Жазумен жан асырау...
Жазумен жан асырау...
784
оқылды
«Бүгінгі қазақ прозасында өсу бар ма? Роман неге жазылмайды?» деген сыңайдағы сұрақтың халық арасында айтыла бастағаны қашан. Тәуелсіз­дік­тен кейінгі жылдары нарықтық жү­йеге түскеннен бастап жазу, сызу секілді мәдениеттің негізгі, бірақ біл­дірмей әсер ететін саласына деген қызығушылық бәсеңсігені рас. Себебі жазу жазып жан асырау мүмкін бол­май қалды. Ал содан бері де ширек ғасырдан аса уақыт өтіпті. Қазір қазақ прозасында нендей жаңалықтар бар? Өсіп жатыр ма, жоқ әлде құлдырауға бет алды ма? Бүгінгі жазушылар қа­ламының ізінен осы сұрақтың жауа­бын іздеп көрсек. Қазақ прозасының өрісін кеңейткен Жүсіпбек, Бейімбет, Мұхтарлар мен кейінгі алпысыншы жылдықтар екені көпке мәлім. Соны сүрлеу салып, сөздің сұлу үйлесімін көрсеткен солардың ізіне ілесіп, өзіне тән өрнек түзгісі келген жазушылар қазір мүл­дем жоқ деп айта алмаймыз. Нағыз әде­биет­тің адамдары, шынайы ақын-жазушылар заманның ең бір күрделі кезеңінде пайда болатын көрінеді. Бүгінгі қоғам өміріне назар салғанда, адамдар рухани, моральдық тұрғыдан әбден күйзелген, құндылықтар ауысып, қай бағытқа барарын білмей тұр­ғандай. Технология дамыған сайын адамның мүмкіндіктері артып, өмірі жеңілдеді. Бірақ психологиялық тұрғыдан кері әсерін де байқаймыз. Жасанды дүниелер тіршілі­гімізге кірігіп кеткендіктен реалды өмірден алыстап, иллюзияға алдана бастағандаймыз. Содан да болар, уақыт тым жылдам өтіп бара жатқандай сезілетіні. Әйтпесе, бұрын­ғылардың көкжиегіндегі күн біздің де көгімізде тұр ғой. Булгаковтың «Ит жүрегі» деген шығармасы есіңізде болар. Онда табиғи эволюцияны ғылым арқылы күштеп өзгертудің соңы қайда апаратыны айтылған. Адам итке айналуы мүмкін (рухани тұрғыда құлдырау), бірақ ит ешқашан адам бола алмайтынын меңзейді. Демек, әуелгі бол­мысты өзгерту мүмкін емес. Сол дәуірдегі қоғамның қай бағытқа бара жатқанын Бул­гаков шығармаларында батыл әшкерелейді. Бүгін біз тарихи кітаптардан ғасырлар бұрынғы адамзаттың теориялық өмір сүру жағдайына қанықсақ, ал әдеби шығармалар арқылы олардың рухани жан әлемін тани­мыз. Қоғамның рухани ахуалына қарап, сол кезеңнің жеткен жетістіктерінің құнын түсінуге болатындай. Ал дәл бүгін біз өмір сүріп жатқан қоғамның көңіл күйі, ішкі жағдайы қандай? Бұны біз қазіргі жазу­шылар қаламынан аңғарамыз. Бүгінде әдебиетті насихаттауда, әдеби шығармаларды жариялауда газет-жур­налдардың, соның ішінде интернет ба­сылымдардың рөлі күшті. «Әдебиет» пор­талы, «Қаламгер», «Мәдениет» пор­тал­дарында шыққан жастар шығармаларын жиі көзіміз шалып қалады. Солардың ара­сында прозалық туындылар да жетерлік. Осыған қарап, қазіргі роман, әңгіме сияқты проза жанрларының хал-ахуалына қаныға түсеміз. Әсіресе, жастардың біразы әңгіме жазуға әуес. Көлемі шағын болғанымен, бұл жанрдың жауапкершілік жүгі ауыр. Аз ғана дүниеге үлкен ойды сыйдыра алу керек. Жазушының шеберлігі бірінші жолдан-ақ аңғарылып қалады. Содан шығар, майтал­ман суреткерлер шығарманы бастауға аса мән беретіні. Бүгін кім қандай әңгіме жазып жүр? Біз бұл сұраққа жауап беру үшін әңгіме жазатын барлық жазуға құштар жандар шы­ғармашылығын ақтарып шыға алмаймыз. Себебі бүгінде жазуға шектеу жоқ және кім не қаласа соны еркін жариялай алады. Сонда да аяқ алысы көзге түсетін жас қа­ламгерлер де жоқ емес. Солардың ішінде Әлішер Рахат, Досхан Жылқыбай, Арман Әділбек, Жәудір Нартай, Ықылас Шалғын­бай, Әлихан Жақсылық, Темірлан Қы­лыш­бек сынды проза жанрына қалам