Қызылордалық балаларға толағай тарту
Қызылордалық балаларға толағай тарту
557
оқылды
Биыл Қызылорда облысында 80 спорт және балалар ойын алаңдары салынатын болды. Игі бастама Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қолдауымен Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес жарияланған «Балалар жылы» аясында жүзеге асырылады. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бұл жұмыс­тарды қала, аудан әкімдеріне демеу­шілер арқылы өңір бүл­діршіндеріне тарту ретінде жүзеге асыруды тапсырып отыр. Бүгінде демеушілер есебінен салынатын ойын алаңдарының аумақтары белгіленіп, қажетті жер телімдері табысталған. Өңірде салынуы жоспарланған ойын және спорт алаңдарының 50-і облыс орталығында, қалған 30-ы аудандарда салына бастады. Оның ішінде алаңқай спорттық тренажерлар, балалар ойын және футбол алаңымен қамтылады. Бұл нысандарды салуда негізінен қала­ның шет аймақтары мен ауылдық елді мекендерге үлкен басымдық беріліп отыр. Қазіргі уақытта Қызылорда қала­сында 32 алаңның құрылысы басталған. Ал аудандарда 6 ойын алаңының құрылысы аяқталып, 5 алаңның құрылысы жүргізілуде. Осындай жұмыстардың нәтиже­сінде межеленген 80 алаңды қыр­күйек айында толық пайдалануға беру жоспарда тұр. Қызылордалықтардың биылға жоспарланған мақсатты жұ­мыс­тары мұнымен шектеліп қал­мақ емес. «Балалар жылы» аясында жыл соңына дейін облыс аумағында тағы 10 нысан пайдалануға беріледі деген болжам бар. Оның ішінде 6 мектеп, дарынды балаларға арнал­ған 2 орталық, 1 балабақша, оқу­шы­лар үйі мен өнер мектебі бар. Мұ­нымен қоса жаңа оқу жылы қарсаңында жергілікті кәсіпкерлер 3 жекеменшік мектепті іске қоспақ. Ал балалар жылындағы ең үл­кен сый – Қызылорда қаласында заманауи үлгідегі оқушылар сара­йын салу туралы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясымен келісім жасалды. Бұл зәулім ғимарат Сырдария өзенінің сол жағалауын­да орналасқан жаңа тұрғын ауданда бой көтеретін болады. Сонымен қатар, тұрғындардың спорт нысандарына қолжетімділігін арттыру мақсатында облыс көлемінде 7 дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 6 мәдениет нысанын пайдалануға беру де көзделіп отыр. Жалпы «Балалар жылы» аясын­да қызылордалық бүлдіршіндерге жан-жақты жағдайлар мен қолдау­лар қарқынды көрсетілуде. Соның бірі биылдың өзінде 8 мыңнан астам бала өңірдегі лагерьлерде тынығатын болады. Сондай-ақ «Атамекен» балалар ауылының түлектеріне «Қорқыт ата» атындағы Қызылорда универ­ситетінің білім гранты табысталып, 45 балаға «Қамбаш» лагеріне жол­дама табысталған. Сонымен қатар көпбалалы отбасылар үшін облыс орталығынан 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Жалпы өңірде балалар игілігі үшін жасалып жатқан ізгілікті істер аз емес. Соның ішінде 1 маусым «Балалар күні» қарсаңында орта­лық стадионда ауқымды мерекелік шара ұйымдастырылды. Шара барысында арнайы санаттағы бала­лар мен халықаралық олимпиада жүлдегерлері атанған 100 балаға ве­ло­сипед, 10 ноутбук және «Бал­дәурен» республикалық лагеріне жолдама үлестірілді.

Ербақыт Жалғасбаев, Қызылорда облысы