Газ импорты: құбырдың бағыты қайдан?
Газ импорты: құбырдың бағыты қайдан?
Коллаж: Әсел Балтақызы
368
оқылды
Жақында Энергетика министрі Б.Ақшолақов еліміздің солтүстік және шығыс аймақтарына Ресей газын тарту мәселесін «Газпром» АҚ басшылығымен пысықтап келді. Министрдің айтуынша, бұл өңірлерді көгілдір отын мен қамтудың неғұрлым оңтайлы жолы көрінеді. Әйтсе де, Үкімет бұған дейін ол бағытты тиімсіз санаған. Дәлірек айтқанда, 2014 жылы сондай шешім қабылданған еді. Енді аяқ астынан бұл жолды таңдауға не түрткі болды?   ҚОЛЫМЫЗ АУЗЫМЫЗҒА ҚАШАН ЖЕТЕДІ? Әлемдік нарықта табиғи газ энергия қуатының 57 пайызын қамтиды. Кейінгі жылдары біздің елде де отынның бұл түріне деген сұраныс артқан. Алайда отандық газ өңдеу зауыттарының тапшылығына байланысты Үкімет бұл қажеттілікті қанағаттандыра алмай отыр. Қынжылтатыны сол, Қазақстанда газдың барланған қоры 3,8 трлн текше метрді құрайды және ол ішкі сұранысты 100 жылдан астам уақыт бойы қамтамасыз етуге жеткілікті. Газ өндірісінің 81 пайызы Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кеніштеріне тиесілі. Бірақ бар мәселе өзіміздегі газ өңдеу зауыттары қуатының шектеулігінде болып тұр. Ал қолда бар қуаттардың технологиялық шешімдері газ параметрлеріне сәйкес келмейді. Ресми мәлімет бойынша, ішкі нарықтағы газды тұтыну көлемі жылдан жылға өсіп, ол 2025 жылға қарай 25,7 миллиард текше метрге, 2030 жылға қарай 30,2 миллиард текше метрге жетеді. Өйткені газ бағасы өзге энергия көздеріне қарағанда арзан әрі экологиялық жағынан таза. Сондықтан да халықтың ішінде табиғи газға сұраныс мол. Кейінгі кездері жұрттың тіпті көліктерін де көгілдір отынға ауыстыруға ден қойғаны байқалады. Мәселен, осыдан төрт жыл бұрын Қазақстанда 140 мың машина газбен жүрген болса, биыл ол көрсеткіш 350 мыңға жеткен. Әсіресе, жолаушылар тасымалымен айналысатындардың газға қызығушылығы артып келеді. Жалпы, бүгінде 11 миллион қазақстандық (57%) көгілдір отынмен қамтылған. Ішкі сұраныстың өскенін ескере отырып, енді газ тарату жүйесін жетілдіру мәселесі күн тәртібіне шықты. Газдандыру жұмыстары 2015-2030 жылдарға арналған Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылып келеді.
«Үкімет елді мекендерді газдандыруға басымдық берді, жоспарын жасап қойды. Бірақ газды қайдан, қалай алатынын нақты айқындаған жоқ. Бұл мәселе енді алдымыздан көлденеңінен шығып отыр. Бұрын мұнаймен бірге шығатын ілеспе газ текке өртелетін. Оны тек шетелдік инвесторлар келгенде ғана пайдаға жарата бастадық. Сондай-ақ өзімізде газ өңдейтін зауыттар санаулы ғана. Мәселен, кеңес заманынан бері келе жатқан Маңғыстаудағы «ҚазақГазӨңдеу» зауыты ескірген, 40 жылда әбден қирап-тозған», − дейді Мұнай сервистік компаниялар одағының төрағасы Рашид Жақсылықов.
