«Алматы Судан» неге шу шықты?

алматы

Алматы қаласын тіршілік нә­рі­мен қамтамасыз етіп отырған «Ал­ма­ты Су» мекемесінің бұ­рын­ғы қыз­мет­керлері жаңа бас­шы­лықтың әреке­тіне қарсылық біл­дірді. Олар өзде­рінің жұмыс­тан заңсыз шы­ғарыл­ғаны­н айта­ды. Тіпті арасында қуда­лауға ұшы­рап, өз еркімен жұ­мыстан шық­қандары бар. Наразы топ­пен, олардың заңды өкілдерімен кезде­сіп, айналасы 2-3 айдың ішін­де «Алматы Су» мекемесін ала тай­дай бүлдіргендердің әре­кетіне қатысты көптеген мәлі­метпен таныстық.

Жаңа директор – жаңа мәселе

Олардың айтуынша, бәрі басшы­лықтың ауысуынан басталған. Сәуір айында бұрынғы бас директор Қайрат Әбдірәсіловтің орнына Ілияс Қазиев келген. Осы сәттен бастап қызметкерлерді қысқарту мен негізсіз қудалау басталған.
«Алматы Су» компаниясының кәріз­дік тазарту басқармасының бұрынғы басшысы Марат Досымов та қуғын­дал­ғандардың қатарында.

«Мен осы компанияда басқарма бас­шысы болып 20 маусымға дейін жұмыс істедім. Маған Қауіпсіздік қызметі де­пар­таментінің директоры Марат Тұр­сынов деген азамат жала жауып, қысым көрсетіп, жұмыстан шығаруға мәжбүр­леді. Мен ертеңіне заңгермен ақылдасып, жұмыстан өз еркіммен кету туралы ары­зымды қайтып алдым. Соған қарамастан бас директоры Ілияс Қазиев заң бұзу­шылыққа жол беріп, жалған құжат жасап, мені жұмыстан босатып отыр», – дейді ол.

«Алматы Судың» бұрынғы басқар­ма басшысы Марат Досымов өзіне бас­шы­лық тарапынан қысым жасалғанын ай­тып отыр. Оны маусым айының басында компанияның департа­мент басшысы Дастан Би­манов ша­қырып, басқарма маңына тұрғындар­дың арыз-шығымы бойынша Экология депар­таментінен тексеріс келетінін айт­қан. Соған «ауызбастырық» ретінде қара­мағындағы қызметкерлерден 500 мың теңге жинап алып келуді тап­сырған. Досымов бұл «бұйрықты» сол күні ың-шыңсыз орындап, басқармаға қарасты бөлімдердің басшыларынан 300 мың теңге ақша жинаған. Оны басқар­маның қызметкері Ернұр Дүнгенов ар­қылы мекеменің экология бөлімінің бас­шы­сы Айдынның есепшотына ауда­рып жіберген.

Басқарма басшысын қудалау мұны­мен тоқтамаған. Арада бірнеше күн өткен соң Досымовты мекеменің Қауіпсіздік қызметі департаментінің директоры Марат Тұрсынов шақырып алып, «бас­қарма жұмыс істеп тұрған аумақта арпа, бидай егіп, мал асырап отыр екенсің. Бұл заңсыз. Сол үшін сенің үстіңнен қыл­мыстық іс қозғалғалы жатыр. Сондықтан өз еркіңмен жұмыстан кетіп қал» дегенді айтады. Осыдан кейін Марат Досымов амалсыз 16 маусым күні жұмыстан өз еркімен кету туралы арыз жазады. Осы кезде оған Тұрсынов арызын келесі күнмен яғни 17 маусыммен жазуды бұ­йырады. Оның себебін арызға қол қоя­тын мекеме басшысы Қазиевтің сол күндері Нұр-Сұлтан қаласында іссапарда жүргенімен түсіндіреді.

Артынша Марат Досымов заңгер­лер­мен ақылдаса келе, Қауіпсіздік қызметі департаментінің директорының сөзі жай ғана қорқыту үшін айтылғанын біледі. Осыдан кейін 20 маусым күні таңертең барып өзін жұмыстан босату туралы жазған арызын қайта алатындығы туралы арыз тастап, жұмысқа келеді. Бірақ, басшылық мұның соңғы жазған арызын көзге ілмеген.

