Қазақстанға коронавирус пандемиясының екінші толқыны келді. Күннен күнге COVID-2019 жұқтырғандар қатары артып келеді. Үлкен қалаларда тұрғындардың баяғыдай жүріп-тұруына шектеу қойылып, маска тағу міндеттеліп, тойларға тыйым салынып, тіпті Ashyq қосымшасы қайта орала ма деген сұрақтар туа бастады.
Бұл сұрақтарға кеше ДСМ-нің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жауап берді. Олардың айтуынша, жағдай әзір тұрақты. Бірақ дайындық жұмыстары күшейтілуде. Бұған дейін сары аймақта болған кезінде Алматы қаласында маска тағу ұсыным ретінде хабарланған болса, ендігі кезек 21 шілдеден бастап сары аймаққа енген Нұр-Сұлтан қаласына келіп отыр. Сондықтан да мұнда да маска тағу ұсынылып отыр.
Науқаспен байланыста болған абсолютті қарсы көрсетілімдері бар адамдарды, жүкті әйелдерді қашықтан жұмыс формасына ауыстыру міндетті түрде ұсынылады және мектепке дейінгі ұйымдарда топтарды біріктіріп, түрлі шаралар өткізуге тыйым салынады. Бірақ бұл шараларды топ ішінде өткізуге рұқсат етіледі. Ал коронавирустың таралуы бойынша «қызыл» аймаққа өткен өңірлерде Ashyq қолданылатын болады.
«Қатаң карантин енгізу мәселесі қандай да бір өзгеріс жағдайында қаралады. Бірақ бүгінде тек Нұр-Сұлтан ғана «сары» аймақта орналасқан. Өңір «сары» аймақта тұрған кезеңде бизнеске жүктемесі бар қандай да бір қатаң шектеу іс-шараларын енгізу көзделмеген. Бірақ «қызыл» аймаққа өткен жағдайда Ashyq жүйесі енгізілуі мүмкін. Бұл іс-шараларды ұлттық кәсіпкерлер палатасы талқылап жатыр. Шешім ВАК-та қарау нәтижелері бойынша қабылданады. Шектеу іс-шараларын екі кезеңде енгізу көзделіп отыр», – деді Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің жұқпалы ауруларды эпидемиологиялық қадағалау басқармасының басшысы Роза Қожапова.
Оның айтуынша, той-томалақ сынды одан да өзге көпшілікті шараларды өткізуге осы «қызыл» аймаққа енген елді мекендерде тыйым салынатын болады.