тартып, көзге түскен жазушыларды айтуға болады. Әрқайсысының өзіне тән стилі, ерекше­ліктері бар. Одан бөлек, орта жастағы про­зада қара үзіп жүрген қаламгерлер де жоқ деп айта алмаймыз. Қазіргі прозаның аяқ алысын байқау үшін тек бірнеше авторға тоқталсақ дейміз. Әуелі әңгіме жанрына көңіл қойсақ. Жақында «Әдебиет порталында» жа­зушы Жадыра Шамұратованың «Кісі болған жігіт» атты әңгімесі жарияланды. Жадыра Шамұратова – соңғы уақытта өзіндік қол­таңбасымен танылған талантты қаламгер ретінде әдебиетсүйер ортаға мәлім жазушы. «Нәзік жанды аруларға әдебиет ауыр келеді» деген стереотипті жоққа шығарып келеді. «Кісі болған жігіт» әңгімесінде қазіргі қоғам өміріндегі өзекті мәселелерге назар ауда­ра­ды. Оның ішінде билік пен халықтың ара­сын­дағы алшақтық анық көрінген. Ман­саптың адамды қалай өзгертетіні және ауыл мен қала тіршілігінің шынайы бейнесі ашылған. «Пішәннің ауылдан ерте кетіп, бүгінде әжептәуір кісі болған баласы келеді екен дегенді естіген ауылдағылар да, әсіресе, ауыл әкімінің ұйқы-тұйқысы шығып әбі­герге түскен. «Соншама биік дәрежеге жетсе де туған ауылын ұмытпай, әкесінің басына барам деуі, ағасы Төкішке де амандасып, бес жыл бұрын қайтыс болған әжесінің орнына бата оқып шығам деуі – кісілік емес пе!» деп тамсанып, таңдай қағумен болды жұрт...». Әңгіменің көркемдік құндылығы, автор­дың айтар ойды қарапайым тілмен жеткізгені көрініп тұр. Жазушы бұнда «Жаңа Қазақстан» құрамын деп жүргенде қаншама жылдан бері ауылдағы бір ғана ескі жолды жөндей алмаған әкімсымақтарды шенеген. Осыдан бірнеше жыл бұрын жарық көрген жазушы Ықылас Шалғынбайдың «Өлілерге арналған әңгімесі» осы жанрдағы тынысы кең шығарма екенін айтуға болады. Атының өзі қызық, ондағы мазмұн мен юмордың жөні бір бөлек. Жапон прозасына ұқсас стильде жазылған шығарма қоғамдағы күрделі мәселелерді адамның ішкі күйі арқылы жеткізеді. Жазушылық шеберлік жеке адамның басындағы жайтты жаза отырып, тұтас қоғамның өмірін суреттей алуымен көрінсе керек. Бұл әңгімеде де бас кейіпкердің трагедиялық тағдырынан сол қоғамның ахуалын танимыз. Осы күнгі жұмыссыздық, адамның өзін қоғамға ке­рексіз зат ретінде сезінуі, тілдік дискри­ми­нация – бәрі-бәрісі осы әңгімеде ашық жазылған. «Орныма келіп қайта жаттым. «Енді не істеуім керек?» дедім өзіме-өзім күбірлеп. Бар ойым, өз тәнімнен құтылу ғана болды. Әрине, мен оны, тәнімді айтамын, кейінгі кездері жек көре бастаған едім. Әр күні айнаға қараған сайын екі иығым төмен түсіп, жағым мүлде суалып, сорайып өсіп кеткен, құлағым қалқиып, үлкейіп бара жатқан секілді көрінетін. Көздерім де ішке қарай тартылып, шүңірейіп кеткендей. Түрім кәдімгі өлген адамның бейнесі секілді болып кеткен еді. Енді келіп ол мынадай жиіркенішті сасық иіс жұқтырып алғанда мен оны қалай өмірімнің соңына дейін сүйреп жүрмекпін. Айтыңыздаршы! Өзімнің адам түсініп болмайтын дертке шалдық­қа­нымды сол кезде түсіндім. Сол күні түнге қарай адам аяғы сирегенде қаланың шетін­дегі үлкен өзенге қарай бет түзедім». Бас кейіпкердің басындағы жағдайды жазушы қоғамның кеселді мінезінен жұқ­тырып алған дерт ретінде жеткізгендей. Жұмыс іздеп сабылған жас жігіт. Қайда барса да өзін бейшара сезінуге мәжбүр. Себебі ол үлкен қалаға басқа жақтан келген. Қазақ болса да өзін қор сезінеді. Еңсесін тіктеудің орнына езіле түседі. Енді қайтсін, ешкім оны керек қылмаса. Солайша ол жұмыс іздеп жүрген бір күнінде өзінің өліп қалғанын байқайды. Жатаққа келгенде үстінен күлімсі иіс шыққаннан соң, саси