Талдықорғанда мемлекеттен заңсыз пәтер алған шенеуніктер анықталды
Талдықорғанда мемлекеттен заңсыз пәтер алған шенеуніктер анықталды
© azattyq-ruhy.kz
384
оқылды

Талдықорған қаласында заңсыз алынған 1 мың 66 пәтердің әзірге 37-сі мемлекет меншігіне қайтарылды. Тізімде шенеуніктер де бар, -  деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Алматы облысының экс-әкімі Амандық Баталовтың жүргізушісі 2015-2020 жылдар аралығында пәтер алған. Қалалық тұрғын үй комиссиясы тексеріс барысында баспананың заңсыз берілгенін анықтаған.
"Қазір Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталовтың Николай есімді жүргізушіге жұмыс бабына берілген қызметтік пәтері Тұрғын үй-коммуналдық қорына қайтарылды. Бұл - бір бөлмелі пәтер. Талдықорған қаласының 8-шағынауданынан берілген", - деді Талдықорған қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов.
Баспасөз қызметі шенеуніктердің толық тізімін жария ете алмаймыз, ол тергеу әрекеттеріне теріс әсер етеді деп отыр.
«Қазір шенеуніктердің пәтерлерді заңсыз алғандығы бойынша тергеу әрекеттері жүріп жатыр. Қазір айтсақ тергеуге кедергі келтіреміз. Сот шешімі шыққан соң толық айта аламыз»,-деді  Мәди Шәкенов.
Осы жылдың наурыз айнан бері қайтарылған 37 пәтердің 11-і әлеуметтік осал топтағыларға беріліпті.
«Биыл наурыз айынан бастап Талдықорған қаласының әкімі Әсет Масабаевтың өкімімен арнайы жұмыс тобы құрылды. Бүгінде 1 мың 66 пәтердің заңбұзушылық жолымен алынғаны анықталды. Оның 37-сі Тұрғын үй қорына қайтарылды. Бұл 37 пәтердің 11-і арнайы әлеуметтік топтарға үлестірілді. Тұрғын үй комиссиясының  шешімімен пәтерлер көпбалалы, мүгедек бала асырап отырған отбасыларға, жетім балаларға үлестірілді», - деп мәлімдеді Талдықорған қаласы әкімнің баспасөз хатшысы Мәди Шәкенов.