Орталық Азияда тұрақсыздықты жоюға күш салуымыз керек – Тоқаев
Орталық Азияда тұрақсыздықты жоюға күш салуымыз керек – Тоқаев
Фото: bort_01
357
оқылды
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия мемлекеттері басшыларының IV Консультативтік кездесуіне қатысып жатыр. Жиында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Орталық Азия елдеріне шекараны шегендеудің тәсілдерін әзірлейтін сарапшылық алаң құруды ұсынды, – деп  жазады inform.kz. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, мемлекет көшбасшылары Азияда тұрақсыздықты жоюға күш салуы керек. «Мемлекеттер арасындағы шекарадан шыққан әрбір оқтың дауысы қатысы бар елдерде ғана емес, бүкіл өңірді алаңдатады. Дағдарыста мемлекеттер керісінше қайшылықтарды еңсерудің өркениетті, жауапты үлгісін танытуы керек. Шекара рәсімдеудің заңдық процесі соншалық күрделі әрі кедір-бұдырлы екенін біз өз тәжірибемізден білеміз. Даулы мәселелерді тату көршілік пен халықаралық құқықтың іргелі принциптеріне құрметпен қарау арқылы ғана бейбіт жолмен шешуге болады. Одан басқа балама жолы жоқ», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пайымдауынша, проблеманы созбаққа салу мен жылы жауып қою шиеленіске бастауы мүмкін. «Түптің түбінде бұл Орталық Азиядағы әріптестікті дамытуға жұмсалған бүкіл еңбек еш кетуі мүмкін. Қазақстан посткеңестік кеңістіктегі шекарасын толық делимитациялаған жалғыз мемлекет ретінде мұндай мәселелердің өзара қолайлы шешімін іздеу жолында жәрдем көрсетуге дайын. Нақты айтсақ, шекараларды делимитациялау мәселесінде өзара қолайлы тәсілдерді әзірлейтін сарапшылық алаң құруды ұсынамыз. Бұл жұмысқа тәжірибелі заңгерлер, картографтар, шекарашылар мен өзге де мамандар тартылуы керек. Оны үйлестіруді Сырты істер министрлерінің кеңесі өз мойнына ала алады», – деді Президент Қасым-Жомарт Тоқаев.