Елордада Қазақстан мен Орталық Азиядағы ең үлкен жаңа мешіт салтанатты түрде ашылды, – деп жазады Tengrinews.kz.
Жаңа мешіт Мәңгілік ел даңғылының бойында орналасқан. Көк түсті бас күмбездің биіктігі 83,2 метрге жуық, диаметрі 62 метр болады.
Hill International компаниясының менеджері Александр Артеменко мешіттегі күмбез құрылым түрі бойынша әлемдегі ең үлкен күмбез екенін айтты.
Төрт мұнара биіктігі – 130 метр. Әр мұнара бес бөліктен тұрады, олар исламның бес тірегі – иман, намаз, ораза, зекет және қажылықты бейнелейді. Сол қанаттағы бір мұнара келушілерге ашылды. Қонақтар лифтпен көтеріліп, көріністі тамашалай алады.
Мешіттің кіреберіс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі саналады. Ол тропикалық Африкада өсетін ироко қатты ағашынан қолмен жасалған. Оның биіктігі 12,4 метр, салмағы бір жарым тонна. Есіктері қазақы өрнектермен безендірілген. Ал сыртқы қабырғаларында көгілдір фонға ақ араб өрме жазуы жазылған.
Мешіттің қабырғалары мен күмбезінің іші түрлі-түсті оюлар, өрнектер, Құран аяттары және дұғалармен безендірілген. Бірақ негізінен қазақ өрнектері салынған.
Араб каллиграфиясын қазақ шебері Асылбек Байзақұлы жазған. Мешіттің ішкі есіктерінің биіктігі 12 метр, терезелері түрлі түсті ою-өрнектермен безендерілген әйнектен жасалған.
Құбыла жақтағы қабырғада Алланың 99 есімі қашалған. Мозаика қабырғаның ұзындығы 100 метр, биіктігі 22,4 метр. Мозаика түрлі түсті 25 миллион әйнектен құралған.
Үлкен зал мен әйелдер намаз оқитын жер толығымен қазақы ою-өрнектермен көмкерілген. Кілемнің жалпы ауданы 15 525 шаршы метр – бұл әлемдегі қолдан жасалған ең үлкен кілем. Кілемнің қалыңдығы 15 миллиметр. Ол Жаңа Зеландияда 100 пайыз жүннен тоқылған.
Мешіттің ашылу салтанатына Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.
«Бүгін қасиетті жұмада елордамызда керемет мешітті ашып жатырмыз. Бұл барша мұсылман тұрғындары үшін маңызды оқиға. (...) Тәуелсіздік алғаннан бері еліміздің барлық аймағында мешіттер ашылып жатыр. Алла Тағала осы мешіттерде оқылған дұғаларды қабыл етсін. 2019 жылдың наурызында Мемлекет басшысы ретіндегі өкілетімді тоқтатпас бұрын осы мешіттің алғашқы кірпішін қалаған болатынмын... Тәуелсіз мемлекетіміздің көркейе беруін тілейміз. Бұл мұсылмандық парыз, Отан алдындағы перзенттік парыз еді. Жаңа тәуелсіз Қазақстанды құру жолындағы еңбегімді Алла жарылқады деп ойлаймын», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.