Еуропа туристері Қазақстанға неге құмар емес?
Еуропа туристері Қазақстанға неге құмар емес?
© azattyq-ruhy.kz
Қазақстан Еуропада туристік бағыт ретінде жақында ғана пайда болды. Алайда саяхатшылар қатары әзірге көбейе қойған жоқ, - деп хабарлады «Хабар 24» телеарнасы. Мұның басты себебі, Қазақстан көп жағдайда бизнес-сапармен байланыстырылады. Өйткені еуропалықтар біздің елді қымбат деп есептейді. Бір француз турисі үшін Қазақстанға 2 апталық тур – шамамен 2,5 мың еуро. Ал Өзбекстанда мұндай саяхат 700 еуроға арзан.
"Қазақстан класы жоғары қонақ үйлер желісін жолға қойды. Бірақ бұларға көбіне қалтасы қалың бизнесмендер келеді. Кезінде Оман сұлтандығы осылай қателесіп, кейін онысын түзеді. Туристер қаптап келу үшін арзан жағын да қарастырған абзал. Әртүрлі қала, ауыл, кәдесый, тамақтану орындарын қамтыған дұрыс. Сонда тұрғындар да табыс тауып, ішкі экономика дамиды", - дейді Nomade aventure компаниясы департаментінің директоры Исса Смати.
Франциядағы Орталық Азия бойынша ең ірі туроператор – Nomade Aventure агентігі соңғы 2 жылда біздің елге бірде-бір турист жібермепті. Пандемия мен Украинадағы қақтығыстан басқа, Парижден Нұр-Сұлтанға тікелей қатынайтын әуе рейсінің алынып тасталуы да кері әсер еткен. Коронавирусқа дейін осы Nomade Aventure арқылы Қазақстанға келгендер қатары бірнеше ондаған адамға жететін еді.
"Қазақстанға тікелей әуе рейсінің болмауы қатты әсер етті. Осынша бай ел үшін бұл үлкен олқылық. Өзбекстанға аптасына 2 рет тікелей рейс қатынайды. Қараптан-қарап көңілің құлазиды", - дейді Исса Смати.
Қазақстанға еуропалықтарды көптеп тарту үшін шағын қонақ үйлер мен киіз үй қалашықтары өте қажет. Мамандар шетелдік 2 адамға арналған нөмірдің бағасы 40 мыңнан аспауға тиіс дейді. Сондай-ақ білікті гидтер дайындау маңызды.