Маңғыстау облысында жол апатынан төрт адам қайтыс болды.
Көлік апаты 28 шілдеде «Ақтау-Бейнеу» республикалық маңызы бар тасжолының 325-ші шақырымында болған.
«Lada Priora автокөлігінің жүргізушісі рульге ие бола алмай қалып, қарсы жолаққа шығып кеткен. Онда Mercedes Benz S-320 автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан екі көліктің де жүргізушісі, Lada Priora автокөлігінде болған екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Тағы екі жолаушы зардап шекті. Олар жақын маңдағы аудандық ауруханаға жатқызылды», - деді Маңғыстау облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.
Қайғылы жағдай ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша Маңғыстау ауданының полиция бөлімшесінде сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қазір тергеу жүріп жатыр.