пан­де­мияның беті қайтқан соң ірі жобаны аяғына жеткізуге мүмкіндік беруге бо­латын еді. Бюджеттік жүйе оған жол бер­меді. Соның кесірінен ирандық компа­нияны айтпағанның өзінде ирри­гация­лық-дренаждық жүйелерді құрумен, мелиоративтік құрылғыларды төсеумен, арна қазумен шұғылданған қазақстандық қосалқы мердігер компаниялар зардап шекті, текке шығындалды.

Президенттің тапсырмасы қалай орындалады?

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы бюджетті игеруге басымдық берілуі салдарынан орындалған жұмыстардың сапасы, бюджет шығыста­рының тиімділігі кейінгі орынға сырғи­тынын сынады. Осы жөнсіздіктерден жаңа жүйе толық, түбегейлі арылғаны жөн. Бұдан бөлек, Президент тапсырмасына сәйкес, енді жаңадан енгізілетін салық-бюджет саясаты қаржы-экономикалық функцияларды өңірлердің пайдасы үшін барынша орталықсыздандыруы тиіс: кі­рістер мен шығыстар бабының айтарлық­тай көлемі жергілікті деңгейге беріледі. Ол үшін әкімдерден сұрау мен талап күшей­тіледі. Тек сонда ғана жергілікті биліктің ақырғы нәтиже үшін жауапкершілігі, рөлі артады. Қаржы министрлігіне, Ұлттық эконо­мика министрлігіне, Стратегиялық жос­парлау және реформалар агенттігіне өңір­лермен және сарапшылармен тізе қоса оты­рып, осы бағыттағы жаңа реформа па­кетін әзірлеу жүктелді. Жалпы, салық-бюджет саясаты жетілдірілсе, жөнге келті­рілсе, бұл салықтың көп түсуіне де оң әсер етеді. Өйткені банкрот болатын кәсіп­орындар саны азаяды, тиісінше салықтық база қысқармайды, ұлғаяды. Айтқандай, Президенттің тапсырма­сымен, Жаңа Қазақстандағы жаңғырулар аясында ел Үкіметі ірі бизнеске, әсіресе пайдалы қазбаларды өндірушілерге са­лықтық жүктемені арттырды. Парламент Салық кодексіне тиісті өзгерістерді қа­былдады. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсіндіруінше, табиғи ресурстарды өндіруден түсетін кірісті арттыру қажет. Әйтпесе, қазақ жерінің астындағы қазынаны көсіп-қазып алып жатқан инвесторлар өткен 30 жыл­дықта аз салық төлеп келді. «Қатты пайдалы қазбалар бағасының динамикасын талдадық. Мәселен, 2018-2022 жылдар кезеңінде әлемде биржалық металдар бағасы 40 пайыздан көп өскен, биржадан тыс пайдалы қазбалар – темір кені, хром кені, марганец және тағы бас­қасы орта есеппен 20-40 пайызға қымбат­тады. Ал салық өспеген. Осыны ескере отырып, биржалық металдар бойынша пайдалы қазбаларды өндіру салығын (ПҚӨС) 50 пайызы, ал қалған қатты пай­да­лы қазбалар бойынша – 30% көтеру жөнінде шешім қабылданды», – дейді министр. Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Тимур Жақсылықовтың айтуын­ша, жаңа салық-бюджет саясаты аясында бюджетаралық қатынастарды реформалау басталды: «Сондай-ақ бюджетті жоспар­лаудың реинжинирингі бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Яғни, жоспарлаудың мерзімі мен кезеңдері екі есеге қыс­қар­ты­лады. Өңірлердің пайдасына қарай қар­жы-экономикалық функцияларды орта­лық­­сыздандыру қолға алынды. Бү­гінде Бюд­жет кодексіне түзетулер әзір­ленді. Ол өңір­лердің өзін-өзі қамтамасыз етуін кү­шейтеді, соның ішінде салықтық және са­лықтық емес түсімдердің қосымша түр­лері жергілікті деңгейге беріледі», – деді Тимур Жақсылықов. Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев та өз ведомствосы Президенттің тапсырма­ларын дереу орындауды қамтамасыз ету үшін салық-бюджет саясатын жетілдіру бағытында жаңа шараларды қабылдап жатқанын хабарлады. Мәселен, мемле­кеттік сатып алулар жетілдіріледі. Құрылыс жұмыстарын орындау үшін жеткілікті материалдық ресурстары бар мердігерлер іріктеледі. Бұл үшін меншігінде құрылыс техникасының болуы туралы міндетті талап белгіленеді. Осы мақсатта тіпті мамандандырылған техникалардың бірыңғай базасын құру жоспарланып отыр. Бұл тендерге қатысушылардың қо­лын­да қажетті құралдарының бар-жоғын автоматты түрде тексеруге мүмкіндік бе­реді. Нәтижесінде, құрылыс жұмыстарын орындауға қажетті төл, базалық техникасы жоқ мердігерлер іріктеуден өткізілмейді. Қорыта айтқанда, Президент сынынан соң Үкімет салық-бюджет жүйесіне сан-салалы өзгеріс-жаңғыруларды жүзеге асы­руға кірісті. Олар сапалы пысықталып, тиімді іске асса, мемлекетіміздің шын мә­нінде жаңаруына ықпал етіп, Жаңа Қа­зақстанның кетігін тауып, кірпіш болып қаланбақ.