«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Павлодар және Түркістан облыстарына келді
«AMANAT» партиясының мобильді қоғамдық қабылдаулары Павлодар және Түркістан облыстарына келді
490
оқылды
«AMANAT» мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бүгін партия мүшелері Павлодар және Түркістан облыстарына барды. Бір күнде шалғайдағы 4 елді мекен қамтылып, қабылдауға 100-ге жуық азамат келді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT» партиясының кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын қайта құруды тапсырып, қоғамдық қабылдау бөлмелері азаматтар үшін тартымды орынға айналуы тиіс екенін атап өткен болатын. Қоғамдық қабылдау бөлмелері адамдар тек шағым арқалап емес, елді дамытуға қатысты нақты ұсынысымен келетін орын болуы қажет. amanat Мәселен, Павлодар облысы Баянауыл ауданы Ұзынбұлақ ауылының фермерлері ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге берілетін несие қолжетімділігін кеңейтуді және техника сатып алуға негізделген субсидия көлемін ұлғайтуды сұрап отыр. Сондай-ақ шаруа қожалықтары шөп шабатын маусымдағы жанармай қымбатшылығына назар аударды. Жергілікті тұрғын Жұмабек Қанатқалиұлының айтуынша, маңызды мәселенің бірі – жол сапасы. amanat
«Бізден Мұса Шорманов ауылына дейінгі жол күрделі жөндеу жұмысын қажет етеді. Дәл осы жол бізді республикалық тасжолға жалғап жатыр. Онсыз аудан орталығына жету мүмкін емес. Көрші Ақши ауылындағы мектепте спортзал жоқ. Балабақша тұрғызу керек. Алайда кейбір мәселелерге қарамастан, ауыл тұрғындарының тұрмысы  жаман емес. Бір кездері қалаға көшіп кеткен жастар туған жеріне оралып, мал бағып, үй тұрғызып жатыр. Сондықтан жастардың көбірек келуіне жағдай жасау қажет. Осы округте мыңға жуық адам тұрады. Олардың негізгі табыс көзі – мал. Ал ет сатып, сауда жасауға жолдың нашарлығы кедергі келтіріп отыр», – деді зейнеткер.
Өз кезегінде, Баянауыл аудандық мәслихат хатшысы Темірболат Қасен Ұзынбұлақ және Мұса Шорманов ауылдары арасындағы 41 шақырым жолды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатқанын атап өтті. Құрылыс жұмысын 2024 жылы бастау жоспарланып отыр. amanat
«Ақши ауылы бойынша бірнеше мәселе көтерілді. Өткен ғасырдың 80-жылдары бой көтерген мектепте спортзал қарастырылмаған. Келесі жылы модульдік спортзал тұрғызу жоспарланып отыр. Биыл қыркүйекте ауыл тұрғындары ауызсумен қамтылады. Тағы бір өзекті мәселе – Ұзынбұлақ пен Ақшидегі медициналық пункттердің ғимаратын жөндеу. Оны жақын арада шешуге тырысамыз», – деді ол.
amanat amanat Сондай-ақ аманаттықтар Ұзынбұлақ ауылындағы мектептің құрылыс барысын тексерді. Кестеден сәл артта қалушылық анықталды. Мәселе партиялық бақылауға алынды. Түркістан облысының Жібек Жолы ауылында қабылдауға 50-ден астам адам келді. Мұндағы өзекті мәселелер – тозығы жеткен трансформаторлар мен электр жеткізу желілерінің бағанасын жөндеу, тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету және әлеуметтік инфрақұрылым нысандарын тұрғызу. amanat Жергілікті тұрғын Қуаныш Балтабаев оқушыларға орын саны жетіспейтін мектеп туралы айтып берді. Жақында балаларға үш ауысымда оқуға тура келеді.
«640 орынға негізделген Ә.Бөкейханов атындағы мектепте қазір мыңнан астам оқушы білім алады. Орын санының аздығы белгілі бір деңгейде білім сапасына теріс әсер ететініне сенімдімін. Алайда мектеп аумағында тағы бір ғимарат салуға болатын орын бар. Бұл мәселені 5 жыл бойы көтеріп келеміз. Бүгін партия ұйымдастырған қабылдауда осы мәселе бақылауға алынады деген жауап алдым», – деді ол.
Ал Түлкібас ауданы Машат ауылының тұрғындары ауызсумен қамту, фельдшерлік-акушерлік пункт тұрғызу және кентішілік жолдарды жөндеу мәселелерін көтерді. Атап айтқанда, жергілікті ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Сүттімбеков жайылым жерлердің тапшылығы тақырыбын қозғады.
«Осында мыңнан астам отбасы тұрады. Олардың әрқайсысы мал ұстайды. Алайда жер жеткіліксіз. 3 600-ден астам мүйізді ірі қара, 6 мың ұсақ мал және 200-ден астам жылқы бар. Көктемде бақташы табу қиын», – деді ол.
«AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов бұл мәселе «Жер аманаты» комиссиясы аясында қаралатынын атап өтті. Сондай-ақ мобильді бригадалар жарты жылда 626 шалғай ауылға барып, онда 5 мыңнан астам адам қабылдауда болғанын жеткізді.
«Шалғай ауылдардың тұрғындары облыс орталығына қатынау үшін 300 шақырым, кейде тіпті одан да ұзақ жол жүреді. Сол жолдың өзі бірыңғай тегіс бола бермейді. Әсіресе, қарияларға қиын. Сондықтан адамдардың шағым арқалап келгенін күтпей, оларға өзіміз барамыз. Бұл қадам әр жағдайдан хабардар болып, жүйелі шешім қабылдау үшін қолда бар мәліметті уақытылы талдауға мүмкіндік береді», – деді ол.
amanat Айта кету керек, «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмелеріне жыл басынан бері 82 мыңға жуық адам жүгінді. Тұрғындарды негізінен әлеуметтік қамсыздандыру – 31%, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 17%, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер учаскелерін бөлу  10% толғандырады. Мемлекеттік органдардың басшылары мен түрлі деңгейдегі депутаттар 16 мыңнан астам қабылдау өткізіп, оның барысында 44 мың адам қабылданды. Еске сала кетейік, тұрғындар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады:
  1. Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
  2. WhatsАpp: 8 700 800 4441
  3. E-mail: komek@amanatpartiasy.kz
Қабылдауға жазылу кездесу өткізілетін күнге дейін кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады. Сонымен бірге партияның республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.