Еңбегі еленген теміржолшы
Еңбегі еленген теміржолшы
Теміржол саласында аянбай тер төккен адамдардың еңбегі қай кезде де елеусіз қалмайды. Қызығынан қиындығы басым саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандарға халықтың да алғысы шексіз. Сондай жанның бірі – еселі еңбегімен ел ықыласына бөленген қармақшылық Жақсылық Ерханов десек артық айтпаспыз. Жақсылық Ерханов – көптің құрметіне бөленіп, теміржол саласына саналы ғұмырын арнаған еңбек адамы. Ол 1938 жылы Қызылорда облысына қарасты Қармақшы ауданы Ақжар ауылында туған. Мектеп қабырғасын 1952 жылы бітірген ол еңбекке ерте араласты. Ең алғаш қызметін 1955 жылы «Ташкент» теміржолында темір­жолшы болып бастаған. Сол кезден бастап оның теміржол саласындағы табысты еңбек жолы жалғасын тапты. Еңбекқорлығымен, тиянақтылығымен көзге түсті. Өз ісінің нағыз маманына айнала білді. Уақыт өте келе теміржол­шыдан бригадир қызметіне ауысып, еселі еңбегінің нәтижесінде 1982 жылдан бастап жол шебері қызметіне көтерілді. Осы салада ұзақ жылдар бойы еңбек еткен ол 1995 жылы зей­нетке шыққан. Білікті маманның көп жылғы еселі еңбегі елеусіз қалған емес. Қырық жыл теміржол саласының дамуына қосқан ерен еңбегі үшін «Теміржол саласының үздігі» марапаты табысталған. Сонымен қатар аудан әкімінің алғыс хаттарымен марапатталған. Елге сыйлы, халқына қадірлі ағамыз әрқашан да құрмет төрінен аласарған емес. Бүгінде береке дарыған әулеттен тараған сегіз бала бір-бір үй болып, өз саласында табысты еңбек етуде. Оның ішінде бес баласы әке жолын қуып, теміржол саласында жұмыс істейді. Әке орнын басқан үлкен ұлы Бақ­бер­ген теміржолда жол шебері болып еңбек етеді. Елге сыйлы, ұжымдас­тарына қадірлі азамат біліктілігімен еленіп жүр. Еселі еңбегінің арқасында «Құрметті жол» медалімен марапат­талған. Екінші ұлы Шынберген Ерха­нов та осы салада тер төгіп келеді. Темір­жолда аға жол шебері болып жұмыс істейді. Үшінші баласы Жаңайберген Қызылорда қаласында теміржолда көпір жөндеуші болып жұмыс істесе, төртінші баласы Бекбер­ген ауылдағы теміржолда бригадир. Ал Жақсыбек теміржолда машина жүргізуші болып, адал еңбегімен нәпақасын тауып келеді. Ардагер теміржолшының немере­лері де ата жолын таңдап, теміржол саласының өркендеуіне өз үлестерін қосып жүр. Екі немересі Нұрбек пен Нұрсұлтан Қызылордада теміржолда көлік жүргізуші болса, тағы бір немересі Айбек – Қармақшыда вагон тасымалдаушы. Қазіргі таңда Жақсылық ағамыз Жосалы кентіне қарасты «Қорқыт» стансасында балаларына ақылшы әке, немерелеріне қамқор ата болып, мамыражай тұрмыс кешуде. Еселі еңбектің өресіне шыққан ардагер теміржолшы көп жылғы бейнетінің зейнетіне бөленіп отыр.

Ербақыт Жалғасбаев, Қызылорда облысы