«Жобалау-сметалық құжаттамалардың параметрлерін айқындауға өңірлік тәсіл енгізу керек. Әрі солтүстікқазақстандық өндірушілер мен импорттаушылар бағаларының өңірлік салалық индексі деп аталатын толығымен 100 пайыз цифрлық өнім жасап шығару қажет. Бұл бағдарламалық өнім бағаларды 1С-бухгалтериядан автоматты түрде алатын болады. Онда негізгі өндірушілер мен құрылыс материалдарын ірі жеткізіп берушілердің бағалар тізілімі бар. Осылайша өңірлік баға индексі автоматты түрде қалыптасатын болады. Нәтижесінде бұл жаңашылдық өңірдегі баға өзгерістерін барынша дәл қадағалауға және белгіленген норма шегінде тендердің мөлшерлік құнын түзетуге мүмкіндік береді. Бұл тағы бір қиындықты жоюға септігін тигізеді – бизнестің ресми статистикаға әсері өте төмен, ал жобалау-сметалық құжаттама дұрыс емес статистикалық деректер негізінде жасалады. Жергілікті атқарушы органдарға өндірушілердің өңірлік баға индексі негізінде баспананың бір шаршы метрінің құнын дербес белгілеу қажет», – деген Владимир Богданов осындай жоба Солтүстік Қазақстан облысында енгізуді ұсынды.Салықтық жеңілдік жоқ Солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер тап болған қиындықтардың тағы бірі – салық. Ұлттық экономика министрінің бұйрығынан Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы коды алынып тасталғаны оларға бөгет болып отырған көрінеді. Осы бұйрық бұған дейін Қазақстанда баламасы жоқ ауыл шаруашылығы техникасын шетелден сатып алған кезде шаруашылыққа қосылған құн салығын есептеуге құқық беріп келген болатын. «Целинное-2004» ЖШС өкілі Елена Пригоженконың айтуынша, кәсіпорын екі Bourgaul бидай себу кешенін Канададан сатып алыпты. Техника кедендік ресімдеуден өтіп, Қазақстанға биыл көктемде, атап айтқанда, 30 наурызда және 13 сәуірде енгізілген. Ал 17 сәуірде министрліктің жаңа бұйрығы күшіне еніп, бірқатар импорттық техника салығы осы әдіспен есептелетін тізімнен алынып тасталған. Бұл тізімге Кеден одағының сыртқы экономикалық қызметінің тауар номенклатурасы коды да енгізіліпті. Шаруашылық сатып алған техника дәл осы кодқа жатады екен. Бұған қоса, дәл осы бұйрыққа сәйкес тізім құрастыру ережелерінен өндірушінің атауын көрсете отырып, Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас тауарларды өндіру көлемі туралы уәкілетті мемлекеттік органның қорытындысын қоса беру керектігі туралы норма да алынып тасталған. Шаруашылық өкілі мұнымен де келіспейді.
«Былтыр кәсіпорын ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту және жұмыс орындарының жағдайын жақсарту мақсатында тұқым себу кешендерін сатып алу туралы шешім қабылдады. Заңнаманы сараптай келе, біз алдымен Қазақстан аумағында отандық өндіруші шығарған мұндай техника бар-жоғын тексеруіміз керек екенін білдік. Болмаған жағдайда ғана, оны шетелден сатып алған кезде Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес қосымша құн салығы есепке алынады. Яғни, мемлекет отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында заңда бұл тізімге Қазақстан Республикасының аумағында өндірілмейтін тауарлар енгізілетінін көрсеткен. Алайда, нәтижесінде сатып алынған техниканы елге әкелген кезде біз қосымша құн салығын есепке алу түріндегі мемлекет ұсынатын преференциялардан айырылдық. Яғни, тізімнен бұл тауар түрінің алынып тасталғаны оның Қазақстан аумағында шығарыла бастағанын білдірсе керек», – деп шағымданған Елена Пригоженко алынып тасталған тармақ пен Сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасы кодын қайтаруды өтінді. Оның айтуынша, бұл Салық кодексінің 427-бабының 1-тармағына қайшы. Сондықтан кез келген өзгеріс негізделген болуы тиіс деп санайды ол.Бар гәп мынада. Қазіргі уақытта Қазақстан аумағында ауыл шаруашылығы өндірісінің тізбесі жоқ. Сондай-ақ осы мәселемен айналысатын мемлекеттік орган да белгіленбеген. Ол орган өндірушінің атауы мен өндірістің нақты көлемін көрсете отырып, Қазақстан Республикасының аумағында ұқсас тауарларды өндірудің жылдық көлемі туралы қорытынды берер еді. Ауылдағы ағайынның жанайқайы Сондай-ақ кәсіпкерлерді №2 жылу-электр стансасының жылыту маусымына әзірлігі де толғандырады. Бұл сұраққа жауап берген облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәселе жергілікті биліктің бақылауында екенін, жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын, қыста 12 қазандық агрегатының 11-і жұмыс істейтінін жеткізді.
«Биыл құлаған мұржаны толығымен бұзып, орнына басқасын тұрғызамыз. Екінші мұржа да ескірген. 1-2 жылдан соң ол да бұзылады», – деді өңір басшысы.Ал ауылдағы ағайынды толғандыратын мәселе басқа. Олар елді мекендердегі бизнес-қауымдастықты қолдау тетіктерін енгізіп, банктердің кепілдеме саясатын өзгерту керек деп санайды. Жеке кәсіпкер Юлия Джемалединованың айтуынша, екінші деңгейлі банктер мен қаржы институттары ауылдық жерде орналасқан жылжитын және жылжымайтын мүлікті кепілдікке қабылдамайды.
«Мәселен, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның жылжымайтын мүлікті бағалау анықтамалығы бойынша бағалары «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның қолданыстағы бағаларынан жоғары. Айырмашылық 40-50 пайызды құрайды. Нақты бағаларды қолдану әрбір қарыз алушыға қаржыландыру сомасын едәуір ұлғайтуға мүмкіндік берер еді. Ауылда жаңа бизнес ашу және жұмыс істеп тұрған бизнесті кеңейту үшін қолжетімді несие қажет. Ауылдық жерлердегі кәсіпкерлердің қарыздарын қамтамасыз ету ретінде «Бәйтерек», «Даму» холдингтері сияқты мемлекеттік қаржы институттары мен ұйымдарының кепілдіктері көзделсе екен дейміз. Кепілге қойылатын талаптарды төмендету үшін мемлекеттік қаржы институттарының кепілдік саясаты қайта қарастырылса жақсы болар еді. Бұл шаралар кәсіпкерлерге, соның ішінде жастарға ауылдық жерлерде өз кәсібін бастауға, кеңейтуге мүмкіндік береді», – дейді Юлия Александровна.Елімізде кәсіпкерлік саласына тиісті қолдау жасалып-ақ жатыр. Әйтсе де, отандық өнеркәсіптің көкжиегін кеңейтіп, талай адамның жұмыспен қамтылуына мұрындық болып жүрген кәсіп иелері өздерін мезі еткен ортақ мәселелердің оңтайлы шешілгенін қалайды.
Солтүстік Қазақстан облысы