Атырау облысында жарты жылда 25 млрд 311 млн теңге игерілмей қалған. Оның ішінде 10 млрд 521 млн теңге республикалық бюджеттен трансферт арқылы бөлінген.
Бұл туралы облыстық Қаржы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Тілекқабыл Байдошев облыс әкімі Серік Шәпкенов өткізген аппарат жиналысында айтты.
«Облыста жылдық жоспарланған қаржыны игеру көрсеткіші өте төмен. Жыл басынан бергі алты айда 25 млрд 311 млн теңге игерілмей қалды. Оның ішінде 10 млрд 521 млн теңге республикалық бюджеттен трансферт арқылы бөлінді. Бірінші жартыжылдықта игерілген қаржының көлемі бар болғаны 39,7 пайызды құрайды. Бірінші жартыжылдық бойынша даму бюджетінің игерілген үлесі – 21 пайыз. Қаржының көп бөлігі екінші жартыжылдыққа жоспарланып отыр. Бұған маусым айында республикалық бюджеттен 40 млрд теңге бөлініп, бюджетті түзету өз әсерін тигізді», - деп мәлім етті Тілекқабыл Байдошев.
Облыс әкімінің мәліметінше, Атырау облысына республика бюджетінен үлкен қолдау көрсетіліп, трансферттер беріліп жатыр. Сол себепті жоспарланған жұмыстарды өз мерзімінде аяқтау қажет.
«Өңірге көрсетіліп отырған мүмкіндікті оңтайлы пайдаланып, тұрғындардың жағдайын жақсарту үшін әлеуметтік нысандар салуды тездетіп бастау міндеті тұр. Бастаған істі уақытылы әрі сапалы аяқтауымыз керек. Сондықтан бөлінген трансфертке талдау жасау қажет. Объективті себеппен игерілмейтін қаражат болса, оны тұрғындарға пайдасы асатын басқа нысандарға жолдау үшін қазірден ұсыныс енгізген жөн. Құрылыс жүргізуге міндеттеме алған соң, оның сапасын төмендетпей, артық шығынға жол бермей, қатаң бақылау жасалуы тиіс. Әр басшыдан жауапкершілік қатаң сұралады. Жоспарда тұрған жұмыстарды белгіленген мерзімде аяқтау қажет», - деді Серік Шәпкенов.