«Қант сататын» алаяқ
«Қант сататын» алаяқ
226
оқылды
Шығыс Қазақстанда елдегі қант тапшылығын пайда­ланып, азаматтарды алдап жүрген алаяқ ұсталды. Өскеменнің 29 жастағы тұрғыны елдегі қант тапшылығынан кейін әлеуметтік желіде жалған жарнама орналастырған. Жарнаманы көрген азаматтар қантқа тапсырыс берген. Сатушымен WhatsApp желісі арқылы сөйлесіп, мобильді қосымшадағы аударымдар сервисімен алдын ала төлем жасаған. Ақша аударымы сәтті өткен соң байланысқа шықпай, клиенттерді мессенджерде бұғаттап тастаған. Өздерінің алаяққа алданып қалғанын білген тұрғындар полицияға арыз түсірген. Бұл деректі Шығыс Қазақстан облысының полиция департаменті растады. «16 шілдеде жәбірленушіден Өскеменнің 29 жастағы тұрғыны қант жеткіземін деген желеумен ақша алғаны туралы арыз түсті. Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты соталды тергеу амалдары басталды. Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қылмыстық іс қозғалды», – деп хабарлады ШҚО ІІД баспасөз қызметі. Департамент алаяқтың әрекетінен 100-ден аса адам зардап шеккенін, оларға 90 миллион теңгеге жуық шығын келгенін хабарлады. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, ақша аудару дерегін анықтау үшін банктерге тиісті сұрау жолданған. Осы рәсімдерден кейін күдіктіге қатысты түпкілікті процестік шешім қабылданады. Күдіктінің кінәсі дәлелденсе, ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігімен жеті жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

М.Жалғасұлы