Сот шешімі бойынша Алматыдағы «Алтын Орда» базарын иеленетін компанияға айыппұл салынды. Бұл жайында Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі жария етті.
«Алматы облысы Қарасай әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының қаулысы бойынша Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС әкімшілік жауапкершілікке тартылып, Қазақстан Республикасы «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» кодексінің 159-бабы 3-бөлігіне сәйкес, Монополиялық жоғары бағаны қолдану кезінде алынған монополиялық кіріс 46 976 550 теңге көлемінде тәркілене отырып, 1 424 776 теңге көлемінде айыппұл салынды» делінген агенттік хабарламасында.
Бұған дейін Алматы облысы бойынша монополияға қарсы департамент Altyn Orda QazTrade LTD ЖШС-не қатысты әкімшілік іс қозғап, материалдарды қарау үшін Алматы облысының Қарасай ауданаралық мамандандырылған сотына жіберген болатын. 2022 жылы наурызда «Алтын Орда» базарын тексеру қорытындылары бойынша, серіктестік қызметінде сауда орындарын күнделікті жалға беруде монополиялық жоғары баға белгілеуден және ұстап тұрудан көрінетін үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану фактілері анықталған. Соттың қаулысы әлі заңды күшіне енген жоқ.
Мадияр Төлеу