"Ашық НҚА" порталында Оқу-ағарту министрлігі бұйрығының жобасы жарияланды. Соған сәйкес, Қазақстанда оқушыларға оқу жылын екі аптаға ұзарту ұсынылған.
Құжатқа сәйкес, бірінші сыныптарда оқу жылының ұзақтығы 35 апта болса, 2-11 (12)-сыныптарда 36 оқу аптасы болады.
Бірінші сынып оқушылары үшін де 2023 жылдың 6 ақпаны мен 12 ақпанын қоса алғанда қосымша жеті күндік каникул енгізіледі деп жоспарланып отыр.
"Қосымша екі оқу аптасын қосу арқылы оқу жылының ұзақтығын арттыру күніне сабақтар санын азайтуға, күрделі тақырыптарды оқу қарқындылығын төмендетуге, білім беру процесін дамытатын оқыту қағидаттарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді",– делінген хабарламада.
Бұйрық жобасын қоғамдық талқылау 2 тамызға дейін жалғасады.
Бұған дейін Қазақстан мектептерінде оқу жылын тамызда бастап, маусымда аяқтау ұсынылған болатын.