Апаттың себептері анықталды
Апаттың себептері анықталды
© коллаж: Елдар Қаба
345
оқылды
Биыл Наурыз мейрамы қарсаңында Петропавл қаласындағы №2 жылу-электр орталығының мұржасы құлап, төтенше жағдай дүйім жұртты дүрліктірген болатын. Содан бері жүргізілген тексеріс аяқталып, апат себептері анықталды. Сол тұста теріскей тұрғында­рының ақ қар, көк мұзда тұтас бір қаланың тұрғындары жылусыз, ыстық сусыз қалғаны біраз жыр бол­ғаны белгілі. Адам өлімімен аяқ­талған техногендік апат себеп­терін анықтаумен Энергетика ми­нистрлігінің арнайы комиссиясы айналысты. Комиссия мүшелері то­лыққанды әрі жан-жақты тек­се­ріс жүргізу мақсатында қазандықтар жұмысының энергетикалық режи­міне, одан бөлінген және мұржаның ішіндегі газдардың параметрлеріне, мұржаны қолдану тәртібіне және №1 мұржаның техникалық-құры­лыс сараптамасын тағайындады. Сол сараптамалардың және кешен­ді ғылыми-техникалық зерттеу нә­тижесінде мұржаның не себептен құлағаны анықталды. «Бақсам бақа екен» дегендей, о баста, яғни жобалау және құрылыс кезінде-ақ, 60 жыл бұрын, ақаулық­тар жіберілген екен. Ендеше басқа екі мұржаның да құрылысы кезінде кемшілік кетпегеніне кім кепіл? Әлде Кеңес одағы кезіндегі құры­лы­с­шыларды жауапкершілікке тар­ту мүмкін емес болғандықтан, осын­дай себеп аталды ма екен? Ай­та кету керек, білетіндердің ай­туын­ша, былтыр Барнаулда жылу-электр орталығының мұржасы құ­лағанда да ішінара осындай қо­рытынды жасалған екен. Ақаумен салынған мұржа 60 жыл бойы міз бақ­пастан тұрмас еді деп күмән­данушылар да бар. Одан соң мұржаны жоспарлы және алдын ала жөндеу, кезекті тек­серіс жүргізу мерзімдері сақ­талмапты. Қазандықтардан шы­ғатын газдардың температурасына қатысты жұмыс режимдері де бұ­зылған. Қазандық агрегаттарының жоғары апаттылығы да анықталды. Әрі ол аз болғандай, апатқа бай­ланысты тоқтап қалған қазандықтар мазуттың көмегімен жиі-жиі іске қосылыпты. Бұл түтін мұржасы мен газ жолы жұмысының нашарлауына әкеліп соққан, яғни конденсат пен төмен температуралы тот түзілген. Ал жылу-электр орталығының бас­шылары мен жауапты мамандары «ай қарап жүріпті». Олар тиісінше бақылау жүргізбегенін де комиссия ашық айтып отыр.

«Айран ішкен құтылып...»

Прокуратура қызметкерлері ха­барлағандай, жіберілген кем­ші­ліктер үшін және 2021-2022 жыл­дардағы күзгі-қысқы кезеңде станса жабдықтарының апаттары мен іс­тен шығуы санының артуы себепті директорлар кеңесінің шешімімен «Севказэнерго» АҚ-ның жауапты басшыларына қатысты тәртіптік жаза қолданылыпты. Атап айт­қанда, «Севказэнерго» мен жылу-электр орталығының директорлары қызметінен босатылса, стансаның бас инженерінің лауазымы тө­мен­детілген. Мұны облыстық энер­гетика және тұрғын үй-комму­нал­дық шаруашылық басқармасының басшысы Бақыт Ілиясов та растады. Бірақ бұл қаншалықты әділ жаза екені көпшіліктің күмәнін туғызып отыр. Себебі жазаланған адамдар қызметке апат қарсаңында ғана тағайындалған. Шын мә­ні­сінде, «Орталық-Азия Электро­энергетикалық Корпорациясы» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы, станса қожайыны Александр Кле­бановтың өзін жауапкершілікке тарту керек деушілер көп. Себебі 2007 жылдан бері кәсіпорынды басқарған ол ондаған жылдар бойы жөндеу және қайта құруға көк тиын бөлмеген. Шындап келгенде, орта­лықта апат үшін директорлар ке­ңесінің төрағасы емес, кешеннің өзге басшылары жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. Айта кету ке­рек, ол бұл қызметте апатқа дейін бір жылдай ғана жұмыс істеген.

