Шығыс Қазақстанда аюлар омарташыларға маза бермей тұр
Шығыс Қазақстанда аюлар омарташыларға маза бермей тұр
Көктемнен бері Шығыс Қазақстанның Глубокое ауданына қарасты бірнеше ауылға аюлар шабуылдап, жұрттың үрейін қашырған. Әсіресе омарташылардың бал ұяларына жиі келген. Мамандардың айтуынша, бұған ауданда аталған жыртқыш аң саны айтарлықтай өскені себеп болып отыр. Бұрын аюды аңшылық маусымнан тыс уақытта атуға тыйым салынатын. Іnbusiness.kz сайтының мәліметінше, қазір бұл тыйым алынып тасталды. "Аң аулау ережелерін бекіту туралы" бұйрықта аюлар халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін болса, атуға рұқсат беретін тармақ пайда болды. Ол үшін тиісті органдарға хабарласу жеткілікті.
"Аюлар маза бермей тұр. Еңбегімізді еш кетірді. Омартаны түнімен күзетуге мәжбүр болып отырмыз. Ол үшін бірнеше ит те әкеліп қойдық. Аю келе жатқанда иттер үре бастайды. Сол кезде жарық шамдарын жағып, ысқырып, айқайлай жөнелеміз. Сөйтіп, аю кетіп қалады", - дейді аңшы Сергей Осинцев.
Оның айтуынша, жауапты мекеме бұл жағдайды растап, мамандар жіберіпті.
"5 мамырда Тарханка ауылының әкімі "Өскемен орман шаруашылығы" КММ-не өтініш білдіріп, ауылда қонжықтың жүгіріп жүргенін айтты. Оқиға орнына жедел әрекет ету жасағының инспекторлары мен Тарханка орман шаруашылығының қызметкерлері келіп жетті. Ақпарат расталды. Абырой болғанда, жануардан ешкім зардап шекпеген", - деді ол.
Алайда ара шаруашылығымен айналысатындар едәуір шығынға батқан. 10 маусымда аю Топиха ауылындағы омартаға шығып, үш ара ұясын зақымдаған. 19 маусымнан бастап Степной ауылының сыртында орналасқан омартаға тағы бір аю келетінді шығарды. Түнде келетін ол бал іздеп ара ұяларын сындырады.
"Бұл аюлардың көп екендігін көрсетеді. Кәрі аюлар жастарын өз аумақтарынан қуып шығады. Ал олардың барар жері жоқ. Сондықтан амалсыз елді мекендерге жақындайды. Өздеріне азық табуды білмейтін бұл аюлар оңай олжа іздейді. Сөйтіп, бал үшін омарталарға, мал үшін – шаруа қожалықтарына қарай бағыт алады", - дейді аңшы.
Осы ретте, өткен жылдың маусым айында Серебрянскіде болған оқиғаны еске алайық. Онда қонжық жер үйлердің аулаларын аралауды әдетке айналдырған еді. Бірнеше апта ішінде ол талай қойды, қоян мен тауықты қырып қана қоймай, жергілікті халықтың үрейін қашырған. Қала әкімдігі бұл мәселені шешуге тырысты. Десе де, жыртқыш аңды жою мүмкін болмады. Себебі табиғатты қорғау заңнамасы бұған жол бермеген. Сол кезде қолданыста болған ережелерге сәйкес, аңшылық маусымынан тыс уақытта (Шығыс Қазақстан облысы үшін қыркүйектің бірінші сенбісінен 30 қыркүйекке дейін және 15 сәуірден 15 мамырға дейінгі аралықта белгіленген) аю атуға тыйым салынды. Әйтеуір соңында бәрі жақсы аяқталды. Мамандар қонжықты қорқытқан соң ол Серебрянскіге қайта оралмаған. Ал аң аулау ережелеріне өзгеріс содан кейін енгізілді.
"Біріншіден, қоңыр аюды аулау уақыты өзгерді. Енді оны қыркүйектің бірінші сенбісінен 30 қарашаға дейін аулауға болады. Көктемгі аңшылыққа 15 сәуірден 15 мамырға дейінгі аралықта 15 күнтізбелік күннен аспайтын мерзімге рұқсат етіледі. Екіншіден, жаңа ережелер аңшылық маусымнан тыс уақытта аю атуға рұқсат етілген шарттарды нақтылап берді. Нақты айтсақ, онда былай деп жазылған: "Халықтың денсаулығы мен өміріне қауіп төніп, материалдық залал келтірілген жағдайда уәкілетті органның мамандандырылған ұйымдары мен жергілікті атқарушы органдардың аң аулау мерзіміне қарамастан қоңыр аюды атуға рұқсат етіледі", - дейді ШҚО аңшылар мен балықшылар қауымдастығының заңгері Оксана Валиева.
Заңгердің сөзінше, уәкілетті органның мамандандырылған ұйымы – "Охотзоопром" мекемесі. Ал жергілікті атқарушы орган – облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының жедел әрекет ету бөлімшесі.
"Яғни, халық жергілікті әкімдікке, ал әкімдік облыстық Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына жүгінеді. Содан соң тиісті бұйрық шығып, жедел топ келіп, аюды атып тастайды", - дейді Оксана Валиева.
Бір қарағанда бұл жүйе өте оңай секілді көрінеді. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. Степной ауылының сыртында орналасқан омарта иесі аюдың мазасын қашырғанына екінші апта болғанын айтты.
"Жағдайымды айтып, талай мекемеге жүгіндім. Мені бір жерден бір жерге жіберіп ығырымды шығарды. Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасына бардым. Ондағы мамандар "Жедел топ бар, барып атып аламыз. Бірақ алдымен тиісті құжаттарды жинауыңыз керек" деді. Осылайша, мені аумақтық инспекцияға қайта жіберді. Ондағылар маған омарта тиесілі учаскелік полиция қызметкері мен ауылдық округ әкіміне арыз жазуым керектігін айтты. Ушановодағы әкім отыратын жерге келіп едім, жоқ екен. Телефон арқылы тілдескенімде ешқандай өтінішті қабылдамайтынын айтты. Учаскелік полицей де қабылдамайтынын жеткізді. Сонда жаңа заң қабылданғанымен оны іске асыру жағы ақсап тұр", - дейді Алексей Устинов.