Талап барда, тәртіп бар
Талап барда, тәртіп бар
«AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің отырысында мектепке дейінгі мекемелерге қойылатын біліктілік талаптарының жобасы талқыланды. Мектепке дейінгі мекемеде стандарттарға сай келетін жұмыс оқу жоспары немесе білім беру бағдарламасы болуы тиіс. Ол жұмысты үлгілік оқу жоспарына сәйкес орындайды.
– Сондай-ақ құжатта балабақшада жоғары білімді педагогтердің болуы, сапалы медициналық қызмет көрсету мен тамақтандырудың ұйымдастырылуы, ғимаратқа қойылатын талаптарды, өрт қауіпсіздігін, жабдық пен жиһаздың, бейнебақылаудың болуы сияқты регламенттер көрсетілген, – деді БҒМ Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова.
Бұл ретте құжат жобасында әрбір тармақ бойынша баламалы нұсқалар да қарастырылған. Мысалы, мектепке дейінгі мекемеде мамандығы бойынша бейінді білімі ғана емес, педагогикалық білімі бар және тиісті біліктілікті арттыру курстарынан өткен тәрбиешілер де жұмыс істей алады. Комитет төрайымы атап өткендей, қазір мектепке дейінгі білім беру мекемелерінде педагогикалық кадр тапшылығы байқалмайды. Соңғы жылдары педагогикалық мамандықтарға мемлекеттік грант көптеп бөліне бастады. Сәйкесінше, оларға қойылатын талап та жоғарылады. Бұрын ҰБТ нәтижесі төмен болған түлектер педагогикалық оқу орнын таңдайтын. Қазір мұндай оқу орындарына түсудің шектік балы өсті. Сәйкесінше, педагогика саласын мектепті «Алтын белгімен» тәмамдаған және түрлі пәндік Олимпиадалардың жүлдегері де таңдай бастады. Сондай-ақ спикер балабақшаларда медициналық қызметкер шарт бойынша жұмыс істей алатынын атап өтті. Яғни, оның штатта болуы міндетті емес. Ең бастысы, мектепке дейінгі мекеме үшін ғимаратқа қатысты тым қатаң ережелер болмайды. Мұндай мекеме ашып, қызметін ұсынғысы келгендер балабақшаларды өз ғимаратымен де, оны жалға алып та лицензияға ие болады.