Бұл туралы Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Айжан Жатқанбаева Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия мен Қазақстан Республикасы Конституциялық соты бірлесіп ұйымдастырған дөңгелек үстелде мәлімдеді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Іс-шара барысында Конституциялық соттың бала асырап алу, ата-аналардың отбасылық құқықтары мен міндеттерін іске асырудағы теңдігі, бала күтімін жүзеге асыратын ата-аналардың зейнетақы кепілдіктері, әкімшілік жауаптылықтың жекелеген шараларын қолдану және алименттік міндеттемелерді орындау мәселелері бойынша құқықтық ұстанымдары таныстырылды.
Судья жаңартылған Қазақстан Республикасының Конституциясы отбасыны, ана мен әкені және баланы дербес конституциялық құндылықтар ретінде бекіту арқылы оларды қорғаудың кепілдіктерін күшейткенін атап өтті.
Конституциялық соттың құқықтық практикасында мынадай маңызды ұстанымдар қалыптасты:
– бала асырап алу мәселелерін қарау кезінде Сот теңдік қағидатын сақтаудың маңызын атап көрсете отырып, баланың ең үздік мүддесін басымдық ретінде айқындады;
– ата-аналардың зейнетақы кепілдіктеріне қатысты Сот бала күтімі кезеңі баланы нақты күтіп-баптаған жұмыс істемейтін ата-ананың кез келгеніне еңбек өтіліне есептелуге тиіс екенін көрсетті;
– әкімшілік жауаптылық саласында Сот объективті негіздер болған жағдайда ана мен баланы қорғауға бағытталған арнайы шараларды қолдануға жол берілетінін атап өтті;
– алименттік міндеттемелерді қарау кезінде Сот баланың лайықты материалдық қамтылу құқығын қамтамасыз ету және ата-аналардың мүдделері арасындағы әділ теңгерімді сақтау қажеттігін ерекше атап өтті.
Конституциялық –оттың құқықтық ұстанымдары отбасы институтын нығайтуға, ата-аналардың теңдігін қамтамасыз етуге, баланың құқықтарын қорғауға және Қазақстан Республикасының заңнамасын одан әрі жетілдіруге бағытталған.
«Мемлекеттің отбасылық саясатының тиімділігі оның Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкестігімен және адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын нақты қорғауды қамтамасыз ету қабілетімен айқындалады», – деді Айжан Жатқанбаева.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.