Басқарма басшыларының орнына қызыққан ба?

«Алматы Судағы» жұмысынан негізсіз босап қалған бірнеше азаматтың құқығын қорғап жүрген заңгер Шәмет Жайлаубай мекеме басшылары тарапынан заңды өрескел бұзу фактілері байқалғанына назар аударды. Қазиевтің басшылыққа келуімен «Алматы Су» мекемесінен 100-ге жуық адам жұмыстан босатылыпты. Заңгер олардың құқықтары аяқасты болғанын тілге тиек етті.

«Бұл жердегі азаматтардың құқығы бұзылғандығы туралы мысал көп. Мә­селен бұрынғы басқарма басшысы Марат Досымовты жұмыстан босату үшін ме­кеме басшылығы жалған құжат жасаған. Яғни, мекеменің бас директоры Ілияс Қазиев Досымовтың өзін жұмыстан босату туралы арызына қол қойылған 16-17 маусым күндері Нұр-Сұлтан қала­сында іссапарда болған. Ол мінген ұшақ Алматы қаласына 17 маусымда сағат 19.00-ден кейін қонған. Ал 18-19 маусым демалыс күндерге сәйкес келіп тұр. Алайда, құжаттарға зер салып қарасақ, Досымовтың жұмыстан кету туралы арызына мекеменің бас директоры 17 маусым күні қол қойған. Біздің білуі­мізше, Қазиевтің бұйрыққа қол қоюға тек 20 маусым күні ғана мүмкіндігі болды. Ал Досымов заңгермен ақылдаса келе, өзі­нің жұмыстан кету себебі заңсыз екенін білген соң, 20 маусым күні сағат 08.15-те жұмыстан босату туралы арызын қайтып алатындығын жазған. Алайда, ол қа­нағаттандырылмаған, – дейді заңгер Ш.Жайлаубай.

Жұмыстан босату кезіндегі тиісті заң­наманы өрескел бұзу фактілерін До­сы­мовтан басқа да қызметкерлердің мыса­лынан кездестіруге болады. Мәсе­лен Су бұру департаментіне қарасты кәріз же­лілері мен сорғы стансаларын пайдалану басқармасының бұрынғы басшысы Куаныш Дарибаев Еңбек кодексіне сай штат қысқартылатындықтан еңбек шар­тының бұзылуы туралы хабарлама алған. Алайда ол бұл хабарламаға келіспеген. Өйткені Дарибаев зейнет жасына жет­кенімен жұмыс берушімен арадағы еңбек келісімшарты 2022 жылдың 14 қара­шасына жасалған.

«Бір қызығы бұл хабарламада жер­гілікті кәсіподақ қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ж.Калиакпарованың да келісім берген қолы болған. Кейіннен Дарибаев арызданған соң кәсіподақ төрайымы өз келісімін қайтарып алды. Себебі, оған кадр департаментіндегілер толық мәлімет бермеген. Яғни, Дари­баевпен арадағы шарт 2022 жылдың 14 қарашасына дейін созылғандығын кә­сіподақ төрайымынан жасырған. Тағы бір басқарма басшысы Думан Макеев те осындай бармақ басты, көз қысты әре­кеттің құрбаны болған», – дейді заңгер Ш.Жайлаубай.

Айдың-күннің аманында «Алматы Судағы» жұмысынан айрылып қалған бас инженер Азамат Қоянбаевтың жағдайы тіптен қызық.

«Бұл жерде заңды басқа емес, бас директор Қазиевтің өзі бұзған. Қоянбаев кезекті еңбек демалысына кеткен кезде, Бас директор оның орнына М.Батхан деген азаматты тағайындайды. Оған де­йін Қоянбаев тарапынан ешқандай жұ­мыстан кету туралы арыз немесе ұсыныс болмаған. Қоянбаев қызметтік кабине­тінің кілтін өзімен бірге алып кеткен. Сол мезетте комиссия құрылып, Қоянбаевтың кабинетінің есігін сындырып, орнына бас инженерді отырғызған. 30 маусым күні Қоянбаев еңбек демалысынан ора­лады. Екі тәулік бойы мекемеде екі бас инженер бір кабинетте отырып жұмыс істеген. Артынан Қоянбаевтың соңына түсіп, қызметінен қуып тынған», – дейді құқық қорғаушы.

