Жамбыл облысындағы сотталушы колония әкімшілігі қызметкерлеріне шабуыл жасаған. Оқиға облыстық ҚАЖ департаментіне қарасты ЖД-158/7 мекемесіндегі таңғы тексеру кезінде болған.
Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 1 тамызда сағат 8.39-да жедел жәрдем станcасына ҚАЖ департаментінің ТЖ-158/7 мекемесінен қоңырау түскен. Мекемеге екі жедел жәрдем бригадасы барған. Мекеменің медицина қызметкерлері зардап шеккендерге алғашқы көмек көрсеткен. Кейін оларды облыстық ауруханаға жеткізген.
«Зардап шеккендер жансақтау бөлімінде жатыр. Олар шұғыл түрде Тараз қалалық жедел жәрдем ауруханасына жеткізілді. Дәрігерлер оларға бірден операция жасады», – дейді Жамбыл облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.
Аталмыш ведомство зардап шеккен екі адамның жағдайы орташа, біреуі тұрақты екенін айтқан.