Бастығынан кек алмақ болған ер адам гаражды өртеп жіберді
Бастығынан кек алмақ болған ер адам гаражды өртеп жіберді
289
оқылды
Қарағанды облысында бұрынғы жұмыс берушісінен кек алмақ болған азамат гаражды өртеп жіберді, - деп хабарлады Polisia.kz.
Қаражал қалалық полиция бөліміне 53 жастағы қала тұрғыны хабарласып, аяқасты үйінің жанында тұрған өзіне тиесілі гаражының өртенгені туралы арызданған. Сондай-ақ гараж ішінде автокөлігі болған. Келтірілген шығын көлемі 3 миллион теңгені құраған.
"Сараптама қорытындысына сәйкес, аталған оқиға қасақана жасалғаны белгілі болды. Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 202-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды" делінген хабарламада.
20 шілде күні криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 31 жастағы азамат ұсталды.
Ұсталған азамат жәбірленушіден кек алу мақсатында осы әрекетке барғанын мойындады. Бұрындары ол жәбірленушінің қарамағында жұмыс істеп, сол шаруа қожалықтан мотоцикл ұрлағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны анықталды.
Осы себепті күдікті жәбірленушіге қастандық жасап, түнгі уақытта гаражға кіріп, бензин құйып өртегені белгілі болды.