Елордалық ҚХА Қазақстанның киелі жерлеріне сапарлап, сенбілік өткізді
Елордалық ҚХА Қазақстанның киелі жерлеріне сапарлап, сенбілік өткізді
Нұр-Сұлтан қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясы, этномәдени бірлестік мүшелері, ЖОО тарихшылары мен елордалық ҚХА жастары Павлодар облысының тарихи-өлкетану, киелі нысандарына сапарлады. Сапардың негізгі мақсаты – еліміздің тарихи маңызы бар жерлерін аралап, келешек ұрпаққа оны жіті таныстыру болып саналады. Сапар бағыты Екібастұз қаласы Ақкөл-Жайылма ауылы, Баянауыл ұлттық табиғи саябағы, Қоңыр әулие үңгірі, Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі және Әулие бұлақ бұлағына жасалды.    width= Елордалық Достық үйі алаңынан жинақталып, жолға шыққан топ, ең алдымен Павлодар облысы Екібастұз қаласы маңындағы ауылға барып Исабек Ишан мешітіне барып, құран бағыштап, мұражайымен танысты. Экскурсияны Екібастұз тарихи-өлкетану мұражайының маманы Асхат Серикбеков бастап отырды. Ол қатысушыларға Исабек Ишан туралы кеңірек тоқталып өтті.
«Жаз бойы Қазақстанның түкпір-түкпірінен жерлестерімізден бөлек шетелден келетін туристер Павлодар облысының киелі жерлерімен көптеп танысуда. Бүгінгі күні 70-тен астам киелі жерлер бар. Оның 5-еуі республикалық сакралды орындар тізімінде. Олар: Баянауыл ауданындағы Мәшһүр Жүсіп Көпеев, Қоңыр әулие үңгірі, Жасыбай батырдың монументі,  Екібастұз қаласының ауылдық аймағындағы Исабек Ишан кесенелік кешені,  Ақкөл-Жайылма қалашығы. Тарихта аты қалған, бүгінде есімі аңызға айналған парасатты, ізгі ниетті, адасқанда халқына бағыт-бағдар берген аңызға айналған адамдар көп. Сол адамдардың ұрпағы ретінде кесене тұрғызып, атын асқақтату жолы біздің парызымыз», – деді Асхат Серикбекұлы өз сөзінде.
Одан әрі делегация Павлодар облысындағы Баянауыл ауылының солтүстік-шығысында, 17 км қашықтықта орналасқан «Қоңыр әулие» үңгіріне барды. Баспалдақтардың ұзындығы 110 метр, үңгірдің жалпы ұзындығы 30 метр болатын Қоңыр Әулиеге тағзым етіп, жақсы ниетпен тілек тілеп шықты.    width= Тарихи-мәдени мұра, ортағасырлық қала орындарына саяхат жасаған экскурсия қатысушылары тарихы тереңде жатқан киелі жерлермен танысып, Жасыбай демалыс аймағына орналасып, қызықты кеш өткізді. Келесі сенбінің таңы сан мыңдаған туристерді өзінің ерекше қайталанбас табиғатымен таңғалдырып келетін Баянауылдың табиғатын тамашалаудан басталды. Саяхатқа барған делегация мүшелері «Таза Баян – Таза Жүрек» экологиялық сенбілігін ұйымдастырып, өз үлестерін қосты. Барлығы бірге көлдің жағасын қоқыстан тазартты. Адал еңбектен соң, қатысушылар ұйымдастырушылар ұсынған таза ауадағы кешкі астан дәм татты. Келесі кезекте Мәшһүр Жүсіп Көпеев кесенесі және Әулие бұлақ бұлағына археологиялық-этнографиялық қорым ескерткішіне жол басталды. Кесене шырақшысы келген делегацияға Мәшһүр Жүсіп Көпеев туралы толыққанды мағлұматтар беріп, қатысушылар көкейдегі сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ кесенесі басына барған делегация мал шалып, құран оқып, етін елордадағы тұрмысы төмен отбасына таратып берді. Тарихи нысандарды аралап көріп, асыл мұрамызды одан әрі қадірлей түсуіне себепші болған ұйымдастырушыларға қатысушылар зор алғыс білдірді.    width= «Біздің қасиетті жерлерге жасаған сапарымыз керемет әсер қалдырды. Әсіресе Мәшһүр Жүсіп Көпеев бойындағы қабілеттерін естіп таңғалдым. Ол кезде білім әлі берілген жоқ, бірақ сонда да қаншама сынақтардан өтіп, өзін дәлелдеп шыққан. Қазір оны барлығы танып-білу үшін жан-жақтан саяхатпен келіп жатыр. Сондай-ақ, Қоңыр Әулие үңгіріне бардым. Ол жаққа көтерілу қиын болды, бірақ мен ішіне кіріп өз тілегімді айтып шықтым. Айналасындағы табиғаттан ерекше әсер алдым. Мен Қазақстанда осындай ғажайып бар екенін білмедім. Мұндай жерлерде алғаш рет келіп отырмын. Мұнда ғасырлар бойы жатқан тастар мен таулар, олардан өсіп шығып тұрған қайыңдар ерекше әсер қалдырды. Келешек ұрпақ өз елінің тарихын міндетті түрде біліп, дамуы керек және өткенді білуі керек. Өткенсіз болашақ жоқ», – деп, өз әсерімен бөлісті делегация мүшесі, елордалық корей этномәдени бірлестігінен Надежда Васильевна Пак.    width=  width=   Айта кету керек елордалық ҚХА бұған дейін Ақмола, Қарағанды облыстарының киелі жерлеріне саяхаттаған болатын. Мұндай сапарлар алдағы уақытта дәстүрлі түрде өтетін болады.