Қыстан қысылмай шыға ала ма?

Комиссия жұмысының нәти­желері бойынша осындай техно­логиялық кемшіліктерге жол бер­меу жөніндегі негізгі ұйымдас­ты­рушылық және техникалық іс-шаралар әзірленді. «Севказэнерго» АҚ алдағы жылыту маусымына са­палы дайындау және қысты қам­сыз өткізу мақсатында Петропавл №2 жылу электр орталығының жұ­мысын қалыпқа келтіру бойын­ша Жол картасы әзірленіп, іске асырылып жатыр. Оның аясында стансаның қираған мұржасы бұ­зылып, қазандықтары қалпына кел­тірілуде. Энергетика министр­лігі орталық жағдайына апта сайын мониторинг жүргізеді. Солтүстік Қазақстан облыстық энергетика және тұрғын үй-ком­му­налдық шаруашылық басқарма­сының басшысы Бақыт Ілиясов хабарлағандай, бүгінгі күні 6 қазан­дық агрегарты мен 2 мұржа және 1 турбоагрегат жөнделіп жатыр. Бұл жұмысқа 10 мердігер ұйым мен 400-ге жуық адам, 35 техника тартылыпты. «Біздің негізгі міндетіміз – жы­лу-электр стансасының алдағы жылыту мерзіміне дайындығын қамтамасыз ету. Жоспарланған шаралардың барлығы кестеге сай жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс об­лыстық әкімдіктің ұдайы бақы­лауында», – деп сендірді басқарма басшысы. Бұл жекеменшік кәсіпорын болғандықтан, оның қызметіне араласу мүмкін емес. Сондықтан жөндеу жұмыстарына бюджеттен қаржы бөлінбейді. Бұл туралы облыс әкімі Құмар Ақсақалов Ор­талық коммуникациялар қызме­тінде өткен брифингте айтты. Оның айтуынша, акционерлер жөндеу жұмыстарына 18 миллиард теңге бөлген. «1 қыркүйекке дейін 6 қазан­дықты, 1 қарашаға дейін қосымша 3 қазандықты жөндеу жұмыстары аяқталады. Яғни, 1 қарашаға дейін 9 қазандық жөнделеді. Жалпы, жы­лу-электр орталығында 12 қ­а­зандық бар. Биылғы жылыту мау­сымында соның 11-і жұмыс істей­тін бола­ды», – деп сендірді өңір басшысы. Сондай-ақ құлаған және 1962 жылы салынған ескі мұржа алынып тасталып, келесі жылы екі мұр­жа­ның орнына бір мұржа салынбақ. Алайда қарапайым халық биылғы қыстан қысылмай шыға­тынына сенімсіз. Қазірдің өзінде олар «кәрі құданың» келуіне қам­дана бастаған. Бұрындары жаз бойы сатылатын жүз вагон көмір бүгінде он күннің ішінде сарқылатын болған. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа­шы­лық басқармасының бас маманы Айболат Әубәкіров түсіндір­ге­ніндей, жоспар бойынша айына 100 вагон көмір жеткізілуі тиіс. Бірақ қазір бұл жеткіліксіз болғандықтан, депутаттар жоспарды ұлғайту туралы кеңес беріп жатыр. Тұрғындар жылу-электр орта­лығы биыл тиісті қуатында жұмыс істей алмайды деген пікірде. Сон­дықтан қызылжарлықтар қыста қысылып қалмас үшін қазірден бастап әзірленіп жатыр.

Роза ШӘКЕН, Солтүстік Қазақстан облысы