Баласына алимент төлемей, ақшасын құмар ойынға жұмсайтындар аз емес. Оралда алимент берешегі 7 миллион теңгеге жеткен. Облыстық прокуратура дерегінше, букмекерлер босағасынан шықпайтын борышкерлердің қатары жыл сайын мың адамға көбейіп жатыр, – деп хабарлайды AstanaTV.
Телеарнаның мәліметінше, бүгінде өңірде 6 мың адам алимент төлемей жүр. Көбі табысын жасырады. Шынар Қадырбаеваның бұрынғы күйеуі ажыраса сала, бизнесті тоқтаттым деп мәлімдеп, компаниясын басқа адамның атына аударған.
Жәбірленуші Шынар Қадырбаева: «Сот орындаушыларына табысым аз деп мүләйімсиді. Бірақ ағасының атына жеке кәсіпкерлік ашып алды да, табысын жасырып отыр. Бар тапқаным 42 500 теңге деп аузын қу шөппен сүрткен ол балама 15 мың теңге ғана төлейді. Бірақ табысы 60 миллион теңгеден асады. Сот орындаушыларының көмегімен қулығын әшкереледім», – дейді.
Борышкерлер көбі алименттің ең төменгі мөлшерін төлеуге тырысады. Ал енді бірі баласына бермеген ақшаны құмар ойындарға жұмсайды. Ал ұтысын басқалардың картасына аударады. Бірақ банктермен келісім жасаған прокуратура олардың жолын кесті. Есепшоты бұғатталған 11 азаматқа айыппұл салынып, бес тәулікке қамалған.
БҚО Прокурорының аға көмекшісі Әсел Берқалиева: «Прокурорлар «IXBET» букмекерлік кеңселерінде спорттық іс-шараларға тұрақты түрде ставкалар қоятын 127 борышкерді анықтады. Есеп айырысу шоттарында тыйым салу және инкассалық өкімдер шығару арқылы алимент бойынша берешекті өтеу есебінен өндіріп алушыларға аударылған 1,5 миллион теңгеге 30 борышкерден алимент бойынша берешекті өндіріп алды», – деді.
Бұған қоса, жолаушы тасымалымен айналысып, табысын жасыруға тырысқан жүргізушілер де бар. Құзырлы орган осындай 82 борышкерді анықтаған.