  «САРЫАРҚА» ҮМІТТІ АҚТАМАЙТЫН БОЛҒАНЫ МА? Естеріңізге сала кетейік, мамыр айының соңында өткен Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов аталған аймақтарды газбен қамту мәселесі уақыт күттірмейтінін ескерткен. Осыған орай Энергетика министрлігі оның екі нұсқасын ұсынды: бірі – «Сарыарқа» магистралдық құбыры арқылы, екіншісі – Ресей Федерациясы арқылы. «Сарыарқа» магистралінің Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Теміртау – Нұр-Сұлтан маршруты бойынша құрылысының бірінші кезеңі 2019 жылы салынып бітті. Соның арқасында 14 мың абонент немесе 191 мың астаналық көгілдір отынмен қамтылды. Кейін «АстанаГаз КМГ» АҚ бағаның құбылуына байланысты оның 2-3 кезеңінің техникалық-экономикалық негіздемесіне түзету енгізді. Сөйтіп, ұзындығы 483 шақырымға созылатын құбыр құрылысының құны 165 миллиард теңгеге бағаланды. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы мен Қарағанды облыстарының әкімдігі қалаішілік газ тарату торабы құрылысын жүргізіп жатыр. «Сарыарқа» магистралі салынып біткенде Нұр-Сұлтан, Қарағанды, Теміртау, Жезқазған қалаларындағы бұған дейін көмірмен жағылған 70 мың үй газга қосылатын болады. Сондай-ақ Ақмола облысында қолға алынған 13 жоба бойынша 16 мың үйді көгілдір отынға көшіру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Әйтсе де, құбыр Қызылжар, Көкшетау, Өскемен, Семей, Павлодар қалаларына әлі жете қойған жоқ. Енді, міне, министр Б.Ақшолақовтың мәлімдемесінен Үкіметтің екінші нұсқа – РФ арқылы газ тасымалдауды таңдағанын көріп отырмыз. Қазіргі кезде Ресей газын Қазақстанға әкелу жөнінде алғашқы келіссөздер өтті, оның техникалық шарттары қарастырылып жатыр. Бірінші кезекте 4 миллиард текшеметр газ жеткізу көзделген, кейін оның мөлшерін 7-10 миллиардқа дейін ұлғайту ойластырылған. Ол үшін солтүстік және шығыс өңірлердегі көмір стансаларын газға ауыстыру жоспарланған. Сөйтіп, қашықтығы 1000 шақырымнан асатын «Павлодар қаласына тармақталатын Барнаул – Рубцов – Семей – Өскемен» және қашықтығы 644 км «Есіл – Петропавл – Көкшетау – Нұр-Сұлтан» бағыттары бойынша құбыр тартылуы тиіс. Сонда егер Үкімет РФ газына арқа сүйеген болса, онда «Сарыарқа» үмітті ақтамаған болғаны ма?   ҮКІМЕТТІҢ КӨҢІЛІ РФ-ға АУҒАНЫ НЕСІ?! «Біз Ресей Федерациясынан сұйытылған табиғи газды жеткізу арқылы Шығыс Қазақстан облысы мен солтүстік өңірлерді газдандыру нұсқасын зерделеп жатырмыз. Бұл экономикалық тұрғыдан газбен жабдықтаудың неғұрылым оңтайлы жолы. Қазір QazaqGaz бен «Газпром» арасында сондай келіссөздер жүргізіліп жатыр», – деді Энергетика министрі Б.Ақшолақов. Министрдің айтуынша, аймақта газға бай тағы бір көршіміз – Түркіменстанмен мұндай келіссөздер жүргізілмеген. Өйткені Ресейден құбыр тартып, сосын оны біздің ішкі жүйемен қоса салған көп жеңіл көрінеді. Одан бөлек, «QazaqGaz» ҰК» АҚ төрағасы С.Жаркешовтің айтуынша, ішкі нарықты дамыту саласында газдандыру деңгейін 2030 жылға қарай 65 пайызға дейін арттыру көзделген. Бұл жұмыстар ҚР Газдандырудың бас схемасын іске асыру бойынша тәуелсіз газ тарату ұйымдарының жеке инвестицияларын жұмылдыру арқылы жалғасатын болады.
«Кейінгі кездері ірі тұтынушылар тарапынан көгілдір отынға ауысу туралы өтініштер түсе бастағандықтан, оны сыртқа экспорттамақ түгілі 2024 жылға қарай 1,7 млрд текшеметр газ тапшылығы туындауы мүмкін. Ірі тұтынушылардың қатарында Алматыдағы ЖЭО-2 және ЖЭО-3 сияқты энерготасығыштар, ОХК, WestGasOil газ-химия кешендері және ArcelorMittal, Конденсат және тағы басқа ірі коммерциялық тұтынушылар бар. Осыған орай, 2022- 2030 жылдар кезеңінде тауарлық газдың ресурстық базасын кеңейту бойынша кең ауқымды шаралар қарастырылған», – дейді «Qazaq Gaz» ҰК» АҚ төрағасы С. Жаркешов.
Әлбетте, ел билігі 2030 жылға қарай елдің энергетикалық теңгерімі құрылымындағы газ көлемін 25 пайызға дейін өсіру, экономиканы карбонсыздандыру, көміртегі бейтараптығына қол жеткізу бойынша алға үлкен мақсаттар қойып отырғаны белгілі. Жоғарыда айтылған шаралар осы мұраттарға жетудің алғышарттары деп қабылдайық. Десек те, Үкіметтің солтүстік және шығыс өңірлерге Ресей газын тартуту ралы шешімі экономикалық тұрғыдан қаншалықты тиімді екені қайдам, бірақ оның саяси жағы көпшілікті қатты алаңдатып отырғаны жасырын емес. Экономика – саясаттың шоғырландырылған сипаты демекші, әсіресе әлемде геосаяси жағдай шиеленісіп тұрғанда мұндай шешімдерді қабылдауда аса сақтық қажет-ақ. Біз қазірдің өзінде Ресейге мұнай тасымалы бойынша өте тәуелдіміз, енді келіп, міне, газ бойынша тағы кіріптар болатын жайымыз бар. Мұның соңы не болады? Әйтеуір, ертең бәрі кеш болып жүрмесін!