Бидай мен арпаны таптауға дейін жетті

Жұмыссыз қалған Марат Досымовтың жаңа басшылыққа тағы бір өкпесі бар. Қудалауға ұшырап жұмыссыз қалған Досымовтың 6 гектарға жуық жерге егіл­ген бидайы мен арпасын мекеме бас­шыларының бұйрығымен әлдебіреулер трактормен таптап кеткен.

«14 шілде күні менің бес гектардан аса жерге еккен арпамды трактормен таптап тастапты. Маған келген шығын көп. Мен бос жатқан жерге өз қаражатыма егін ексем, мемлекетке немесе мекемеге зиян келтірмесем, бұлардың менің еккен егінімде не ақысы бар. Обал емес пе? Ең болмаса пісіп тұрған астықтың обалына қалмай, егінді жинап алғанша шамалы күн шыдай тұрса болмас па еді?», – деп күйінді М.Досымов.

Бұған қатысты суға жауапты мекеме өкілдерінің өз айтар уәжі бар екен. Жур­налистердің алдына шығып, мән-жайды түсіндірген «Алматы Су» кә­сіп­орнының өкілі, мемлекеттік мекеме меншігіндегі жерге егін салуға, басқа да қосалқы шаруашылықтар тыйым салынған.

«Біздің мекемеге қарасты мұндай бірнеше аймақ бар. Ол аймақтардағы бос жатқан жерлерге егін егу, балық өсіру, мал ұстау секілді әрекеттерге заң бо­йынша рұқсат етілмейді. «Астық егілген алқапты сүріп тастады» деп Досымов біз­де басқарма басшысы болды. Ол кісі өзі басқаратын басқармаға тиесілі жер­ге ешкімнің рұқсатынсыз егін егіп, мал ­ұс­таған. Біз аталған ақпараттың анық­тығына көз жеткізген соң егінді арнайы техникамен сүріп тастадық», – дейді «Алматы Су» компаниясының өкілі ­Се­рік Шағыров.

Ал, заңгер Шәмет Жайлаубай болса мекеме басшылары бұл әрекетімен тағы да заң бұзушылыққа барып отырғанын айтады.

«Біріншіден, Ата заңымызда жекенің мүлкіне қол сұғуға болмайтындығы тайға таңба басқандай жазылған. Бұлар болса ешқандай құжатсыз, негізсіз біреудің егінін барып таптап, іске жарамсыз етіп кеткен. Екіншіден, бұндай әрекетке бару үшін көп жағдайда соттың шешімі болуы керек. Не болмаса, комиссия құрылып, акт толтырылуы қажет. Үшіншіден, ком­панияның жарғысында мекемеге тиесілі бос жатқан аумақтарға егін егуге, басқа да әрекеттер жасауға болмайды деген бірде-бір сөз жоқ. Бұл жерде компа­нияның әрекеті барып тұрған бас­сыз­дық», – дейді заңгер Ш. Жайлаубай.

Ақша жинағанын мойындамай отыр

Осы даулы мәселеде экологияны қа­дағалайтын мекемеден келген тексеру­шілерге деп жиналған қаржы төңіре­гіндегі түйткілді айналып өту мүмкін емес. Заңгер Шәмет Жайлаубай бұл мә­селе бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне шағым түсір­генін айтады. Оның айтуынша, қолда­рында табиғат жанашырларына пара ретінде ақша жиналғандығын растайтын дәлел жеткілікті. Алайда, ақша жинауға тікелей тапсырма берген департаменттің басшысы бұған қатысты жалтарма жауап беріп мойындамай жүрген көрінеді.