бас­тағанын түсінеді. Бірақ, бір қызығы, әң­гімені оқығанда бас кейіпкер емес, қоғам­ның өліп бара жатқанын аңғарасыз. Еш­қандай сезім жоқ жансыз қоғам бейнесі көз алдыңызға келеді. Адам ретіндегі негізгі мұ­ратын ұмытып, іштей шіри бастаған қо­ғам. Қорқынышты көрініс. Жазушы-дра­ма­тург Ықылас Шалғынбай бұл әңгімесінде бізге осыны түсіндіруге тырысады. Әңгіме жанрынан тыс, қазіргі күні романдар да бірте-бірте жазылып, жарыққа шығуда. Көп уақыт пен еңбекті қажет еткен­діктен, роман жанрындағы шығармалар азайған болатын. Соңғы кездері бұл бағытта да жаңалықтар болып жатыр. Жас жазушы Әлішер Рахаттың бір емес, екі романы жа­рық көрді. Екеуін де алғашқылардың бірі болып оқып шыққандықтан, онда қазіргі жас­тар өмірінің ашық әрі шынайы бейне­ленгенін айта аламыз. «Махаббатым – constant» атты алғашқы романында екі жастың махаббат хикаясын боямасыз бейнелейді. Ал соңғы шыққан Parallel романы арқылы махаббатпен қоса, жастардың ішкі психо­логиялық күйіне мән береді. Бұнда да жас­тардың арасындағы махаббат хикаясы ту­ралы баяндалған. Анығы екі оттың орта­сында қалған Шоқан есімді жігіттің пси­хологиялық күйзелістері ашылған. Сүйіктісі Аяға өзінің әкесіздігін, жалтақтығын айтып ақтарылған бас кейіпкерді аяйсыз. « Папасы бар адамдар, алаңсыз келе­­ді, – дедім сыбырлай, бірақ жылап қалатын секілді үрейленемін, неге екені. Сан мыңда­ған ойларымның ішінен осы біреуін, өшіп жолда қалған көлікке ұқсайтын ойымды, артынан итеріп, қиналып айтып жатыр­мын. – Арсылан мен Диасқа қарап тұрамын да, біртүрлі қызғанамын ба, қызығамын ба... Байқайсың ба, екеуі бейқам ғой, – дегенімде оларға тамсанған бір нотаның бояуы байқалды. Әлгі итерген көлік-ойым күш алып кеп, оталып кеткендей, заулай жө­нелсін. – Екеуінің алдында өзімді жаман сезінемін. Олар білмейді соны». Адамның ішкі әлемінде болып жатқан арпалыстар осы романда көрініс тапқан. Әсіресе жастардың жайы, олардың не се­зінетіні, нені жақсы көріп, неден жиренетіні, сезім мен ойдың арасалмағы ашылған. Жалпы проза жанры кенжелеп қалды немесе дамып кетті деп кесіп айтуға әлі ерте сияқты. Нағыз жүйріктер жазудағы қабілетін енді көрсететін болар, бәлкім. Жақында жазушы Бақытгүл Сәрмекованың кітабы Лондонда басылып шығады деген ақпаратты оқып, көңіліміз марқайып қалғаны рас. Таяуда «Массагет» жастар порталына берген сұхбатында жазушы былай депті: «Келісім­шарт жұмысын жақында ғана аяқтадық. Ағылшын баспасы он жылға To hell with poets («Ақындары құрысын») деген атпен кітабымды шығарып, сатумен айналысатын болады. Алғашқы қаламақым шетелден келетіні көңіліме қуаныш ұялатып, әрі масаттанып тұрғанымды жасырмаймын. Келісімшарт бойынша біржолғы қаламақы екі мың фунт стерлинг беріледі. Әр мың кітап сатылған сайын сегіз пайызын және төлеп отырады. Негізі, бұл – мен үшін үлкен жетістік, бұған дейін біздің елде жазушылар мұндай жетістікке жетті ме, жоқ па біл­меймін». Әдебиетіміздің, асыл сөзіміздің қаймағын қалқып жүрген қаламгер сонау Еуропа еліне, әлемге танылса, қазақтың да мәртебесі артқаны емес пе?! «Ақырын жүріп, анық бас» демекші, бү­­гінгі жазушыларымыз да бірте-бірте әлем­дік деңгейге жарқырап шыға баста­ғанын көреміз. Проза – уақыт пен талғам­паздықты талап ететін кірпияз жанр. Ол солай асықпай, аптықпай баяу өмірге келіп мәңгілікке қадам басады. Сол үшін де шы­найы жазушыларды әуелі өзіміз танып, оларға рухани-материалдық қолдау көрсе­туіміз керек шығар. Себебі қазір де елімізде жазумен жан асырау қиын ғой...

Нұрлайым БАТЫР