Үндістандағы Шахмат Олимпиадасында еліміздің ерлер және әйелдер құрамасы үшінші раундта жеңіске жетті.
Қазақстан әйелдер құрамасы бұл жолы Перу құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Қыздар қатарында Бибісара Асаубаева, Ксения Балабаева және Гүлісхан Нахбаева жеңіске жетсе, Назерке Нұрғали қарсыласына есе жіберді. Бұл – қыздардың қатарынан үшінші жеңісі. Бұдан бұрын олар Гватемаланы 4:0, Бельгияны 3:1 есебімен жеңді. Ал Перу құрамасы Барбадос пен Албаниядан 4:0 есебімен басым түскен еді.
Еліміздің ерлер құрамасы Ливаннан 4:0 есебімен басым түсіп, екінші жеңісіне қол жеткізді. Олар бұған дейін Қытай Тайбейін 3:1 есебімен жеңіп, екінші кездесуінде Тәжікстанға 1,5:2,5 есебімен есе жіберді.
Шахмат Олимпиадасы 28 шілде – 10 тамыз аралығында өтеді. Оған әлемнің 186 мемлекетінен 1736 спортшы қатысып жатыр.