Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясына сапары кезінде ел бірлігін нығайтып, экономиканы дамыту үшін бірнеше ұйымның басшыларымен арнайы кездесті. Арнайы дейтін себебіміз, Қазақстан үшін қолда бардың қадірін біліп, қазба байлықты кәдеге жаратудың заманауи әдіс-тәсілін үйрену, қолданысқа енгізу ауадай қажет.
Қазақ елі Орта Азияда шекарасын шегендеген бірден-бір мемлекет ретінде әлеуметтік-экономикалық, саяси мәселелерді ұдайы жіті назарда ұстайды. Өйткені әлемде геосаси ахуал тұрақсыз. Басты мақсат – елдің береке-бірлігін сақтап қалу, халықтың әлеуметтік тұрмысын түзеу үшін экономиканы үздіксіз дамыту.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстанның Сауд Арабиясымен арадағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтуға және кеңейтуге бейілді екенін растағым келеді. Бүгін осында бүкіл әлемде айтарлықтай табыстарға қол жеткізген Сауд Арабиясының ірі компанияларының басшылары қатысып отыр. Мен бәріңізді өзара тиімді негізде Қазақстанда бірлесе жұмыс істеуге шақырамын», – деді Президент.
Екі ел арасындағы сауда айналымын ұлғайту үшін логистиканы дамыту қажет. Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, Каспий теңізі арқылы тауар тасымалдау тиімді.
«Басты кедергі – жол мәселесі. Сауд Арабиясының кәсіпкерлерімен логистиканы дамыту үшін бірнеше мәселені талқыладық. Жуырда Мемлекет басшысының Иранға барған сапарында Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы экономикалық коридор ашуды ұсынды. Осы мәселені Сауд Арабиясының өкілдерімен де талқыладық. Каспий арқылы логистиканы дамытсақ, тауар айналымына даңғыл жол ашылады», – деді Бақыт Сұлтанов.
Сапар барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Сауд Арабиясының кәсіпкерлеріне тиімді ұсыныс айтты.
Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстан егістік көлемі бойынша жан басына шаққанда әлемде екінші, жайылым жерлер жөнінен бесінші орын (180 миллион гектар) алады. Еліміз бидай өсіретін және ұн өндіретін 10 ірі мемлекеттің қатарына кіреді. Біз Корольдікке жоғары сапалы бидай, ұн және майлы дақылдарды тұрақты әрі ұзақмерзімді жеткізуші елдердің бірі болуға дайын.
Мемлекет басшысының Сауд Арабиясына ресми сапарының екінші күні елдің іскер топтар өкілдерімен өткен инвестициялық дөңгелек үстелге қатысудан басталды.
Екі елдің инвестиция, экономика, сауда және қаржы салаларындағы ықпалдастығын нығайту кездесудің негізгі тақырыбы болды.
Форумға Ajlan & Bros Holding Group, SALIC, Saudi National Bank, Alhokair Group, FlyNas, Savola Group, SPIMACO, National Technology Group (NTG), Kingdom Holding, Dr. Sulaiman Al Habib Medical Group, Al Rajhi International for Investment, Al Muhaidib Group, Jamjoom Pharma, Tabuk Agriculture Development сияқты ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ Сауд Арабиясы экономикасының барлық секторында жұмыс істейтін бірнеше ондаған компанияның жетекшілері қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары аясында қол қойылған құжаттың бірі – Eurasia Invest LTD ЖШС мен Jamjoom Pharma компаниясы арасындағы Қазақстаннан Сауд Арабиясына құрғақ қымыз жеткізу туралы келісім. Бұдан былай қазақстандық кәсіпкерлерге тауарын өткізу үшін жаңа мүмкіндіктер ашылып отыр.
Қымыз өндірумен айналысатын кәсіпкер Дамир Александрдың айтуынша, Сауд Арабиясына саумал ұнтағын сатуға мүмкіндік туды.
«Алғашқы құжаттарға қол қойдық. Енді тауардың алғашқы партиясын Сауд Арабиясына жібереміз. Бұған дейін саумал ұнтағын Қытай, Үндістан, АҚШ-қа саттық», – деді кәсіпкер Дамир Александр.
Сапар аясында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің келешек экономикалық дамуға деген көзқарасы ұқсас екеніне де тоқталды.
«Saudi Vision – 2030» бағдарламасы мен біздің «Қазақстан – 2050» стратегиясы экономиканы әртараптандыру, шикізатқа тәуелділікті төмендету, адами капиталға инвестиция салу, түптеп келгенде жоғары дамыған елдердің қатарына кіру арқылы ұлттық дамуға қол жеткізуді көздейді.