«Жақында ғана департамент басшысы болып жаңадан тағайындалған Дастан Бимановтың жоғарыда айтылғандай, Экология департаментінен тексеріс келді деген желеумен ақша жинағаны рас. Бұрынғы басқарма басшысы Марат До­сымов 300 мың теңгені Бимановтың бұй­рығымен экология бөлімінің бас­шы­сы Айдынның есепшотына аударған.
Бұйрығының орындалғаны туралы Бимановқа мессенджер арқылы хабар­лама жолдап, баяндаған. Оның жазған жауабы да бар. Осы арыз бойынша ме­кеме ішінен құрылған комиссиялық талқылауда ақша есепшотына түскен Айдын «мен ақшаны қарызға алдым десе, Биманов мен жай ғана кепіл болғанмын», – деп жалтарған.

Олардың бұл қисынсыз уәждерін Энергетика басқармасынан келіп, талқылауға қатысқан мамандар қалыпты жағдай деп қабылдаған. Одан барып Досымовтың заңсыз ақша жи­налды деген уәжі расталмады деген шешімге келген. Бір қызығы, комиссия отырысында Айдын басқа басқарма­лардан да ақша жиналғандығын мо­йындаған. Бірақ ол кімнен, қанша ақша жиналғандығын ашып айтпаған. Ко­миссия мүшелері де қосымша сұрақтар қойып мән-жайды анықтауға ниет та­ныта қоймаған. Бұл жерде де сіз бен бізге көрінбейтін бір шикілік бар сияқты», – дейді заңгер.

Қанша адам жұмыстан босатылды?

Наразы жаңа басшылық келген екі-үш айдың ішінде жүзге тарта адам жұ­мыстан түрлі себептермен босатылғанын алға тартады. Ал «Алматы Су» кәсіпор­нының су жаңа басшылығы бар болғаны 60 адамды жұмыстан босатып, үнемделген қаржы есебінен жалақыны көтердік деуден танбайды. «Сәуір айынан бастап, мекеменің стратегиялық бағыты өзгер­тіліп, жаңа жобалар қолға алынып жатыр. Басшылықтың алдына жалақыны көтеру, «Алматы Су» қызметкерлері үшін қауіпсіз және жайлы еңбек жағдайларын жасау міндеті қойылды.

Осы міндеттің үдесінен шығу үшін кәсіпорындағы қайталанатын құры­лым­дық бөлімшелер мен басшылық ла­уа­зымдарды қысқарту арқылы оңтайлан­дыру жүргізілді.

Нәтижесінде 1 шілдеден бастап кә­сіп­орынның барлық қызметкерлерінің жалақысы өсіп отыр. Оның ішінде өн­дірістік жұмысшылардың жалақысы 30-49 пайыз аралығында, ал инженерлік-техникалық құрам мен кеңсе қызмет­керлерінің жалақысы 15-20 пайызға өс­ті», – дейді мекеменің ресми өкілі Серік Шағыров.

Ол жұмысшыларды қудалап, жұ­мыстан шығаруға қатысты да өз жауабын берді. Оның айтуынша, компанияның аты аталған қызметкерлерді жұмыстан босатуда ешқандай заң бұзушылыққа жол бермеген. Есесіне, жаңа басшылық­тың келуімен жұмыссыз қалғандар өз­дерінің кінәсіздігін сотқа шағымдану арқылы дәлелдеумен айналысып жатқан көрінеді. Іске қатысты барлық дәлелдерін жи­настырған олар құқық қорғау орында­рына арнайы арыз шағым түсіріп қой­ғандарын айтады. Аталған органдардан қайыр болмаған жағдайда бұрынғы сушылар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрауға белді бекем буып отыр.

Біздіңше, тараптар арасындағы шие­леніскен дау жаңа басшылықтың ком­панияға өз адамдарын алып келіп, бұ­рынғы кадрларды тазарту жұмыстарын жүргізгісі келгені себеп болған сыңайлы. Жоғарыдағы жұмыстан негізсіз босатыл­ғандардың жағдайына қарап, олардың бұл ойларын бірте-бірте жүзеге асырып жатқанын байқау қиын емес.
Сонда да болса құқық қорғау орган­дары мәселенің ақ-қарасын анықтап, «Алматы Суда» әділдік салтанат құрар деп сенеміз.

Нұрболат АДЫРБЕК,
Алматы қаласы

Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.